Облыстық білім беру басқармасының ұйытқы болуымен «Сіздің спорттық мүмкіндіктеріңіздің жазы – 2023» акциясы аясында спорт түрлері бойынша қалалық жарыс өтті. Оған облыс орталығындағы бірқатар мектептен 200-ден астам оқушы мен «Сантос» балалар футбол клубының тәрбиеленушілері қатысып, өзара сайысқа түсті.

Спорттық сайыста белсенділік танытқандардың қатарында Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп, К.Мақпалаев атындағы жалпы білім беру мектептері және №14, 17, 26, 29, 36, 41 білім ордаларының 1-10 сыныбында оқитын спортқа құштар шәкірттері бар. Олар асық ату, баскетбол, волейбол, футбол, тоғызқұмалақ, шахмат және «Көңілді старттар» ойындары бойынша қабілет-қарымы мен шеберліктерін сынға салды. Аталмыш шара Мәшһүр Жүсіп атындағы мектеп базасында өтті. Оны оған қатысатын білім беру ұйымдарының дене шынықтыру пәні мұғалімдері ұйымдастырды.

— Ойындардың осы мектепте өтуі тегін емес. Себебі, бұл білім ордасында балалардың спорт түрлерімен айналысуы үшін барлық жағдай жасалған. Яғни, мұнда футбол, волейбол, баскетбол, үлкен теннис алаңы, тренажерлер, жүгіру жолдары бар. Жалпы, мектептің спорт алаңы балалар мен ересектер үшін тұрақты әрі сүйікті демалыс орнына айналды. Жазғы демалыс кезінде осында спортпен шұғылдану үшін келетіндер қатары көбеюде, — дейді Павлодар қалалық білім беру бөлімінің әдіскері Балжан Әділханова.  Қызықты да мазмұнды өткен жарыс қорытындысы бойынша баскеткетболдан 1 орынды №26 мектеп, 2 және 3 орынды №36 мектеп (2 топ), 4 орынды №14 мектептің ұлдар командалары еншіледі. Ал қыздар ара-сында өткен баскетбол жарысынан 1 орынды №26 мектеп, 2 орынды №41 мектеп, 3 орынды №14 мектеп оқушылары алды. Волейболдан ұлдар арасында 1 орынды №29 мектеп, 2 орынды К.Мақпалеева атындағы мектеп, 3 орынды Мәшһүр Жүсіп атындағы мектеп оқушылары иеленді. Шахматтан 1 орынды Мәшһүр Жүсіп атындағы мектептің шәкірттері Нұрлан Ибраһим мен Советбек Мұхамедкәрім, 2 орынға Қ.Бекхожин атындағы мектеп оқушысы Айтбай Әбілмансұр мен Мәшһүр Жүсіп атындағы мектептен қатысқан Мансұр Арғынов лайық деп танылды. Сондай-ақ, «Көңілді старттар» ойыны бойынша 1 орынды №17 мектеп, 2 орынды №29 мектеп оқушылары бөлісті. Ал тоғызқұмалақтан 1 орынды №17 мектеп оқушысы Виктория Ерофеева мен Мәшһүр Жүсіп атындағы мектептің намысын қорғаған Нұрлан Ибраһим алды. Жүлделі 2 орынды тағы да Мәшһүр Жүсіп атындағы мектеп шәкірттері Мансұр Арғынов пен Советбек Мұхамедкәрім олжалады. Футболға келетін болсақ, «Сантос» клубы спорт фестивалі аясында өз топтары арасында жолдастық кездесулер өткізді. «Ирбиса» командасы «Тигрята – 1» командасын жеңді, ал «Тигрята – 2» ойыншылары «Орлята» командасының жігіттерін басып озды. Соңғы кездесуде әдемі ойын көрсеткен «Акулята» және «Ястребята» командалар бақ сынасып, матч «Ястребята» командасының пайдасына шешілді. Облыстық білім беру басқармасы өкілдерінің айтуынша, мұндай спорттық шаралар «Сіздің спорттық мүмкіндіктеріңіздің жазы – 2023» акциясы аясында аймақтағы барлық мектепте өтеді деп жоспарлануда.

Нұржайна ШОДЫР.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.