Ертең ел мектептерінде «Алғашқы қоңырау» салтанаты өтіп, тағы бір жаңа оқу жылының есігі айқара ашылмақ. Бұл жылы да павлодарлық ұстаздардың айы оңынан туып, шәкірттеріміз биік белестерді бағындырады деген үміттеміз.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, биыл өңірдегі 361 мектепте 115 мыңға жуық оқушы оқиды деп жоспарлануда. Олардың қатарындағы 11827 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр. Ең бастысы, бүгінде барлық бала мектеп оқулығымен толық қамтылған. Басқарма мамандарының айтуынша, осы оқу жылында 323 мыңнан астам жетіспейтін оқулық пен оқу-әдістемелік кешен сатып алынған. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтағы отбасыларының балалары үшін де барлық жағдай жасалуда. Облыстағы осындай 12 514 оқушыға мектеп формасы, кеңсе тауарлары, басқа да қажеттіліктері үшін жаппай оқыту қорынан қаржылай көмек берілді. Бұл мақсатқа 614,4 млн теңге жұмсалған. Сондай-ақ, биыл да аз қамтылған отбасының балалары мен бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылмақ. Алдағы оқу жылында 47 мыңнан астам баланың тегін тамақтануы үшін 3,6 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі таңда аймақтағы 172 елді мекендегі 6932 оқушы жақын ауылдардағы мектептерге келіп оқитын болады. Оларды тасымалдау үшін 127 бірлік автокөлік жұмылдырылған. Ағымдағы жылы автобус паркі жаңартылып, қосымша 46 мектеп автобусы берілген. Осылайша, облыс оқушыларының сапалы білім алуына, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға айрықша назар аударылуда. Бұл жөнінде аймақ басшысы жуырда өткен павлодарлық педагогтердің алқалы отырысында да мәлім етті.

— Соңғы жылдары білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықпен қамтамасыз етуге арналған бюджет шығындары 3 есеге ұлғайтылды. Мәселен, 3 жылдың ішінде 165 мектепке 20 миллиардқа жуық қаражат бөлініп, тек биыл 33 мектепке толық жөндеу жұмыстары жүргізілді, — деді Асайын Байханов. Осындай мол мүмкіндіктер жасалып жатқан білім беру саласына сәттілік тілеп, жаңа оқу жылы табысты болсын дейміз.

Нұржайна ШОДЫР.

Сурет газет мұрағатынан алынды.