Соңғы күндері өңірде қатты аяз болып, желдің екпіні күшейді. Мұндай жағдайларда жол қозғалысы шектеліп, білім беру процесінде өзгерістер болып жатады. Ауарайының қолайсыздығы салдарынан мектеп оқушыларына басқа форматқа ауысуға тура келеді.  Мектеп оқушылары нақты қандай жағдайда қашықтан оқиды? Сабақ форматының өзгергенін қалай және қайдан білуге болады? Осы және өзге сұрақтардың жауабын білу мақсатында  облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Самал Қадыровамен сұхбаттасқан едік.

— Самал Қанатқызы, қандай жағдайда мектептегі сабақтар тоқтатылады?

— Ауа райының қолайсыздығына байланысты қатты жел, аязды күндері мектепте сабақтар өткізілмейді. Бірақ бұл сол күні сабақ мүлде болмайды деген сөз емес. Оқушылар сабақтарын қашықтық форматында оқиды. Мұндай жағдайда метеостанция ауа райының қолайсыздығы туралы алдын ала хабарлап, жергілікті білім бөлімдеріне ақпарат түсіреді. Ал қалалық, аудандық білім бөлімдері міндетті түрде таңғы сағат 7.00-ге дейін бұл ақпаратты сайттарына орналастырып, әлеуметтік желілерде жариялап, сабақтардың қашықтан өтетінін хабарлайды. Яғни, алдын ала хабарлама таратады.

— Әр сыныпқа белгіленген параметрлерге тоқталсаңыз…  

— Сабақты қашықтық форматқа ауыстырудың белгіленген пара-метрлері бар. Мәселен, желдің жылдамдығы 2-4 м/с, ауаның температурасы -25 градустан төмен болғанда 0-4 сыныптарға мектепте сабақ өткізілмейді. Ал желдің жылдамдығы 2-4 м/с болып, термометр бағаны — 30 градустан төмен болса және желдің жылдамдығы 5 м/с, ауа температурасы -29-дан төмен болса, 0-9 сыныптар қашықтықтан оқиды. Бұл күндері мұғалімдер ауа райына қарамастан мектепке келіп, сабақ кестесіне сәйкес оқушыларды қашықтан оқытады.

— Жоғары сынып оқушылары қай кезде қашықтан оқиды?

— Желдің жылдамдығы 2-4 м/с, ауаның температурасы -33-тен төмен болса немесе желдің екпіні 5 м/с болып, термометр бағаны -30 градустан төмен түссе, 0-11 сыныптар қашықтан оқиды. Ал колледждердің 1-курсында оқитын студенттер сабақтан босатылады. Аязды күндері, көктайғақ кезінде жақын ауылдардан қатынап оқитын студенттерді сабаққа келуге мәжбүрлемейміз.

— Күн аязда, қатты желде балабақшалар қалай жұмыс істейді?

— Балабақшалар ауа райына қарамастан, штаттық режимде жұмыс істейді. Себебі жұмысқа баратын ата-аналар балаларын балабақшаға әкеледі. Бір айта кетерлігі, суық күндері балабақшаға баласын апаруды қаламайтын ата-аналар оларды үйде алып қала алады. Босатқан күні үшін анықтама тапсыру қажет емес.

— Ақпаратыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан – Торғын ОРАЗАЛЫ.