Облысымызда санитарлық автопарк толығымен жаңартылады. Ауылдық аймақтың тозығы жеткен медициналық көліктері жаңасына алмастырылатын болады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов мәлімдеді.

Айдар Кенжетайұлының айтуынша, жыл сайын автопарктерге жаңа көліктер жеткізілетін болады. Осылайша, үш жылда санитарлық көлік паркін толығымен жаңарту көзделіп отыр.

— Қаладағы санитарлық көлік паркі 2020 жылы толығымен жаңартылды. Алдағы уақытта ауылдық аймақта 2016 жылдан пайдаланылып келе жатқан санитарлық көліктердің орнына жаңа техника алынады. Әр аудан орта есеппен үш-төрт көлікпен қамтылады. Биыл аудандық ауруханаларға 37 санитарлық көлік сатып алу жоспарланып отыр, – деді облыстың бас дәрігері.

Спикердің мәлімдеуінше, биыл облыста 16 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіледі. Алдағы екі жылда ауылдарда 30 медициналық нысан салу жоспарлануда. Сонымен қатар, 2023-2024 жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша медициналық ұйымдарға жоғары технологиялық медициналық жабдықтар алынбақ.

Атап айтқанда, Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана магниттік-резонансты томогра-фия, кардиологиялық орталық компьютерлік томография, №3 қалалық аурухана КТ және ангиографиялық аппаратпен жабдықталады. Сонымен қатар, медицина саласын дамытуға бөлінген 4 млрд теңгеге жуық қаражат қажетті қондырғылар алуға жұмсалмақ. Оның басым бөлігі «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында қымбат медициналық жабдықтар алуға бағытталған.

Сондай-ақ, облыстық бюджет қаражаты есебінен ауруханалар офтальмологиялық хирургиялық жабдық, рентгендік жылжымалы медициналық кешен, стационарлық цифрлық рентген аппаратымен толығады.

Медициналық мекемелерді кадрлармен қамтамасыз етуде түйінді мәселелер бары жасырын емес. Өңірге 167 кәсіби білімді маманға сұраныс бар. Былтыр облысқа 112 дәрігер, биыл 25 дәрігер келген. Осы жылдың соңына дейін облыстың медицина саласы 137 маманмен толықпақ.

Мемлекеттік қолдау аясында келген мамандарға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме жәрдемақы, 1500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жеңілдікті несие, ведомстволық және жалға берілетін тұрғын үй беріледі. Ауылдық жерлердегі медицина қызмет-керлеріне 25 пайыз үстемеақы төленіп, қатты отынмен қамтамасыз етіледі.

Т.ӘБІЛДА.