Қазір абаттандыру жұмыстарының нағыз қызған шағы. Қалыпты ауа райы жағдайында жоспарды уақытылы орындауға мүмкіндік бар. Бастысы – сапалы атқарылса болғаны. Бұл ретте, облыс әкімі Асайын Байханов облыс орталығындағы абаттандыру жұмыстарының барысын тексерді.

Аймақ басшысы жұмыс сапарын Красноярская көшесі, 50 мекенжайындағы ауладан бастады. Мұнда биыл жаңа балалар ойын алаңы орнатылған. Тұрғындар бұған дейін бірнеше рет жергілікті әкімдікке өз аулаларын абаттандыру мәселесі бойынша жүгінген болатын. Өтініш жерде қалмады. Жалпы, биыл шаһарда барлығы 150 аула абаттандырылады. Тиісті жұмыстар 3 кезеңге бөлінген. Бүгінде 57 аулада дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтсақ, алаңдардың орны белгіленіп, жақын арада ойын элементтері орнатылады. Әкім барлық жұмыстарды сапалы жүргізіп, осы жылдың қыркүйек айының соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Шаһарда спорт алаңдарының құрылысы да жалғасуда. 15 маусымға дейін 20 стритбол алаңы орнатылмақ. Қазір 15 аулада жұмыстар аяқталды. Асайын Байханов Российская көшесі, 22-үйінің ауласында болып, жұмыстар аяқталған жерде тұрғындармен жүздесті. Өз кезегінде тұрғындар орындалған жұмыстарға көңілі толатынын білдірді. Стритбол алаңынан бөлек, мұнда көпшіліктің өтініші бойынша егде жастағы адамдардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін үстел мен орындықтар қойылған. Жылумен жабдықтау желілерінде орын алған ақауларды жойғаннан кейін асфальт жабынын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп, ағаштардың бұтақтары кесілген. Осы көше бойындағы 6 көпқабатты үйдің тұрғындары барлық атқарылып жатқан жұмыстарға қанағаттанып отырғанын жеткізді. Олар балаларға арналған ескі ойын алаңын жаңартып, зейнеткерлік жастағы адамдардың спортпен айналысуы үшін көше тренажерларын орнатуды сұрады. Өңір басшысы қала әкіміне мәселені зерделеп, оларды 2023-2024 жылдары орнату мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Биыл балабақшалардың аумағын асфальттау жұмыстары да басталды. Бұл мәселе бойынша қала тұрғындарынан көптеген өтініш келіп түскен. Балабақшаларда асфальт жабыны ондаған жылдар бойы жаңартылмаған. Асфальтты ауыстыру жұмыстарын мектепке дейінгі 43 мекемеде жүргізу қажет. Биыл 30 балабақшаның ауласында асфальт жабынын жаңарту жоспарланған. Жұмыстар қазірдің өзінде жүріп жатыр, оларды шілде айының соңына дейін толықтай аяқталады.

Асайын Байханов №12 балабақшада жүргізіліп жатқан жұмыстарды тексерді. Жұмыс сапасы мен қарқынымен танысу қорытындысы бойынша өңір басшысы биыл қалған 13 балабақша бойынша шығындарды үнемдеу есебінен жұмыстарды жүргізуді тапсырды. Осылайша, 2023 жылы облыс орталығының мектепке дейінгі мекемелерінде асфальт жабындары 100% жаңартылады.

Сондай-ақ, биыл қала көшелерінде бұрын асфальт жабыны болмаған немесе толық жаңартуды қажет ететін жаяу жүргіншілер жолдарын салу жалғасуда. Жоспарланған жұмыстар көлемі 13,9 шақырымды құрайды. Жұмыстар 16 учаскеде жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда олардың 8-і аяқталды, 5 учаскеде жұмыстар жүріп жатыр және жақын арада мамандар қалған 3 учаскеде жұмысқа кіріседі.

Облыс әкімі бұл қала тұрғындары үшін қолайлы орта құрудың маңызды бөлігі екенін атап өтіп, ыңғайлы өтпелердің құрылысына және оларға тегіс көшуді ескере отырып, жиек тастарды жайлы етуге назар аударуды тапсырды.

Жаңа асфальт бұрын топырақ жамылғысы болған жеке сектордың 55 көшесінде де пайда болады. Бүгінде тиісті жұмыстар 18 учаскеде аяқталды. Қазір Затон шағын ауданындағы шағын саябақтарда жұмыс жүріп жатыр, содан кейін бригадалар Горторг шағын ауданының көшелерін асфальттауға кіріседі. Жалпы жұмыс көлемі 35 шақырымды құрайды.

Бұл күні аймақ басшысына жаңа тазалау техникасы таныстырылды. «Холдинг-Транс-Павлодар» ЖШС 4 вакуумдық жинау жүк көлігін сатып алды. Жаңа мамандандырылған техника шаң-тозаңды көтермей көшелерді тазалауға мүмкіндік береді. Көліктердің көлемі 1,5 шаршы метр арнайы су ыдысымен, қоқыс жәшігімен, шаң жинағышпен және т.б. құралдармен жабдықталған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.