Аяз тағы да екібастұздықтарды әбігерге салды. Нақтысы, желтоқсанның 10-ы түнде «Екібастұз жылуэнерго» орталығында күл құбыры зақымдалып, сорғы аумағын су басты. Сондықтан мамандар резервте тұрған екі энергоблокты іске қосып, таңғы 5.30-да ақауды жойды. Жергілікті билік кәсіпорынның мамандарымен бірлесіп, қалалықтарды аязды күні тоңдырмаудың әрекетін қолға алды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, мамандар станциядағы жеті қазандықтың (Nº 5, 6, 7, 9, 11, 13, 14) үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Үш қазандық уақытша мазутпен жұмыс істеді. Сол күні кешке дейін су басқан учаскелер толығымен құрғатылды.  Дер кезінде қолға алынған шаралардың нәтижесінде Екібастұз ЖЭО-да қатты отынмен жұмыс істейтін қазандықтардың жұмысы толығымен қалпына келтірілді. Жөндеу бригадалары екі электр қозғалтқышты ауыстырды, сорғы күл құбырының жұмысы қалпына келтірілді. Мазутпен жұмыс істеген үш су жылыту қазандығы толығымен отынның негізгі түріне – көмірге ауыстырылды. Қатты отынмен жылытылатын қазандықтарды іске қосу сағат 04.30-да басталып, сағат 06.00-де толығымен аяқталды. Осы аралықта жылу көрсеткішінің төмен болуы көмірге қарағанда мазуттан жылу аз өндірілетінімен түсіндірілді.  Кеше облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұздағы ахуалды баяндап, ақаулар жойылғанын, гидравликалық режим қалыпқа келтірілгенін мәлімдеді. Станция жұмысы берілген параметрлерге қайта оралды. Орталықта 6 қазандық агрегаты жұмыс істеуде. Оның үшеуі энергия қазандығы болса, үшеуі су жылытатын қазандық. Аймақ басшысы ЖЭО-дан шыққан температура 79 градусқа көтерілгенін айтты. 90 градусқа жеткізу көзделуде. Сәйкесінше, бірнеше сағаттан кейін тұрғындар жылудың көтерілгенін пәтерлерінде сезінуі тиіс, деді облыс әкімі. Аязға байланысты кеншілер қаласының 1-9-сынып оқушылары қашықтан оқуға ауыстырылды. Осы ретте, облыс әкімі тұрғындарды тиісті қызмет мамандарының ауа райына байланысты ескертулері мен ұсынымдарын сақтауға шақырды. Алда әлі аязды күндердің күтілетінін ескерген аймақ басшысы ахуал әрдайым бақылауда болатынын атап өтті. Желілердің тозуы- нан түрлі жағдайлар болуы мүмкін екендігін де жоққа шығармады. Десе де, ақауларды дер кезінде жоюға бар күш-жігер салынатынын айтты. Ал жылу көрсеткішіне байланысты шағымдар болса, әлеуметтік желі арқылы жеткізіп отыру қажеттігін еске салды. Тиісті органдар кемшіліктерді жоюға шаралар қолданады. Айта кетейік, өткен демалыстағы сары аяздан Екібастұздан бөлек, еліміздің тағы бірқатар қаласының жылу орталықтарында апат орын алды. Мәселен, Ақтау, Көкшетау, Теміртау, Балқаш қалаларында жылу орталықтары мен желілерде ақаулар тіркеліп, тұрғындар қақаған аязда қалтырауға мәжбүр болды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы өңірлердің әкімдерімен жылу беру мәселесін талқылады. Атырау, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау облыстарының әкімдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақ тұрғындарын жылумен және сумен қамтамасыз ету мәселесі жөнінде есеп берді. Президент апат болған учаскелердегі жағдайды шұғыл реттеп, халықты жылумен және сумен қамту ісін тез арада қалпына келтіруді, барлық елді мекендегі коммуналдық желілердің үздіксіз жұмысын жолға қоюды талап етті. Үкіметке жылыту маусымына дайындық кезінде олқылықтар жіберілгені туралы айтылды. Үкімет басшылығы еліміздегі тозығы жеткен энергетикалық инфрақұрылымдағы бұзылу жағдайларын қоспағанда, жалпы ахуал бақылауда екенін мәлімдеді. Апаттық жағдайларға жол бермеу шаралары қабылданып жатыр. Мемлекет басшысы берілген тапсырмаларды орындау үшін Үкіметке және облыстардың әкімдеріне жеке-жеке жауапкершілік жүктеді.

Г.МАҒЖАН.