Екібастұз және Павлодар қалаларында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр жұмыс барысымен танысып, жөндеу ісінің қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.

Роман Скляр Екібастұздағы жылу-электр станциясында болып, тәулік бойы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерді аралады. Жалпы, орталықтағы 10 қазандықтың барлығын жөндеу көзделген, оның ішінде 8 қазандықта күрделі жөндеу жүргізіледі. Бюджет қаражаты есебінен 5 су жылыту қазандығы күрделі жөндеуден өтуде. «ОАЭК» АҚ қаражаты есебінен 5 энергетикалық қазандық, сондай-ақ, қосалқы жабдықтар, ғимараттар мен құрылыстарға күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіледі.

1 шілдеде №7, №9 қазандық-тарды жөндеу аяқталды. №6 энергетикалық қазандықта және 5 су жылыту қазандығында жөндеу жұмыстары 18 тамызға дейін жалғасады. №11, 14, 15 су жылыту қазандықтарында жаңа жабдықтарды құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде: экрандық панельдерді, газ құбырларын, конвективті пакеттерді және құбырлы ауа жылытқыштардың текшелерін монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Барлық учаскеде жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес атқарылуда.

— Жылу беру маусымының басталғанға дейін барлық жұмыс аяқталуы тиіс. Тиісті қаражат бөлінді, жұмыстар жүргізілуде, — деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

Сондай-ақ, Роман Скляр 4 жылу магистралін жаңарту жұмыстары қолға алынған учаскелерде болды. Мұнда 5,4 шақырым желі толығымен жаңартылады.

Облыс әкімі Асайын Байханов бүгінгі таңда аталмыш учаскелерде 1,9 шақырым жаңа желі салынғанын атап өтті. Жұмыстар белгіленген кестеден алда келе жатыр. Осыны ескерсек, жоспарланған жұмыстың барлық көлемін осы жылдың тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Екібастұзда әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді жылу беру кезеңіне дайындау белсенді жүргізілуде. Қазіргі уақытта гидравликалық сынақтар барысында анықталған барлық 269 ақау толық көлемде жойылды. 690 көпқабатты үйдің 568-інде сығымдау, жүйелерді жуу аяқталды. Басқару нысаны жоқ 182 көпқабатты үйде қала құраушы кәсіпорындар дайындық жұмыстарын қолға алды. Шілде айының соңына дейін барлық жұмыс аяқталады.

Сонымен қатар, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Павлодар қаласындағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысын да тексерді. Мұнда негізгі 40 жабдықты жөндеу және 49,1 шақырым жылу желісін қайта жаңарту жүргізілуде. Облыс орталығындағы жылу желілерінің тозуын азайту мақсатында 2023 жылы алғаш рет кварталішілік желілерді қалпына келтіру жұмыстары басталды. Барлығы 11,7 шақырым жаңа желі салынатын болады.

Бірінші Вице-Премьер жылу желілерін жөндеу жұмыстарының мерзімінде орындалуы және өңірдегі жылу беру маусымына дайындық Үкіметтің басты назарында болатынын және облыс басшылығы ерекше бақылауына алуға тиіс екенін атап өтті. Павлодардағы Ертіс өңірінің тұрғындары үшін алдағы жылу беру маусымының сәтті өтуі жергілікті билік пен мердігерлік ұйымдардың үйлесімді жұмысына тікелей байланысты.

Өз тілшіміз.

Суреттер primeminister.kz сайтынан алынды.