Баянауылдай бауыры тарихқа сыңсыған, әр шиінің түбі сауырлы сөзге тірер ел туралыайту үшін білім мен кісілік қатар керек. Шендесе алмасаң шет жайла.
Арғы-бергі сөзі аңызға бергісіз осы өлке алтын құрсағы талмай ұлыларын ұсына береді. Бүгінгі сөздің себепкері — ардагер ұстаз, ескі сөздің жоқшысы, бүгінгі сөздің жығылмас жалауы Зекебай аға Солтанбайұлы.
Зекебай аға өмірден озыпты! тоқтатыпты.
Ел дегенде Зекебай ақсақал деуші ек…
Елмен бөлінбес, біте қайнасқан бәйтерек бүгін құлапты.
Жапырықтары қалыпты соңында…
Сіз бен біз қалдық. Осы шақта арзан шумақшыл, орынсыз оралымды қара өлеңнің қадірін қашырған бос әулекі, арзан ойлы қулығын шырға жасаған шырайсыз жұрт ішінде асыл сөздің айнымас шырақшысы Зекебай аға туралы айту — баққа бергісіз міндет. Бүтін тағдыры, тіршілік тынысы Сөзге мінәжат, туған елден туын әкетпей, мызғымай, құлай көшпей ел бәйтерегіндей ғұмыр кешкен Ұстаз Аға ғұмырымен де үлгі, сынбас, азбас ақ жолдай. Зекеңнің әр кітабын шарпынды шолмай, еңсере қарадым. Әр әріптен, жолдар мен абзацтардан сынамасы көп Сөзге адалдық көрінеді. Зекебай аға шет жайлап, ары аунап жаңа жайлау іздеген жоқ. Өлең өлкесінде, өнер өлкесінде берік қоныс тепті де, қала берді. Ұлы Мұхтар айтар «жыл құстарындай…» жылылық та іздемеді. Туған ауылын, бағасы асқақ Баянауылды жырымен жылытып, атақ-даңқты алыстан іздемей, тамырын еліне жайды.
Алғашқы адымдар ішінде бөлегі — «Шофердің шағымы«. Осындағы мынау бір жолдар тосын жанды таң етеді. «Жер қайысқан алтын шашақты ару бидай бойжетіп қалғанын сездірген қалыңдықтай шолпы сылдырын естіртеді.» Бұл — 1958 жылы «Қызыл ту» газетіне шыққан мақала. Әр жол піскен, толысқан қаламгердің тынысын сездіреді. Ендеп кірсе көлемді шығармаға қол созар қуатты ұғындырады. Өмір деген қуатты ағыста әдебиетке адалдық, тап жолдан таймай қадірлі қазақ жаны Сөзбен қатар ғұмыр кешу азға ғана бұйырған Жаратушы сыйы болса керек. М.Әуезов, С.Мұқанов, М.Мағауин секілді асылдар жолының сілемі жалынды даңғыл болып Баянауылда қалыптасыпты.Ол — Зекебай Аға жолы. Туған жерінен жылыстамаған Абай — Қасқабұлақ, Мәшһүр Жүсіп — Баянауыл, Л.Толстой — Ясная Поляна, Шекспир- Стартфорд, т.б. секілді ұлылар ғұмырымен салыстырдым Ағаны. Кемдігі жоқ екен. Кей тұста асқаны болмаса.
Ұстаз еді ағамыз.
Мен секілді ұстаз алдын көп көрген жанға көрінген көпек таң емес. Десек те, бар ғұмырын бір мектепке берген, бір білім ордасында 34 жыл директор болған жан туралы айту — шын мәртебе.Әлем тарихында әр түрлі ұстаздар болды.Екінші ұстаз Әл-Фарабиден бастап қазақ елі мұғалімге тәнті емес. «Баяндағы байырғы білім ордасы» атты мақала («Сарыарқа самалы» 2003 ж.) осы мектепте қолтаңбасы ғана емес, ғұмыры мен жүрегі қалған жанның СӨЗІ! Әшірбек байдың бес бөлмелі ағаш үйінен әкеліп салынған мектеп жайлы махаббатпен айтады ардагер мұғалім. 1942 жылы өзі ән салған мектеп сахнасы да айтушы кейіпкер үшін ғана емес, көзі қарақты оқырманға да қызық. Сол кездегі бар жұмысқа жегілген мұғалімдер бейнесі Б.Майлин, Е.Бекенов жазбаларындай көз алдыма келіп, ескі тұрпаттарды оятты. Соғыс кезінде мұғалім болып келген 9-сынып оқушысы Сыздықов Қайрат есімді жан суреті сол шақтағы ауыр кез, салбыраңқы қабақ, ысқырынды ызғар жан қарытты. Империялар ұлы майданға кіргенде қабырғалары бырт-бырт сынған шағын мектеп келмеске кеткен мұғалімдерін жоқтап қан құсатындай, Зекебай ағаның осы жолдары күнәсіз сәби жүректің жоқтауындай білінді. Қайта-қайта салынған осы шағын мектеп білім үшін күрескен қазақ халіндей оқып отырған жанды шаршатады. Ал сол мектепте жан алып, жан берген мұғалімдер қауымы бар марапатқа, кейінгі тарих рахметіне лайық. Мектептің төбесі құлап, 40 градус аязда балаларды құтқарып қалған З.Солтанбаев, С.Бектеміров, Е.Әлтаев еңбегі — ұстаздықтың шын ұшар басы. Автор Зекебай аға әр істе мен істедім, мен ғана жүрдім деп бүгінгі бөспелердей жеке шыға шаппайды, әр жанға, қатарласқа деген құрметін шын зиялы, сақи көңілімен білдіріп отырады. Бұл — бүгінгі қат мінез! Зекебай ағада қалған асыл қасиет.Арқаның ақ боранында күркіреген күнмен алысып, балапанын қорғаған қарлығаштай жан ұшырған Зекебай ағалар бүгінгі егемен елдің іргетасын қалады десем, еш артығы жоқ. Жан кешіп жүріп, тағы жаңадан салдырған мектеп үшін істелген қырауыр істер, тоздырылған табалдырықтар келер ұрпақ үшін жасалған МАЙДАНДАР еді. «Сталин жетіжылдық» мектебінен басталып, «Егіндібұлақ орта мектебіне» дейінгі жол, орасан тер төге жүріп қол жеткізген, жас ұрпақ үшін жанын жеген нағыз еңбек торысы, шәкіртін сүйер ұстаз жолы екені анық. Әр басшының алдын тоздырып, «мұғалімдер-дармоедтар» дегенді ести жүріп, тәңірі берген ақындық өнерді тұншықтырып қымтап, шәкірттер үшін бәріне көнген мінез бүгінгіге де таң! Шәкірттерімен бірге 1942 жылы Треблинктегі газ камерасына бірге кірген Януш Корчак мінезі Зекебай ағада да бар! Қанша жазылмаған романдар, поэмалар шәкірт жанында қасым болды!
Зерек ақыл, хас таланттың егесі соны біле тұрып көнді!
Шаһар тартып, бел асқан жоқ, елімен бірге қалды. Жұрт Макаренкосына құмар қоғам да оны байқамаған болар. Зекебай аға Солтанбайұлының педогогикалық- директорлық еңбегі — дендеп зерттеуді керек қылар тақырып.
Әкенің сырын да Зекебай ақсақалдан ұғындық.
Кітап аты «Айшуақ». Алғашында қарап отырып, кітап мұқабасынан ай суретін көргенде ойланып қалып едім. Деталь екен.Автор әке Зекебай жанын жеп жазыпты. «Қайыр, құдай салды, мен көндім» депті. Реквием. Жан жоқтауы. Ішкі егіліс деп түсіндім.
Алғы сөзде қарт әке негізгі ойын айтыпты. «Адам өмірге дұрыс келіп, дұрыс кетуі ләзім».
Бұл — ұлылықтың апогейі. Өмір ат-
ты ұлы жолды басып өтер әрқай-сымызға негізгі мақсұт. Алатаудан биік ақтау, Баяна-уылдан биік байрақ.
11.08.1979 жылы дүниеге келді.
…23.11.2003 жылы өмірден озды. Бұл — кіріспедегі сөз.
Жарық дүние, сен ғана қымбаттысың,
Иілмейтін пендеңе тым қаттысың.
Қапыда ұлынан айырылған қарт
ойшылдың көз қарықтырар, сүйек семдірер ащы жасындай сөздер. Менің есіме Ақжолын айтып бай- байлаған Қотан жырау түсті. Кітап алыстан орағытып басталады. «Кез-кезең» ішінде де өлімнің бірі, автор көрген ажал, Айдаркедей атайының өмірден өтуі айтылады. Дерт меңдеген жанның қалай мәңгілікке аттанғаны тәптіштеле жазылған. Ауыр тән, қызын іздеген көз, құрдасының қасындағы молда, таныс та, бейтаныс суреттер. Автор суық оқиғаларға оқырманды да, өзін де даярлайтындай. Баласы өмірге келердегі өмір таласы, ұрпақ жалғастығы жайлы айдындап айтылады. Қат-қабат өмір әке, ұстаз, азамат, азамат бейнесі әр әріптен сауын айтып соғады. Ары қарай Айшуақтай баланың өмірі жайлы жайлап басталып, ендеп еріте алдыға сүйретеді. Қағылез бала, тапқыр баланың жігіт болғанға дейінгі өмірі мол махаббатпен, суығы жоқ сарказммен жырланады. Иә, қара сөзбен жырланады. Содан соң сәт сағаты соғады. Автоапаттан қайтыс болған кезеңді жан ауырмай оқу мүмкін емес! Абайдың ұлын жоқтауы еске түседі. Русе Лагеркранцтің «Менің бақытты өмірімі», У.Нильсонның «Қош болыңыз, Маффин мырзасы», Ж.Гольдстиннің «Менің досым Бертольд» тектес кітаптарды есімізге түсірдік. Ардагер қаламгермен бірге егілдік, қатар күрсіндік. Бұл әкелердің атынан көз алдында өмірден озған баласына арналған ерекше жан сыры екенін ұғындық! Сөз артық, оқу керек… Ел білімінің бәйтерегі еді Зекебай аға. Алыс ауылда жатқан ақсақалда қайдан академиялық білім болсын дер, көлденең көстең сөзші. Олай емес! Қателесесіз. Ел даналығын сықап жинаған қария ойшыл ақынның тағдырын басынан өткерді. Құр ғұмыр кешіп өмір өткізген, барға қанағатшыл қариялар да бар. Қоғамның толғақты тұсынан қияс тартып, балдақты тұсында бал-бұл жанар егделерді де білемін. Зекебай аға сол көптен әркез биік, бөлек алымды ойды айтып отырар абызы болып ғұмыр кешті. «Кереку атауы — қазақтың көне сөзі» мақаласы соған дәлел. Кереку-
дің негізгі этимологиясы түркі сөзі екенін баса айтады.
«Ел шетіне жау келді,
Кереке болды дегенсіз».
(Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Сайын батыр)
Қорыта келе, Зекебай аға: «Қысқасы, Кереку атауы — кереге қорған, керек қамал, керекті қала деген ұғымды сақтаған киелі ұғым» деп қортады. «Сіз не дейсіз? Билік және бұқара» мақаласында бүгінгі күннің өзекті мәселесін қарт ойшыл сарабдал ақыл, терең жүрекпен пікірін айтады. Зекебай Ел Ақсақалы, табысты Ой Тұлғасы болып ғұмыр кешті. Зекебай ақсақал ел жыршысы болды. Ұлт сөзінің қорғаушысы. Ерліктің, Даналықтың, Ұлылықтың көрінісі өткен күндегі бабаларды айту, ұмытпай дәріптеу — тар жүректі, қысқа тамыр қызғаншаққа бұйырмаған БАҚ ПЕН СОР! Осы үдеден шыққан Зекебай аға. Қосқан жерден емес, тосқан жерден шығар шын арғымақ Алаш мінезі осында. «Дәулетбай батыр», «Төйте тәуіп», «Исабек әулие« секілді туындылар ұлтқа деген, ұлыларға деген құрметті көңілдің рахметті туындай. «Дәулетбай батыр» мақаласында «нақтылық болмауының тағы бір себебі: жергілікті өмірді терең білмейтін шетел тарихшыларының мардымсыз, үстірт, бұрмалап көрсету әрекеттері ғасырлар хикаясын ауыстырып, жалған жасауда«. Бұл мен «ғалыммын» дегеннің жүрегіне жазылар Асыл Пайым! Исабек ишан жайлы сөзінде де, өзі көрген кереметтерді аша айтады, риясыз жазады. Әулиеге деген шын көңілдің шатырсыз, алқалы мадағы білінеді.
Түйте тәуіпті де айта отырып, қазақ ішіндегі дуана жайлы ой бөліседі.
Бұл — кейінгі үшін құнды мәліметтер.
Әлкейге, Сәкенге, Жұбанға арналған жыр жолдары да ұлт ұлдарына соққан оюы деп ұғындық.
Соның ішінде «Адам» кітабы қазақ-
ты ұлықтаған туынды екені анық!
Әсіресе Мәшһүр Жүсіп жайлы дастан-эпопея Зекебай ағамыз емес, ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ҚҰНДЫ ҚАЗЫНАСЫ ДЕП БІЛЕМІН!
Бұл жайлы еңбек — бөлек арна.
Зекебай аға КЕШЕГІ ҰЛЫЛЫҚТЫҢ КӨЗІ, БҮГІНГІ ҰЛЫЛЫҚТЫҢ ӨЗІ болатын!
Сізге құрмет — қазақ әдебиетіне тағзым, деп білген ем.
Хош, Абыз!
Серік ЕЛІКБАЙ,
ҚР Жазушылар одағы
Павлодар облыстық филиалының төрағасы.