Қазақ даласындағы тарихи-мәдени ескерткіштер — ұлтымыздың байлығы, халқымыздың өткенінен сыр шертетін қастерлі мұра. Еліміздің қай өңірі болмасын мәдени-тарихи ескерткіштерден кенде емес. Соның ішінде Павлодар өңірі де бар. Алайда соңғы уақытта ескерткіштердің жағдайы көңіл көншітпей тұр.

Биыл 85 жылдығын атап өтетін Павлодар облысы бай, қайталанбас тарихы мен мәдениеті бар Қазақстанның ірі өндірістік орталығы болып есептеледі. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметі бойынша, өңіріміздің аумағында тарихи-мәдени маңызы бар 283 нысан және монументалды құрылыс бар. Оның ішінде қала құрылысы және сәулет бойынша – 61, тарихи және мәдени ескерткіштер – 20.

Қуантарлығы, соңғы жылдары өңірімізде қазақ халқының зиялылары мен елдіктің қалыптасуында елеулі орны бар, ұлтымыздың бодандықтан босауы үшін басын бәйгеге тіккен, кейін әр қала, ауылды танымал еткен азаматтардың есімін ұлықтау мақсатында ескерткіштер қойылуда.

Мәселен, осыдан бес жыл бұрын облыс орталығындағы Усолка шағын ауданында қолына сырнай ұстап, ән салып тұрған әнші Майраның, үш жыл бұрын қаланың орталығында қазақтың ұлы ақыны, композитор, философ Абайдың, ал екі жыл бұрын ақын, әнші Естай Беркімбайұлының ескерткіші қойылды. Ескерткішпен бірге мәселе де пайда болды. Себебі, кешегі күннің көзіндей, кемел бабалардың өзіндей болған ескерткіштерді жаз болса шаң басып, бояуы түсіп, қыстың кезінде қар астында қалып жатады.

Әсіресе, Павлодар қаласындағы Усолка шағын ауданында орналасқан ұзындығы 3,5 метр, салмағы 270 кг болатын Майра Шамсутдинова бюсті ерекше назар аудартты. Бүгінде оның плиталары түсіп жатыр. Өткен жылы бой көтергеніне 10 жыл болған Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потаниннің монументалды мүсінінің мәрмәр тастары жауын-шашынға шыдас бермей үгітіліп, сына бастаған және бірнеше фрагменттері бүлінген. Сондай-ақ, Қалижан Бекқожиннің монументалды мүсінінің жағдайы мәз емес.

Ол аздай, кей «пысықайлар» бірнеше белгілі тұлғаның құрметіне қоладан құйылған мүсінді қараға бояп, тіпті, реңін кетірді. Ал қоланы бояуға болмайды!

Бұл түйткілді алғаш болып көтергендердің бірі — павлодарлық журналист әрі өлкетанушы Людмила Баюшева. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында осы мәселеге қатысты жазба жариялады.

— Биыл Павел Васильев алаңында тәртіп орнатылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері боялды. Алайда сол бояумен ақынның қола бюсті де қара түспен боялды. Енді бір жылдан кейін бояу жарылса не болатынын елестетудің өзі қорқынышты. Мамандардың айтуынша, қоланы бояуға болмайды. Сондай-ақ, бұл ескерткіш авторына деген құрметсіздік болып саналады. Автормен ақылдаспаған да. Өйткені, кез келген кескіндеме авторы бұған келіспейді. Бояу мүсіннің бет-әлпетін бұрмалайды, портреттік ұқсастық жоғалады, — дейді Л.Баюшева.

ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Гүлнәр Исенова да мүсіндердің қазіргі жағдайына алаңдаулы.

— Жеңіс саябағындағы Ұлы Отан соғысы батырларының мүсіні де қара бояумен боялған. Орындықтарды, қоқыс жәшіктерін қараға боясын. Алайда тұлғаларымыздың мүсінін бояу – бұл надандық, — дейді Г.Исенова.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау бөлімінің басшысы Қайырбек Сартайұлы аталмыш ескерткіштер жергілікті әкімдіктің қарамағында екенін атап өтті. Сондай-ақ, санаулы күн бұрын мәселесі бар мүсіндер қайта қалпына келтірілгенін тілге тиек етті.

— Павлодар қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі 4 маусым күні Павел Васильевтің мүсінін қайта қалпына келтірді. Сонымен қатар, осы бөлім 29 сәуір күні Қалижан Бекқожиннің ескерткіш аумағында тазалау жұмыстарын жүргізді, — дейді Қ.Сартайұлы.

Осы жылы ескерткіштер мен обелисктерді ағымдағы жөндеу жұмыстарына қалалық және аудандық бюджеттерден 16 млн теңге және демеушілердің қаржысынан 1,9 млн теңге бөлінген.

Соңғы кезде мүсіндерді тек ауа райы емес, тұрғындар да әдейі бұзады. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын павлодарлық ер азамат салынғанына 1 жыл болмаған Абай Құнанбайұлының ескерткішіне жұмыртқа мен дәретхана қағазын лақтырған. Алайда ол жеңіл жазамен құтылды.

Бүгінде Үкімет тарапынан ескерткіштерді қатаң түрде қорғауға көңіл бөлініп отыр. Енді мәдени мұраларды бүлдіргендер үстінен қылмыстық іс қозғалатын болады. Мәселен, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің осы жылғы жаңа редакциясында тарихи-мәдени ескерткіштерді қасақана жойғаны немесе оларға зақым келтіргені үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы жаза қарастырылған.

 Түйін:

Ескерткіштерімізді қорғау, сақтау, қайта қалпына келтіру — біздің тарих алдындағы парызымыз. Парызға берік болу — азаматтық, отаншылдық борыш.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.