Павлодар облысы Қазақстандағы палеонтологиялық ескерткіштер саны бойынша алғашқы орындардың бірін алады. Бұл геология және палеонтология мәселелері бойынша өлкеміздің өткенін зерттеуге мүмкіндік береді. Соның аясында жуырда Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің палеонтологиялық коллекциялар каталогы жинағы жарық көрді.

Жинақтың тұсаукесер рәсіміне  Павлодар қаласындағы жоғары оқу орындарының тарихшылары, өлкетанушылары, археологтары, қала кітапханалары мен мұражайларының өкілдері, Павлодар қаласындағы орта мектептер және жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.

– Бұл еңбекте музейімізде осы палеонтологиялық сала бойынша зерттеу жасаған жұмыстардың нәтижесі ұсынылған. Сондай-ақ, музей қабыр-ғасындағы палеонтологиялық жәдігерлер енді. Оның авторы – әріптесіміз, археология бөлімінің меңгерушісі Георгий Пересветов. Сондай-ақ, бұл каталогтың шығуына үлесін қосқан сол бөлімнің қызметкері Надежда Шоминаның еңбегі атап өтуге тұрарлық, – дейді Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары Гүлнәр Нұрахметова. Аталмыш еңбектің авторы Георгий Пересветов  қазақ, орыс және ағылшын тіліне аударылған бұл еңбекті құрастыруға 5 жылдан аса уақыт жұмсалғанын айтады.

– Музейімізде палеонтологиялық ескерткіштер өте көп. Анықталған жәдігерлердің басым көпшілігі осы аймақтан табылған. Павлодар қаласының өзінен табылғанына, осындай жерде тұрып жатқанымызға қуануымыз керек. Кейін жәдігерлердің тарихын жинақтап, жергілікті ғалымдармен ақылдасып, осындай каталог шығаруды жөн санадық. Кітап ежелгі флора мен фауна, Неогендік кезең және төрттік (антропогендік) кезең атты үш бөлімнен құрастырылған, – дейді еңбектің авторы. Аталмыш топтама палеонтологтарға, өлкетанушыларға, тарих және биология мұғалімдеріне, студенттерге, Ертіс-Баян өңірінің тарихына қызығушылық танытатын жандардың барлығына арналған. Салтанатты лента қиылған соң іс-шара қонақтары мен қатысушыларына каталогтар таратылды.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.