Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры ұжымы үшін табысты жыл болды. Республикалық, халықаралық театр фестивальдерінде тамаша өнер көрсеткен ұжымның қоржынына бірнеше жүлде бұйырды. Бұл – өнер ордасында жүргізіліп отырған жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ертіс-Баян өңіріне іс-сапары барысында облысымыздағы белсенді жастармен кездесуге Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының көркемдік жетекшісі Әділет Ақанов Президентпен кездесу құрметіне ие болғанын да атап өткен жөн. Қазақстан Театр сыншылары бірлестігі жүргізген «Қазақстан театрлары – 2023» атты мониторинг нәтижесінде еліміздегі 54 театрдың ішінде Павлодар театры үздіктер қатарынан көрінді. Аймауытов театрының басшысы Арман Темірбек «жылдың театр менеджері» атанды. Сонымен қатар «Сыншылар жүлдесі» сыйлығының «Шетелдік режиссердің жыл қойылымы» аталымымен театрдың жаңа премьерасы ретінде У.Шекспирдің «Ричард ІІІ» қойылымы (режиссері Сергей Левицкий) аталып өтілді. Театр әртісі Бауыржан Манатбекұлы осы қойылымдағы Ричард рөлі үшін «Жыл актері» атанса, Рахат Халық Бекингем рөлі үшін «Екінші пландағы жыл актері», актриса Талжібек Атамбек Королева ана рөлі үшін «Эпизодтық рольдегі жыл актрисасы» аталымына ие болды. Сондай-ақ, театр әртістері – Темірлан Мұқатай У.Шекспирдің «Ричард ІІІ» спектакліндегі эпизодтық рөлі үшін, ал Медет Садығазин Ш.Құдайбердіұлының «Ұждан» спектакліндегі эпизодтық рөлі үшін «Эпизодтық рөлдегі жыл актері» аталымын иеленді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Петропавл қаласында өткен мемлекет және қоғам қайраткерi Темiрбек Жүргеновтiң 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXIX республикалық фестивалiне Жүсіпбек театры Ш.Құдайбердіұлының «Ұждан» (режиссері Азамат Нығманов) спектаклімен қатысып, «Үздік режиссерлік шешім» аталымын жеңіп алып, 1 500 000 теңгелік сертификатқа ие болды. Биыл Жүсіпбек театрының шығар-машыл ұжымы Қазақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері Бикен Римованың 100 жылдығына арналған «BIKEN» I Халықаралық театр фестивалінде Ш.Құдайбердіұлының «Ұждан» спектаклімен өнер көрсетіп, «Б.Римова атындағы арнайы жүлде» аталымына және 700 000 теңге, «Аманат» партиясының арнайы жүлдесі – 300 000 теңге сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар, Жетісу облысы әкімінің Алғыс хатымен және «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының дипломымен марапатталды. Сонымен қатар, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма теат-рында өткен КСРО Халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қ.Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған ІI Республикалық «Сын шын болсын» театр фестиваліне Жүсіпбек театры Ш.Құдайбердіұлының «Ұждан» қойылымымен қатысып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген ұжым «Үздік ансамбль» аталымын жеңіп алды. Театр ұжымы Мәскеуде өткен халықаралық «Подмосковные вечера» фестивалінде Ш.Құдайбердіұлының «Ұждан» қойылымымен өнер көрсетіп, «Үздік ансамбль» аталымын ұтып алды. Осылайша жылды табысты аяқтаған театр ұжымы фестивальдерге қатысуға мүмкіндік жасаған Павлодар облысының әкімдігіне алғыс білдіреді.

Торғын Оразалы.