Павлодарлық опера әншісі, бірнеше халықаралық фестивальдердің лауреаты, Абай әндерінің насихаттаушысы Шахимардан Әбілов Қазақстанның Халық әртісі атанды. Құрметті атақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен берілді.
Республика күніне орай Қазақстанның көрнекті қайраткерлеріне марапаттар табысталды. Осы жылдан бастап «Парасат» және «Ел бірлігі» құрметті ордендерінің қатарына «Қазақстанның Халық жазушысы», «Қазақстанның Халық әртісі» атақтары қосылды. «Қазақстанның Халық әртісі» құрметті атағына опера әншісі Шахимардан Әбілев, белгілі әншілер Рамазан Стамғазиев, Димаш Құдайберген ие болды. Опера әншісі, педагог, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілов Шарбақты ауданы Арбиген ауылында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын бітірген. Әншінің репертуарында бес жүзден астам қазақ, шетелдік композиторлардың ариялары, романстары және әндері бар. Ұлы ақын Абайдың 150 жылдығына орай Шахимардан Әбілев Мәскеуде, Лондонда, Парижде және Қазақстанда жеке концерттерін өткізіп, өнер көрсетті. А.Жұбанов пен Л.Хамиди, П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин», Моцарттың «Қоңырау» және «Фигароның үйлену тойы», Ғ.Жұбанованың «Еңлік-Кебек» операларында ойнады. Англияда, Түркияда, Францияда, Иранда, Польшада, Моңғолияда, Кореяда және ТМД елдерінде гастрольдік сапармен болды. Оның ұйымдастыруымен «Шахимардан достарын шақырады» атты халықаралық опера әншілері фестивалі өткізіліп келді.
Өз тілшіміз.