Шәкен Айманов – қазақ өнерінің шоқтығы биік тұлғасы, талантты актері әрі режиссері. Ол ұлттық театр өнері мен кино саласының қалыптасуы және дамуы үшін бар ғұмырын арнады. Қазақ халқы осынау ардақты ұлымен мәңгі мақтана береді. Биыл ұлы тұлғаның дүниеге келгеніне – 110 жыл.

Талантты тұлғаның мерейтойы облыс және республика көлемінде аталып жатыр. Мәселен, облыстық мәдени орындарда Шәкен Айманов киноларының апталығы өтті. Онда көрермендер бір апта бойы режиссердің фильмдерін тегін көруге мүмкіндік алды.

Апталықтың басталуына орай өткен рухани кеште Ш.Айманов орындаған халық әндері шырқалып, туындылары паш етілді. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі жиналғандар назарына әйгілі жерлесімізге қатысты фотосуреттер мен жеке заттарынан тұратын көрмені ұсынды.

Іс-шара ұйымдастырушысы – Естай атындағы мәдениет сарайының басшысы Сапар Шайхимовтың айтуынша, Қ.Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында 15 ақпаннан бастап Шәкен кинолары тегін көрсетілген. Көрермендер бір апта бойы «Алдар көсе», «Тақиялы періште», «Жамбыл», «Біздің сүйікті дәрігер», «Біз осында тұрамыз», «Дала қызы», «Ән шақырады», «Атамекен» фильмдерін тамашалады. Сондай-ақ, әр ауданның мәдениет үйлерінде де осы фильмдер көрсетілді.

Сондай-ақ, жақында Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен еске алу кеші өтті. Шараға режиссердің туыстары, зиялы қауым өкілдері және жергілікті білім ордаларының шәкірттері қатысты.

Кездесуге арнайы қатысқан өнер майталманының немере туысы Мадина Мұзафарованың айтуынша, Шәкен Айманов өмірде көңілді, жарқын мінезді, кең жүректі жан болған.

– Әкемнің айтуынша, Шәкен атамыз ерекше адам болған. Кішкентай кезінен ауыл ақсақалдары оның бойындағы ерекше қасиетін, дарынын байқаған. Ол кәсіби актерлік әрі режиссерлік білім алмай-ақ, тәжірибелі мамандармен бірлесіп, театрда да, кино саласында да қажырлы еңбек етті. Көптеген фильм түсірді. Осы еңбегінің нәтижесінде екінің біріне беріле бермейтін мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Өкінішке қарай, ғұмыры қысқа болды. Алайда есімі кино, жалпы мәдениет саласында алтын әріппен жазылды, – дейді ол.

Шәкен Аймановтың алғашқы баспалдағы негізінде театрдан басталған. Актер өз шеберлігімен өнер ордасында бәрін де мойындата білген. Театр сахнасында болсын, кино әлемінде болсын, Шәкен Аймановтың қолтаңбасы қалған дүниелердің бәрі ерекше құнды. Шәкен ойнаған Хлестаков («Ревизор»), Ақан сері («Ақан сері-Ақтоқты»), Кассио («Отелло») рөлдері – мәңгілік бейнелер. Актер ретіндегі талантына оның жиырма жылдай театр сахнасында ойнаған рөлдері куә. Ол ойнаған әрбір рөл өзгеше бір әлем, өзгеше бір құдіретті паш ететін. Петруччио, Ақан сері, Абай, сияқты сан рөлдері көрерменін еш жалықтырмады. Кинорежиссердің «Алдар көсе», «Атамекен», «Тақиялы періште, «Атаманның ақыры» және т.б. фильмдері шын мәнінде қайталанбас туынды болып қалды. Экранға шыққанына қырық алты жылға жуықтаған «Тақиялы періште» фильмі әлі күнге көрерменін еш жалықтырған емес. Қырық жылдан астам уақытта бірталай ұрпақ ауысты. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін «Тақиялы періштенің» әрбір эпизодын жатқа біледі. Кино арқылы бүтін бір ұлтты тәрбиелеуге болады. Кино – идеологияның құралы екеніне бүгінгі күні көзіміз анық жеткен. Оған қазақ киносының алтын ғасыры саналған уақыт пен бүгінгі кезең куә.

Шара барысында Шәкен Аймановқа арналған көрме көрермендер назарына ұсынылды. Онда актердің театр қойылымдарында және кино түсірілімдерде киген киімдері және жеке мұрағаттан алынған суреттер ұсынылды. Өнер иесінің киімдерінің Г.Потанин атындағы музейінде сақталуына тарихи мекеме басшысының орынбасары Гүлнәр Нұрахметова себепкер болған.

– 1990 жылы Алматы қала-сындағы М.Әуезов атындағы театрда режиссердің сахналық киімдері бар екенін естідік. Кейін көп ұзамай сол үшін Алматыға арнайы бардым. Онда сол кезде театрдың режиссері Әзірбайжан Мәмбетов болатын. Ол кісімен жүздесіп, жерлесі-міздің театр қойылымдары мен кино түсірілімдері кезінде киген киімдерін сұрадым. Әңгіме басында беруге ниет білдірмеді. Дегенмен, ол кісінің жерлесі екенімізді, бұл заттар музейде сақталатынына сен-діріп, алып келдік. Ол киімдерді актер «Ақан сері – Ақтоқты», «Отелло», «Петруччио» қойы-лымдарында киген, – дейді Г.Нұрахметова.

Шәкен Аймановты еске алу кеші тұлғаға арналған деректі фильммен жалғасып, жергілікті өнерпаздардың әсем әнімен аяқталды.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.