Осындай тақырыппен жақында Ертіс өңіріне танымал ақын, шежіреші, фольклоршы, фотограф, өлкетанушы, айтыскер ақын Қимадиден Нығыманұлының туғанына 100 жыл толуына  орай С.Торайғыров атындағы кітапханада әдеби-танымдық кеш болып өтті. 

Қарт Ертістің жағасында орналасқан Ақтоғай ауданы Серікбай Мүткенов ауылдық округіне қарасты Жаңабет ауылының Қотантерек қыстағында дүниеге келіп жатқанда, ақын, жырау Құдайберген Әлсейітұлы шілдехана үстіне кез келген соң, ата-анасы «есімін қойыңыз» деп өтінгенде: «Қимадиден деген ұстазым болған, сол кісідей ақын болсын» деп ақ батасын берген екен. Ер жетіп, ақындық жолға аяқ басқанда қазақтың ақиық ақыны, жерлесіміз Иса Байзақов атамыздан екінші рет бата алып, халқы еркелетіп «Қимаш» деп атаған.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тауасқан Медет Алпысбайұлы жиынды ашып, ақынның еңбегін зор бағалап, биыл өтетін атаулы іс-шаралар жоспарымен отырған қауымды таныстырып өтті. Ақын Қимашты көзімен көріп, етене араласқан еңбек ардагері, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, ұлт құндылығының жанашырларының бірі Совет Әмірханов кезінде республикалық ақындар жарысына Қимаштың қатысуына мұрындық болғанын, 1978 жылдың қыркүйек айында туған ауылына келіп,

«Су ішсем небір өзеннен,

Ертістің дәмін сезем мен», — деп жырлап өткен жерлес ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың кездесуіне Қимаштың еткен еселі еңбегін, ұмтылысын атап өтті.

Ақынның ұлы Қазбек жиылғандарға әкесінің мәдени мұрасын дамытудағы жұмыстарын атап өтіп, келушілерге ықыласын білдірді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары, сексеннің сеңгіріне шыққан құрметті ардагер Жантөрин Абылай Өкешұлы ақынның өлкетану саласындағы еңбектерін, атап айтқанда Арғын, Бәсентиін, Тапай руларының шежірелерін толықтырғанын, он саусағынан өнер тамған азамат болғанын айтты.

Ақынның туған-туыстары, ұлдары — Қазбек, Ақиқат, қыздары — Ақбала, Ақдидар жиынға қатысты. Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының әртісі, ҚР мәдениет саласының үздігі, Қимаш ақынның немере інісі Руслан Нығыманов ақынның анасына арнаған «Анама» әнін орындады.

«Ақтоғайдың қара нары» атанған, Павлодар облысының, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Бейсенбі Мұқажан, өзі қызмет ететін Ақтоғай мәдениет үйінде ақынның қызы Сандуғашпен кездесу өтетінін, маусымда Қимаштың мерейтойын ауқымды көлемде атап өткізу жоспарда бар екенін, жыл аяғына қарай ақындар айтыс додасын өткіземіз деді.

Айта кетерлігі, әке-шешеміз Қимаш ақынмен, тағдырдың жазуымен құда болып, амандығы түзу ағайын болды. Мектеп қабырғасында талай кештерде ақынның өлеңдерін, кейіннен «Алпыс батыр», «Дала шұғыласы», «Естай» атымен екі рет жарық көрген кітаптарында «Мақаш», «Естай», «Тыңдағы отау» поэмаларын түгелдей оқып шықтым.

Қимаш ақынның жоқтаушысы, жанашыр жиені, жігіттің жақсысы нағашыдан екенін бүкіл болмыс-білімімен дәлелдеп жүрген айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, өлкетанушы, бірнеше кітаптардың авторы, нағашы атасының өмірі мен шығармашылығын зерттеп, тек Қимаш ақынның өмірі ғана емес, сол арқылы өңірдің мәдениеті мен әдебиетіне үлес қосқан Бейбіт Бөженнің еңбегі еселі. Ақынның жиені келген қонақтарға алғысын білдіріп, Қимаштың әлі де жарық көрмеген туындылары барын, атап айтқанда «Атырау» атты роман, тағы басқа өлеңдерін баспадан шығарып, Құдай жазса кітаптың тұсаукесерін де көрер күн алыс емес екенін, маусым айында аудан, облыс көлемінде іс-шара ұйымдастыру ойда барын айтты.

Қайырлы ЕрҒалиев,  облыстық «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі,  Атамекен кенті ардагерлер кеңесінің хатшысы.