Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада үш тілді жетік меңгерген жастар арасында облыстық «Тіл шебері» байқауы өтті. Оған қала, аудандардан 10-нан аса үміткер қатысты.

Аталған байқау қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастарды анықтау, қолдау көрсету, тіл мәдениетін көтеру, үштілділікті насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысының орынбасары Саяуыш Сәдуәқасов бұл байқаудың жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқанын атап өтті.

— Мемлекеттік тіл саясатын насихаттап, үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарға қолдау көрсету мақсатында өткен байқауға аймағымыздың 18-25 жас аралығындағы жалынды жастары қатысты. Олар өздерінің тілді меңгеруге деген қызығушылықтарын, жан-жақты дамығандығын, бәсекеге қабілетті тұлға екендіктерін, тіл мәдениетін толық меңгере алғандықтарын көрсетті, — деді С.Сәдуәқасов.

Қатысушылар байқаудың талаптарына сәйкес «Елтаным» кезеңінде қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, қазақтың жері және оның аймақтары туралы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде баяндау, «Сөзтаным» кезеңінде қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді оқып, орыс және ағылшын тілдерінде мағынасын түсіндіру, «Ойтаным» кезеңінде берілген тақырып бойынша қазақ тілінде эссе жазу сияқты тапсырмаларды орындап, сынға түсті.

Үміткерлердің білімдері мен өнерлерін жергілікті жоғары оқу орындарының ғалымдары бағалап, тілдерді меңгеру деңгейіне, үш тілдегі орфоэпиялық нормалардың дұрыс дыбысталуына, жауаптардың нақтылығы мен дұрыстығына, үш тілде таза сөйлеуіне, сауатты жазу шеберлігіне мән беріп, шешімдерін шығарды.

Барлық қатысушылар Алғыс хаттармен, жүлделі орынға ие болғандар дипломдармен марапатталды.

Айдана БОРАНБАЕВА.