Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №5512 әскери бөліміне әскери борышын өтеуге келген екі жүзге жуық сарбаз Отан қорғауға салтанатты түрде ант берді. Еліміздің әр өңірінен келген жас сарбаздар енді бір жыл көлемінде қала тұрғындарының қауіпсіздігін күзететін жауынгерлік қызметті атқаратын болады.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлағандай, салтанатты шараға әскери бөлім басшылығы мен ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары, құқық қорғау органдарының және «Сарбаздар аналары» комитетінің өкілдері қатысты. Әскери бөлім командирі, подполковник Арман Пернеқұлов жас жауынгерлерге жалынды жігер тілеп, Отан алдындағы борыштарын адал атқаруға шақырды.
— Құрметті сарбаздар, бүгін сіздер Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық демдерің қалғанша адал болуға, егеменді еліміздің Конституциясы мен заңдарын қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант бердіңіздер! Бұл — өте маңызды сәт! Ол үшін осынау байтақ даланы мирас қылып кеткен, ғасырлар бойы ерліктің, табандылық пен батырлықтың үлгісі болған батыр бабаларымыздың жолын жалғастыра білуіміз керек! Жауынгерлік қызметтеріңе адал әрі қырағы болып, бір жылдық әскери борыштарыңды абыроймен орындап, аман-есен үйлеріңе оралуларыңа тілекшімін, — деді ол.
Сарбаздар өз кезегінде «Отан қорғаушы» деген қастерлі ұғымға берік болып, өздеріне сеніп тапсырылған жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқаруға сенімді екендерін жеткізді. Абай, Ақмола, Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан шақырылған отан қорғаушылар жауынгерлік қызметтің қыр-сырын үйреніп, әскери жарғыларды жаттаған.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.