Өткен жылы жүргізілген жүйелі жұмыс нәтижесінде облыста қылмыстық құқықбұзушылықтар азайған. Ауыр қылмыстар мен ұрлық қылмыстарын ашу, пәтер ұрлықтарын ашу көрсеткіштері жақсарған. 

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров мәлімдеді.

— Ауыр және аса ауыр қылмыс түрлерінің бетін ашу көрсеткіші 64,5 пайызды құрайды. Қарақшылық, көлік айдап кету, көлік ұрлау, қалта ұрлықтары секілді қылмыстар толық ашылды. Сондай-ақ, есірткіге қатысты 95 қылмыс әшкереленді. Оның 78-і ірі көлемде есірткі сатуға байланысты. Облыс аумағында есірткі саудасымен айналысқан төрт қылмыстық топтың жолы кесілді, – деді Жасқайрат Қайыров.

Сонымен қатар, жиында құқық қорғау органдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету жайы да сөз болды. Жасұлан Иманбекұлының айтуынша, учаскелік инспекторлар, патрульдік полиция, айдауылдар, кезекші бөлім қызметкерлері, т.б. жаңа үлгідегі формалармен қамтамасыз етілген. Әр қызметтің өзіндік формасы бар.

Құқық қорғаушылардың қызметтік көліктер базасы да толық жаңартылған. Автолизинг көмегімен еліміздің өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 215 автокөлік алынған. Атап айтқанда, 130 Chevrolet Cobalt, 45 Kia Sportage, 20 JAC T6, бес Kia K5 және екі Chevrolet Malibu, жеті автозак, төрт шағын автобус, бір эвакуатор, бір жүк көлігі, 20 Chevrolet Nexia сатып алынды. Материалдық-техникалық базаның нығаюы өз кезегінде жұмыс сапасын жақсарта түспек.

Т.ӘБІЛДА.