Graduation hat with degree paper on a stack of book against blurred background

Мемлекеттік қызметте білімін тереңдетіп, қазіргі лауазымынан жоғарысына аяқ басуды арман ететін азаматтар үшін мол мүмкіндік бар. Ол үшін білім мен ниет, талпыныс қажет. Нақтысы, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына магистратура, докто-рантура бағыттарына, модульдік оқуға түсіп, көшбасшылық, басқарушылық қырын көрсете алады.

 

Биыл 1 сәуірден бастап академияға оқуға қабылдау науқаны басталған. Үміткерлер құжаттарын 26 маусымға дейін тапсыра алады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде Академияның Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Самал Жарғақова мәлім етті. Яғни, мұнда жоғары оқу орнынан кейінгі магист-ратура мен докторантура
білім беру бағдарламасын меңгерту арқылы еліміздің сервистік мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру жолында мемлекеттік аппаратты білікті әрі тиімді кадрлармен қамтамасыз ету көзделген.

Үміткерлер құжаттарын онлайн форматта тапсыра алады. Айта кету керек, магистрлік бағдарламаға түсетіндер мемле-кеттік басқару, адам ресурс-
тарын басқару, өңірлердің дамуы, мемлекеттік саясат, экономика, халықаралық қаты-настар мамандықтарын меңгереді. Мемлекеттік тапсырыспен магистратураға үміткерлердің мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі кемінде 2 жыл болуы қажет. Академияда магистратураға 2024-2025 оқу жылына 120 грант бөлініп отыр.

Докторлық бағдарламаға келсек, оқуға түспек мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметте кемі 5 жыл еңбек етуі тиіс. Мұнда білім 3 бағдар-лама бойынша беріледі. Яғни, олар мемлекеттік басқару, халықаралық қатынастар және экономика бағытының бірін таңдайды. Докторантураға академияда алдағы оқу жылына 12 грант қарастырылған.

Самал Саятқызының мәлім-деуінше, грантқа тапсырушылар өздері қызмет ететін мемлекеттік органның жолдамасын ұсынуы қажет. Ал ақылы негізде оқуға ниетті азаматтардан мұндай жолдама талап етілмейді. Жолдамада қызметкерді сол лауазымға тағайындауға құқығы бар лауазымды азаматтың қолы болуы шарт.

Құжат тапсыратын еліміздің азаматтарынан мемлекеттік тілді білу деңгейі де ескеріледі. Олардың деңгейі В1 деңгейінен төмен болмауы тиіс. Бұл деңгейі Qazaq Resmi Test немесе Қазтест сертификатымен расталуы қажет. Бұл ретте, академияның облыстық филиал мамандары мемлекеттік қызметшілерге бағыт беріп, жөн көрсетеді.

Іріктеудің алғашқы кезеңі биыл 29 маусымда өтпек. Бұл кезеңде үміткерлер аналитикалық эссе жазады. Ескеретін жайт, докторантураға түсетіндер
26 маусымға дейін платформаға өздерінің зерттеу жұмыстарының жоспарын барлық құжаттарымен бірге жүктеуі керек. Комиссия үміткерлердің бұл жоспарларын 7 шілдеге дейін бағалайтын көрінеді. Екінші кезеңде кандидаттармен сұхбат жүргізіледі. Яғни, олар 1-20 шілде аралығында Астана қаласында Академияның өзінде офлайн форматта тілдеседі. Араға екі күн салып, арнайы комиссия конкурстың аралық нәтижесін шығарады. Алдын ала қабылданғандардың тізімін жариялайды. 5 тамызда келісімшарттарға қол қойылып, оқуға қабылдау туралы бұйрық шығарылады. С.Жарғақова биыл оқуға қабылдау ережелеріне бірқатар өзгерістер енгізілгенін мәлім етті. Соның ішінде конкурс өткізу, қорытынды шығару уақыты біршама қысқартылған. Бұрын 25 тамызда нәтиже шығарылып келген. Осылайша, биыл оқуға түскен азаматтардың оқу жылы басталғанға дейін негізгі лауазымындағы жұмыстарды реттеуге уақыт беру жағы ескерілген. Бұл дегеніңіз,
5 тамызда түпкі нәтиже шыққан соң грант иеленгендер құжаттарын реттеп, қызметіндегі шұғыл шаруаларын шешуге бір айдай уақыт беріледі.

Сонымен қатар, Халықаралық қатынастар, мемлекеттік саясат және экономика бағдарламалары бойынша оқу мерзімі 2 жылдан 1,5 жылға дейін қысқартылыпты. Сұхбат кезе-ңінде бағалаудың үлес салмағы көтерілген. Биыл магистратура бағдарламалары үшін 70 пайыз болса, докторантурада 50 пайыздан кем болмауы тиіс. Тағы бір өзгеріс, енді Академияда оқуға түсуге құқық қорғау органдарынан және арнайы мемлекеттік органдардан да азаматтар үміттене алады.

– Былтыр Павлодар облысынан академияға 9 адам қабылданды. Оның екеуі модульдік оқу қағидаты бойынша негізгі жұмыстан қол үзбей білім алуда. Мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып жатқан 7 азаматтың алтауы – мемлекеттік органдарда басшы қызметінде, – дейді Самал Саятқызы.

Академиядағы модульдік оқуға тоқталсақ, бұл бағыт мемлекеттік қызметші емес тұлғаларға арналған. Оған құжат қабылдау ағымдағы жылдың 1-30 қараша аралығында жүргізіледі. Модульдік оқуға еңбек ететін мекемеден жолдама қажет етілмейді. Әрбір қалаған адам өтініш білдіре алады.

Академияда білім алғандарға өзіндік басымдықтар беріледі. Олар В корпусы лауазымдарына конкурссыз тағайындалады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ