Қостанайда Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Жиынның пленарлық отырысына екі елдің Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин «Ақорда» резиденциясынан бейнебайланыс режимінде қатысты. Биылғы форум астықты өңірде ауыл шаруашылығы тақырыбына арналды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Өңір-аралық ынтымақтастық форумы 20 жыл ішінде екі елдің өзара тиімді стратегиялық серіктестігін нығайтуға зор үлес қосып, өзінің маңыздылығы мен тиімділігін көрсеткенін атап өтті.

— Бүгінде екіжақты тауар айналымы 27 миллиард долларға жеткен. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ресейден тікелей тартылған инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асқан. Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік үлесі бар 42 мыңнан астам кәсіпорынның жартысына жуығы, яғни 19 мыңы — ресейлік компаниялар. Экономиканың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, инфрақұрылым сияқты салаларында тығыз қарым-қатынас жалғаса бермек. Энергетика бағытындағы ынтымақтастық деңгейі артып келеді. Жақында Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасының іске қосылуы айтулы оқиға болды, — деді Қ.Тоқаев.  Қазақстан Президенті ауыл шаруа-шылығы тақырыбына арналған Форумның Қостанай облысында, яғни Қазақстанның нағыз астықты өлкесінде өткізілуінің бекер еместігін атады. Агроөнеркәсіп кешені сала-сындағы байланысты нығайту мүмкіндігі бар екеніне тоқталды. Оның пікірінше, Қазақстан мен Ресей ауыл шаруашылығы өнімінің ірі өндірушісі саналады және астық экспорты бойынша әлемдік көшбасшылардың ондығына кіреді. Мемлекет Басшысы Қазақстанның аграрлық секторын индустрияландыру мәселесіне тоқталып, үш жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенін-дегі қайта өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндеті жүктелгенін айтты. Бұл міндетті орындау үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортқа тәуелділігін төмендетуге бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырыла бастады. Алдағы бес жылда Қазақстанның агросекторында жалпы сомасы 2,7 триллион теңге болатын 900-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Президент заманауи аграрлық ғылымды дамыту және агроөнеркәсіп кешеніне инновацияны белсенді түрде енгізу ісін ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты ретінде атады. Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаев бірлескен агроинновация орталықтарын құруды ұсынды. Келешекте күшейе түсетін су ресурстарының тапшылығы Қазақстан үшін өзекті проблеманың бірі саналатынын да атады. Отандық экономиканың негізгі салаларында, әсіресе, ауыл шаруашылығында судың көп мөлшерде пайдаланылуы жағдайды одан сайын күрделендіре түсті. Осы орайда, елімізде су секторын жаңғырту жұмыстары қолға алынғанын айтты. Ресеймен бірге Жайық, Ертіс секілді ірі өзендердің бассейндерінде зерттеу жүргізу жөніндегі ынтымақтастықты жандандыру үшін Бірыңғай жол картасы жүзеге асырылып жатқанын да айтты. Мұндай күрделі проблеманы шешуге бір ғана елдің күш-жігері жетпейді, деді Президент. Пленарлық отырыстан кейін Қазақстан мен Ресей президенттері шағын форматта келіссөз жүргізді. Қ.Тоқаев екі халық арасындағы берік достық байланыстарға, ортақ тарих пен тату көршілік қатынастарға мән бере отырып, Қазақстан мен Ресейдің барлық бағыттағы ықпалдастығының табысты дамып келе жатқанын мәлімдеді. Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан астанасындағы өткен кездесу екіжақты қатынастардың жай-күйі жөнінде пікір алмасып, келешекті бағамдауға жақсы мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар сенімді түрде әрі табысты дамып келеді. Оны, әлбетте, цифрлар әйгілеп тұр. Азық-түлік – кез келген қоғамның, мемлекеттің тыныс-тіршілігінің негізі. Елдеріміздің әлеуеті зор. Өз қажеттіліктерімізді ғана қамтамасыз етіп қана қоймай, жаһандық нарықтардағы көптеген серіктестерімізге де көмектесуге мүмкіндігіміз бар. Мәселе ынтымақ-тастығымыздың барлық артық-шылығын пайдаланып, келешекте осы мүмкіндіктерді арттыруда ғана болып тұр. Ресей мен Қазақстан арасында ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 10 жыл толады. Бұл біздің көпжақты достық қарым-қатынасымызды дамытудың берік негізіне айналды, – деді Владимир Путин. Өңіраралық және шекара маңындағы елді мекендер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ тараптар мұнай-газ өнеркәсібі, машина жасау, энергетика, көлік-логистика, денсаулық сақтау және мәдени-гуманитарлық байланыс салаларындағы ықпал-дастықтың негізгі аспектілерін талқылады. Форум аясында қос ел басшылары кеңейтілген және шағын құрамда кездесіп, өзара тиімді тұстарды да сөз етті. Қос мемлекеттің шекаралас өңірлері де өзара келісімдерге отырды. Мәселен, Павлодар облысы Ресейдің іргелес аймағы Омбы облысы басшыларымен өзара ынтымақтастық жөнінде шартқа қол қойды. Қос облыстың басшылары Асайын Байханов пен Виталий Хоценко өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешенінде тауар айналымын арттыру, мәдени байланысты нығайту, мәселен, бірлескен фестивальдар өткізу, денсаулық сақтау, білім, ғылым бағытында тәжірибемен алмасуға уағдаласты. Айта кетейік, екі өңір арасында мұндай келісім негізінде ынтымақтастық 2015 жылдан бері жүзеге асуда.

Әзірлеген – Г.МАҒЖАН.