Жолда туған нәресте

Шіл 11, 2024

Аймақ дәрігерлері жүкті әйелді жол бойында босандырып алды. Сәби мерзімінен бұрын дүниеге келген.

 

Әйел адам жүктілігінің жетінші айында Ақтоғай ауданы Ақжол ауылында тұратын әжесіне қонаққа барған. Таңғы сағат 7.00-шамасында өзін жайсыз сезініп, жедел жәрдем шақырады. Мерзімінен бұрын толғағы басталған келіншекке Жолболды медициналық пунктінің акушер-гинекологы Сара Жайықбаева мен Ақжол ауылының медбикесі Кенжегүл Сыздықова көмекке келеді. Медициналық қызметкерлер жүкті әйелді дереу облыс орталығына жеткізу үшін жолға шығады.  Разумовка ауылына жақындаған бойда тәжірибелі мамандар әйелді аман-есен босандырып алған.

– Шақырту түскен бойда үйге дереу жетіп, кәсібилігінің нәтижесінде жедел әрекет еткен аудандық аурухана ұжымына алғыс білдіремін. Ақ халатты абзал жандарға немеремнің аман-есен өмірге келуіне жәрдемдескені үшін ризамын. Еңбектеріңіз жана берсін, – дейді Ақжол ауылының тұрғыны Ирина Шавела.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.