Елімізде аптап ыстық басталды. Жоғары температура адамдарға да кері әсер етпей қоймайды. Әсіресе, балалар, қарттар мен жүрек-тамыр аурулары бар адамдар үшін қауіпті. Сондықтан тұрғындар сақтық шараларын естен шығармауы керек.

Аптап ыстық кезінде таңертең үйден шығар алдында салқын, денеге жайлы температурада душ қабылдаған жөн. Бұл дененің сергуіне көмектеседі. Үйден шығарда терезелерді жауып, перделерді түсіріп кеткен жөн. Ал кешке үйге келгенде, терезелерді ашып, желдетіп алу қажет. Жұмыс орнында терезелердің жалюзиін жауып қою керек. Дегенмен, ара-тұра кеңсеге таза ауа кіруі үшін, желдетіп алған жөн. Кеңсеге даладан ыстықтап, терлеп кірген бойда кондиционер астына отыруға болмайды. Бұл радикулит пен пневмонияға шалдығу қаупін арттырады. Күн қаншалықты ыстық болса да, кондиционерді 18 градустан төмен түсіруге болмайды. Ең дұрысы – дала мен ғимарат ішіндегі температура айырмашылығы 10 градустан аспауы керек. Бірақ кондиционер жұмыс істеп тұрған бөлмеде екі сағаттан артық отыруға болмайтынын естен шығармау керек. Сонымен қатар үйде де, кеңседе де ауаның құрғап кетуінен сақтану керек. Ол үшін бір ыдысқа су құйып, бетін ашық қалдыруға болады. Ыстық күндері тар немесе денеге жабысып тұратын киімдерден бас тартқан жөн. Ең дұрысы ақшыл түсті, жеңіл, кең тұратын және ауа өткізетін матадан тігілген киімдер, жеңіл, ашық түсті баскиім кию қажет. Дененің ашық тұстарына күннен қорғайтын крем жағып, көзге көзілдірік таққан абзал. Күн ыстықта даладағы жұмыстарды таңертеңгі сағат 10.00-ге дейін және күндізгі 17.00-ден кейін істеген жөн. Серуенді де осы уақытқа жоспарлаған абзал. Себебі сағат 11.00-17.00 аралығында күн қатты ыстық болады. Егер осы уақытта көшеге шығу қажет болса, онда жолдың көлеңке жағымен жүрген дұрыс. Ыстық өтіп кетпеуі үшін күннің көзінде екі сағаттан артық жүруден сақтаныңыз. Күн ыстықта қарапайым су немесе жеміс сусыны мен компот ішкен дұрыс. Ал шай ішетін болсаңыз, оны бөлме температурасына дейін салқындату керек. Мұндай ауа райында алкогольді ішімдік ішу, темекі шегу қауіпті. Себебі, алкоголь дене температурасын көтереді. Ал никотин қан тамырларын кішірейтіп, қанға оттегінің келуіне кедергі жасайды. Сонымен қатар аптап ыстықта көп тамақ ішпеген жөн.  Бірақ аш жүрмеу де маңызды. Ең дұрысы – әр екі-үш сағат сайын аз-аздан тамақтану. Оның өзінде қою тамақтан бас тартып, салқындатылған сорпа, көкөніс пен жеміске көбірек мән берген жөн. Көлік жүргізушілері жолға салқындатылған сусындар алу қажет. Жолда ыстықтан өзін нашар сезінсе, көлікті көлеңкеге қойып, далаға шығып, демалып алған жөн. Бұл кезде көліктің есік-терезелерін ашып, желдетіп алу керек. Көлік жүргізуші өзін жақсы сезінгеннен кейін ғана рөлге отырғаны дұрыс. Салқындау үшін мойынға дымқыл орамал тағып алуға да  болады. Егер көлікте салқындатқыш болса, оның бағытын денеңізге тура бағыттамаңыз. Сондай-ақ күн ыстықта балаларды немесе үй жануарларын көлікте қалдырып кетуге болмайды. Көптеген қала тұрғындары күн ыстық кезде қаладағы субұрқақтың маңайын паналауға құмар. Тіпті кішкентай балалардың субұрқаққа шомылып жүретінін де байқауға болады. Алайда бұл дұрыс емес. Себебі, субұрқақтағы суда вирустар, адам үшін зиянды микроорганизмдер көп болады. Ең басты қауіп – ротавирусты және энтеровирусты инфекциялар. Сонымен қатар бұрқақтарға суға түскенде дизентерияны, ішек инфекцияларын және А гепатитін жұқтыру қаупі жоғары. Сондай-ақ ондағы су тұйық жүйеде айналғандықтан, жан-жануарлардан қалған гельминт жұмыртқаларының жұғуына себеп болуы мүмкін.  Субұрқақтарда ауру жұқты-рудан бөлек, тоқ соғу және жарақат алу қаупі де жоғары. Егер бір адамның әлсіреп, басы айналғанын байқасаңыз, оны бірден көлеңке жерге, салқын ғимарат ішіне апару керек. Сосын көп мөлшерде су ішкізу керек. Айран немесе компот беруге де болады. Егер адамға ауа жетпей жатса, дәрігер шақырған жөн. Жалпы, күн ыстықта адамның терісінің түсі бозарса, бұл – жылу соққысының, ал қызарса – күн өткеннің белгісі.

Торғын Кәрімова,
№2 емхананың жалпы тәжірибе дәрігері, Павлодар қаласы.