Елімізде биыл жыл басынан бері 11 мыңнан астам адам қызылша дертін жұқтырған. Ауру Қазақстан бойынша өршіп тұр. Ауырғандардың 60 пайызы екпе алмаған балалар екені анықталған. Яғни, ол балалардың ата-аналары екпе салғызудан бас тартқан. 20 пайызы екпе салуға қарсы көрсетілімдері бар балалар болса, тағы 20 пайызы екпе алатын жасқа жетпегендер екені белгілі болды.

Міне, осыны ескерген Денсаулық сақтау министрлігі қызылшаға қарсы екпе салуды ертерек бастамақ. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетованың айтуынша, биыл қызылшаға қарсы нәрестелерге 6 айдан 11 айына дейін және 2 жастан 5 жасқа дейінгі аралықта қосымша иммунизация жасалады. Бір жасқа дейінгі балаларды егу келесі апта басталса, бес жасқа дейінгі бүлдіршіндер желтоқсан айының басында екпе алады. Айта кету керек, екпе салудың ұлттық күнтізбесіне сәйкес бұрын қызылшаға қарсы екпе балаға 1 жаста және 6 жаста салынатын. Ал қазіргі ахуал бұл талапты өзгертуге мәжбүр еткен. Себебі, ауырған балалардың көбі 5 жасқа дейінгілер екені әрі осы жас аралығында сырқаттың да тым ауыр өтетіні белгілі болған. Бүгінде сырқат Шымкент, Алматы, Жамбыл, Алматы, Атырау облыстарында өршіп тұр. Мамандар екпе салмай, ауруды ауыздықтау мүмкін еместігін алға тартып отыр. Сырқат ауру адамнан тек екпе салдырғандарға ғана жұқпайтын көрінеді. Министрлік өкілі қызылшаның белгілері бастапқыда кәдімгі өткір респираторлық вирустық инфекцияға ұқсайтынын айтады. Тек дене бөртіп, қызарғанда ғана қызылша екенін тануға болады. Бөртпе пайда болғанға дейінгі 4 күн және одан кейін ауру адам айналасына қауіпті саналады. Екпесі жоқ бала бірден іліп алады, дейді мамандар. Сондықтан сала мамандары ата-аналарды балаларына уақытылы екпе салдыруға шақырып отыр. «Ертерек ауырып алса, балаға да жақсы» деп жайбарақаттық танытуға болмайтынын да ескертті. Қызылша — қауіпті сырқат, салдары ауыр, өлімге де жетелеуі мүмкін, дейді министрліктегілер.

Г.МАҒЖАН.