Photo Valeriy BUGAYEV

Аймағымызда Гиппократ антын қабылдап, адам өміріне араша түскен дәрігерлер қауымының кәсіби мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. Естай атындағы мәдениет сарайында өткен салтанатты жиында медицина саласының мамандарына құрмет көрсетіліп, үздік деп танылған қызметкерлер марапатқа ие болды.

 

Кәсіби мереке иелерін облыс әкімі Асайын Байханов құттықтады.

– Тәулік бойы адам өмірін сақтауда ерінбей еңбек етіп, ауыр да жауапты қызмет атқарып келесіздер. Қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін!

Аймағымызда медицина саласының деңгейі мен сапасын арттыру мақсатында кешенді іс-шара қолға алынған. Биыл денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жаңартуға 16 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл сома 17 нысанға күрделі жөндеу жүргізуге, 400 медициналық жабдықты жаңартуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта шалғай ауылдарды санитарлық көлікпен қамтамасыз ету мәселесіне көңіл бөлінуде. Бұл ретте техниканың 84 пайызы жаңарды. Келесі жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде аудандарда 30 медициналық нысан салынуда. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Павлодар облыстық перинаталды орталығының базасында алғашқы «бір күндік клиника» ашылады. Бұл болашақ аналар үшін скрининг пен диагностиканың заманауи әдістерін енгізуге мүмкіндік береді, – деді Асайын Қуандықұлы.

Салтанатты жиын барысында өз ісінің мамандарына марапат табысталды. Бұл ретте «Viamedis Pavlodar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әйелдер денсаулығы бөлімінің басшысы Айман Оспанова және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Павлодар облысы бойынша дирек-торының орынбасары Алмагүл Ахметжанова «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Сонымен қатар, бірқатар дәрігер облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.  18 дәрігерге «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», тағы 18 дәрігерге «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» белгілері табысталды. Ал №3 Павлодар қалалық ауруханасының хирург дәрігері Нұрлан Ахметов «Павлодар облысының Алтын скальпелі» атанды. «Павлодар облысының Алтын фонендоскопі» атағына №1 Павлодар қалалық ауруханасы неврология бөлімшесінің меңгерушісі Жұмабиға Кәрімова ие болды. Облыстық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Алла Веселовская «Павлодар облысының өмір сыйлайтын алтын қолы» атанды. Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханасының дәрігері Гүлнара Байсекенова мен Павлодар аудандық емханасының дәрігері Любовь Никитенко «Медицина үздігі – 2024» байқауының жеңімпазы атанды.

Кәсіби мереке иелеріне Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының өнерпаздары ән мен күйден шашу шашып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

 

Нұрлан  АХМЕТОВ, «Павлодар облысының Алтын скальпелі» атағының иегері:

– «Алтын скальпель» иегері атану қажырлы еңбекті талап етеді. Денсаулық сақтау саласында 30 жылға жуық уақыт еңбек етіп келемін. Күніне 3-4 отаға қатысамын. Іш қуысына күрделі ота жүргіземін. Еңбегімнің еленгеніне ризамын. Әріп-тестерімнің жұмысына жеміс тілеймін.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.