Ахат Жақсыбаев (1940-2021)

Шіл 3, 2025

Біздің анықтама

Ахат (Ахметжан) Жақсыбаев, жазушы 1940 жылы 5 шілдеде Павлодар қаласында туған. Орта мектепті бітірген соң, 1958–1960 жылдары Екібастұз қаласында дренажды шахтада жұмыс істеді.

1965 жылы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімін бітірді. 1965–1967 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1967–1972
жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңге-рушісі, 1972–1993 жылдары «Жұлдыз» журналы редак-циясында жауапты хатшы, 1993–1997 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 1997–2000 жылдары «Ақиқат» журна-лының бас редакторы қызметін атқарды.

2000 жылы жаңадан құрылған және «Ұлан», «Дружные ребята» газеттері мен «Ақ желкен», «Балдырған» журналдарын қамтитын «Жас өркен» ашық акционерлік қоғамының президенті болып тағайындалды.

2005 жылдың шілде айында «Жас өркен» ашық акционерлік қоғамы «Жас өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылуына байланысты «Жас өркен» ЖШС-нің бас директоры болып тағайындалды. 2007 жылдың ақпан айында өтініші бойынша қызметтен босатылып, зейнетке шығып, еркін шығар-
машылық жұмысқа көшті.

«Менің достарым», «Қайырлы таң», «Бозарал» повестерінің, «Егес», «Бөгет», «Қорған», «Қайтпас қайсар» романдарының авторы. 2006 жылы «Жаны жайсаң жақсылар» деген естеліктер, ойтолғамдар кітабы жарық көрді. «Бозарал» повесі, «Егес», «Бөгет» романдары орыс тіліне аударылды. Г.Хаггардың «Маргарет ару» романын, Р.Медведевтің «Сталиннің серіктері» кітабын, В.Астафьевтың, А.Сергеевтің, Ә.Әлімжановтың повестерін қазақ тіліне аударды.

1971 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағының, 1976 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. 1993 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы боп сайланды.

1991 жылы «Қазақ ССРінің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» құрметті атағы берілді. 1978 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, 2002 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

2007 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

 

***

«Ахаттың бір игі қасиеті – бір сөзді-лігі. Мәмілеге берік жан, ыждаһатты. Ахат екеуіміздің әріптес ретінде шығар-машылық байланысымыз үзілген жоқ. «Жұлдыз» журналы менің шығармашылық лабораторияма айналғандай болды».

Ілия ЖАҚАНОВ, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері.

***

«Ашық-жарқын жаратылысты Ахат, мен білгенде, үлкен-кіші ақын-жазушыларымыздың бәріне сыйлы болды. Артық-ауыс сөйлегенін, біреуді ренжіткенін естіген де, көрген де емеспін. Көңілі кірбіңсіз еді. Кіммен, не жөнінде болсын сөйлескенде ой-пікірін анық айтатын».

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

***

«Егес» атты романында қақ-соқпен жұмысы жоқ, жаратылыс-табиғаты момын, жан дүниесі мөлдір, мақсат-мүддесі биік Батырбек есімді кейіпкер бар. Ахаң қаламгерлік «азап-бейнетті» қалады. Батырбек – көркем шындықты, Ахат – сол көркем шындықты қиялымен жасаған өмір шындығының адамы».

Үмбетбай УАЙДИН, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

***

«Мен Ақжазығымды жазсам, ол Екібас-тұзын жазды. Өте абыройлы қызмет атқарды. Арыстан жүрек адал дос Ахатжан! Тіршілікте де өзіңе талай сырды ақтарғам. Бұл жолы Алла сенің рухыңмен сырластырып отыр. Пейіште нұрың шалқысын!».

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

***

«Біз қызмет істеген жылдары жауапты хатшы болған Ахат Жақсыбаев ұжымның ұйытқысы бола білді. Шындығында да, ол бір жұлдызды жылдар екен-ау! Марқұм Бекең мен Ғафакеңнің, Оралхан мен Сағаттың, Маршал мен Кәрібайдың, Жарасқан мен Мараттың, Асқардың бейнелері әр қазақтың көз алдынан кетер ме десеңші! Жұлдыз десе жұлдыз, жайсаң десе жайсаң, азамат десең азамат, жазушы десең
жазушы еді ғой сабаздар! Ахат Жақсыбаев сол жұлдыздардың береке басы бола білді. Сол жұлдыздардың қадірін біліп, қасиетін арттыра білді. Нағыздың нығызы дейтініміз де сондықтан».

Тұрсын ЖҰРТБАЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

***

«Тың тақырыптарды көтер-
ген «Егес», «Бөгет», «Қорған» романдары, «Бозарал» хикаяты өз алдына, «Жаны жайсаң жақсылар» дейтін кітабына енген, естелік жазбалары бүгінгі қазақ мемуарының шынайы бір үлгісі деп танылуға тиіс».

Мұхтар МАҒАУИН, Қазақстанның Халық жазушысы.