Ақсу қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Қуат Есімхановтың құрметіне арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті. Аталмыш құрмет тақтасы Ақсу қаласы әкімдігінің қабырғасына орнатылды.

Қуат Есімханов – еліне елеулі қызмет еткен ерен тұлға. Мамандығы – инженер-құрылысшы, экономика ғылымының кандидаты. Павлодар облысының Ақсу ауданында атқару комитетінің төрағасы, қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, әкімі болды. Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстары әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Сондай-ақ, «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында басшы қызметте болды. Бүгінгі таңда еңселі азаматтың еселі еңбегі елеусіз қалған жоқ. Еске алу іс-шарасына облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов, Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов, туған-туысқандары, өңірдің зиялы азаматтары мен облыстық ардагерлер кеңесі мүшелері қатысты. Бұл игі шараның өңіріміз үшін тарихи сәт болып қалатынын атап өткен Серік Батырғожинов түрлі салада басшылық қызметтер атқарып, ел экономикасын дамытуға сүбелі үлес қосқан тұлғаның соңында өшпес ізі қалғанын сөз етті.

— Қазақ халқының шежірелі тарихы терең. Сол тарихымызды түгендеуге атсалысқан көрнекті тұлғаларымыз аз емес. Тәуелсіздігіміздің негізін қалаған, ұлтымыздың құндылықтарын насихаттап, мемлекет дамуына өлшеусіз үлесін қосқан азаматтардың бірі – Қуат Есімханов ағамыз. Біздің мақсатымыз – бүгінгі орнатылған мемориалдық тақта арқылы белгілі тұлғаның өмірін өнеге етіп, оның бойындағы адами әрі кәсіби ұйымдастырушылық қабілетті жастарға ұғындыру, — деді С.Батырғожинов. Ақсу қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Залмұхан Арынов Алаштың арда азаматтарына арнап отыздың үстінде есте қалар құнды дүниелердің жасалуына бас-көз болған Қуат Есімхановтың еңбектерін еске алып, оның тарихи тұлғаларға арнап ескерткіш, құрмет тақталары орнатылуына ұйытқы болғанын жеткізді.

— Мемлекет және қоғам қайраткері Қуат Есімханов қазақ халқының төл тарихы, әдебиеті мен мәдениетіне, жаңа ғасыр, жаңа заманға бет бұрған бүгінгі ұрпаққа сол сан ғасырлық сын мен сынақ жолынан өткен ата-бабамыздың өнегелі тарихын жеткізуді өзінің азаматтық борышы санаған ел перзенті. Ол Ақсу қаласының атауынан бастап көшелерге дейін тұтас орысша өлкеде ең алғаш болып, ұлттық мәдениет пен руханиятты, тарихи әділдікті іздей бастаған жандардың бірі еді. Оның мәдениетке жанашырлығы, тарихи ақтаңдақтарды іздеудегі қажыры мен қайраты замандастарының жадында, бүгінгі ұрпаққа мұра, — деді ардагер. Сонымен қатар, еске алу іс-шарасы аясында Қуат Есімхановтың құрметіне арналған спорттық турнир өтті. Иманжүсіп Құтпанов атындағы спорт сарайында салауатты өмір салтын серік еткен жас жеткіншектер волейболдан жарысқа түсті. Айта кетейік, аталмыш спорт додасына 40-там астам команда қатысып, жеңіс көмбесіне көтерілген жеңімпаздар Алғыс хат пен ақшалай сертификаттарға ие болды. Бұдан бөлек, шара барысында Қуат Есімхановтың көзін көрген замандастары сөз алып, жылы естеліктерімен бөлісті. Ал ұлы Сұңғат Есімханов әкесіне арнап көрсетіліп жатқан құрметтің зор екенін атап өтіп, атсалысқан барша азаматтарға алғысын айтты.

Ермат БАЙҒҰРМАНОВ:

— Есімі елге әйгілі азамат Қуат Есімханов жөнінде айтылар әңгіме аз емес. Оның өнегеге толы өмірбаяны, істеген қызметі, еңбек жолы қалың бұқара халыққа жақсы таныс. Қуат Есімханұлы жастайынан ерекше парасатты, сезіне берік, қаршадайынан жалындап, адымы аршаңдап, елінің ісіне жегіліп өсті. Отыз жасқа толар- толмаста Май ауданы Жалтыр совхозына директор боп тағайындалды. Жұмыста өзін де, өзгені де аямады. Қарамағындағылардың рухани өсуін, түлеуін қадағалайтын. Жас жігіт күні-түні тынбай еңбекке кіріскеннен мойнындағы жүк біртіндеп ауырлай берді. Куат ел несібесін еселендіре түсуге ұмтылды. Осы еңбектері үшін Қуат Есімханов Қазақ ССР-нің Мәдениет саласының қайраткері атанып, Алматыға барып, Д.Қонаевтың қолынан марапат алды. Куат Есімханов 1987 жылы Ермак аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1989 жылы өңіріміздің тарихында ең алғашқы болып Ермак қалалық партия комитетінің қазақтан шыққан бірінші хатшысы болып сайланды. Ал Кеңес үкіметі ыдыраған соң егеменді еліміздің Ақсу ауданының әкімшілік басшысы болып сайланды. Куат Есімханов Жоғарғы кеңестің депутаты болып жүріп академик Манаш Қозыбаевпен танысып, басқа да қазақ зиялыларының «Ермак» жөніндегі зерттеу мақалаларын жариялатып, өңірімізде қоғамдық ой-пікірдің қалыптасуына ықпал жасады. Нәтижесінде алдымен совхоздың аты өзгерді, совхозға Ақсу аты берілді. Кейінірек ауданның атын өзгертуге кірісті. Бұл атаулар — Кеңес үкіметі құламай тұрып жасалған істер. Кейіннен қаланың аты, Ермактың ескерткіші де құрдымға кетті. Бұл жұмыстар ол шақта ер жүрек пен батылдық талап ететін қадам болды. Сонымен қатар, сол жылдары Ақсу қаласында Қазақстанның солтүстік өңіріндегі тұңғыш қазақ балабақшасын Қуат Есімханов өзі бастап ашқан болатын. Тікелей Қуаттың ықпалымен аудан тарихында «Ақжол» қазақ газеті жарық көрді. Жалпы, Қуат Есімхановтың егемен еліміздің қарыштап дамуына қомақты үлес қосқанын өңіріміздің халқы жақсы біледі.

А.МҰҚЫШЕВ,

Ақсу қаласы.