«Ертеңгі күніңді ойласаң — дән сеп, он жылыңды ойласаң — ағаш отырғыз, жүз жылыңды ойласаң — бала тәрбиеле» деген халық нақылы бар. Бүгінгі күні оқушыларды азаматтық-патриоттық рухта тәрбиелеу мәселесі маңызды. Осы бір асыл аманатты арқалап жүрген облыс орталығындағы Әскери Даңқ мұражайының жұмысы білім берумен қатар тәрбие үдерісін қамтиды.

Бүгінгі таңда аталмыш мұражай кеңесі мүшелерінің белсене араласуымен музейдегі жәдігерлер қатары Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккерлері, Ауған соғысының ардагерлері жайлы жылы естеліктер мен әскери өмір туралы мол материалдармен, тың деректемелермен толығуда. Мұражай қызметкерлері облыс орталығындағы мектеп оқушылары мен №5512 және №6679 Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің сарбаздарымен кездесу ұйымдастырып, ардагерлердің жауынгерлік ерліктері, тарихтың қиын кезеңдерінде бастан кешкендері туралы сыр шертеді.

Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, бұл жер – оқушылар мен жас сарбаздардың Отан алдындағы азаматтық парызын өтеуге ұмтылысын ұлықтап, патриоттық сезімін шыңдай түсетін орын. Яғни, батыр бабаларымыздың өшпес ерлігі арқылы балаларды патриоттық рухқа тәрбиелейтін жер. Мұражайда жоғары сынып оқушылары мен қала қонақтары үшін Ұлы Отан соғысының, Ауған соғысың ардагерлерімен кездесулер, көркемсөз оқу шеберлерінің байқаулары, суреттер конкурстары, ерлік сабақтары өткізіледі. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі, оның Конституциясы, Мемлекеттік рәміздері күніне орай тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылады.

— Біздің музейімізде соғыс тарихына саяхат жасап, сол замандағы қару-жарақты, фотосуреттер мен суреттерді, медаль мен ордендерді, сарбаздардың хаттарын, жеке заттарын көруге болады. Музейімізде соғыс тақырыбына арналған «Жеңіс туын желбіреткен Ә.Баймолдин», «Майданның естелік газеттері», «Елінің айбатты сарбазы», «Майдандағы қыздардың ерліктері» естелік кештері, «Ердің ерлігі ұмытылмас!», «Сен, мәңгі естесің, жауынгер!», «Сұрапыл соғыс қасіреті» көрмелері ұйымдастырылып, «Естелік шырағы», «Мәңгі есте сақталады!» акциялары, тақырыптық конференциялар, семинарлар, ақпараттық концерттер, дәрістер өткізіледі. Сондай-ақ, мұражай жәдігерлеріне жанашыр азаматтардың қолдауымен экспозициялар жаңартылуда. Мектеп оқушыларына арналған ғылыми зерттеу жұмыстарына қажетті кеңестер беріліп, «Музей әлемі» сабағы өткізіліп тұрады. Бұл әдістемелерді оқушылардың соғыс тақырыбындағы дүниетанымын кеңейту үшін тарих сабағында қолдану мүмкіндігі бар, — дейді мұржай қызметкерлері.

Айта кетейік, Әскери Даңқ музейі 2011 жылы Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының тарихи-өлкетану бөлімі ретінде құрылды. Бүгінгі таңда бұл мұражайда ай сайын даңқты жерлестеріміз жайлы «Өлкеміздің әскери тарихы беттерінен» атты радиохабарламалар беріліп, мектеп оқушыларымен кездесулер өтуде. Ал 2009 жылы бастау алған «Майдан жолы» ізденіс экспедициясы дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылады.

А.МҰҚЫШЕВ.