Әрбір ата-ананы толғандыратын басты мәселе — бала денсаулығы. Сәби өмірге келген күннен бастап әр ананың санасында бала күтіміне байланысты мыңдаған сауал туындайды. Әсіресе, сәбиді далаға шығару, жуындыру, тісінің шығуы, еңбектеуі, жүруі, сөйлеуі сынды маңызды әрекеттердің әрқайсысы аналарды қатты толғандырады. Бала ауырып қалған кезде не істерін білмей қалатын әйелдер де бар. Осы орайда, аналардың сұрауы бойынша редакцияда «Тікелей желі» шарасы ұйымдастырылды. Әйелдер қауымының сауалына Павлодар қалалық №3 емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Саят Арманұлы Әкімбеков жауап берді.

Тілші:

— Қазіргі уақытта ата-аналардың басым көпшілігін толғандырып отырған мәселенің бірі – бала тілінің кеш шығуы. 3 жасқа толған сәбилердің бірқатары «әке», «ана» деген сөздерді ғана айтады екен. Балалардың кеш сөйлеуіне не себеп?

 

Саят Арманұлы:

— Бала тілінің кеш шығуына цифрландыру жүйесі әсер етіп отыр. Яғни, қазіргі заманда біздің өмірімізге етене енген ұялы телефондар, смартфондар, гаджеттер сәби санасын жаулап алған. Ақиқаты – осы. Бұл жағдай баланың тілінің кеш шығуына, дамуына кері әсерін тигізуде. Балалардың теледидар алдында көп отыруы, смартфондардан түрлі видеоларды қарауы оның санасын тез баурап алып, сөйлеуге деген қабілетін бәсеңдетеді. Қабылдауға осы мәселемен келген ата-аналарға балаға гаджеттерді бермеу керектігін жиі айтамыз. Сәби өмірге келген күннен бастап ана онымен тығыз қарым-қатынаста болып, көп сөйлеуі керек.

Баланың тілі 3 жасында енді ғана шықса, уайымдауға негіз бар деп айта алмаймын. Мұндай жағдайда ата-аналар учаскелік дәрігермен ақылдасып, логопед, невропатолог мамандарының көмегіне жүгінсе артық етпейді.

 

Тілші:

— 1 жасқа толмаған балаға смартфонды мүлде беруге болмайды деп айтуға бола ма? Күніне ең көп дегенде 1 сағат көлемінде ұялы телефон пайдалану үшін сәби неше жасқа толу керек?

— Иә, бала бір жасқа толмай, смартфонды пайдалануына рұқсат етпеу қажет. Ал гаджетте қанша сағат отыру керектігін ешкім айта алмайды. Әрине, бәріміз балаларға смартфон береміз. Ата-аналардың басты қателігі – ұл-қызы жыламасын деп алдарына ұялы телефондарып қосып қояды. Баланы тез уатамыз деп оның денсаулығына кері әсер тигізудеміз. Бұл қателік тек жоғарыда айтқанымдай баланың тілінің кеш шығуына ғана емес, оның жүйке жүйесін бұзып, көзінің көруін нашарлатады. Сондықтан ата-аналардан балаға барынша смартфон бермеуді сұраймын.

 

Айгүл, Баянауыл ауданы:

— Бір жасқа толмаған балаға тұзсыз тамақ беру керек дегенді естіген едім. Бұл қаншалықты дұрыс?

— Бір жасқа толмаған балаға тұзсыз тамақ беру — өте дұрыс айтылған кеңес. Бұдан нәрестеге ешқандай зиян тимейді. Өмірге енді келген сәбидің организмі жаңа болғандықтан ол 100 пайыз жетіліп үлгермейді. Нәрестенің бүйрегі әлі дұрыс қалыптаспағандықтан, асқазанға түскен тұзды тамақты сүзгіден өткізіп, тұзды қайтадан организмнен шығарып тастай алмайды. Мұндай қабілет әлі дамымағандықтан тұзды тамақ бермеген жөн. Күнделікті қолданылатын картоп, сәбізді суға пісіріп, пюре ретінде тұздамай берген пайдалы.

 

Сәуле, Екібастұз қаласы:

— Балаға неше айынан бастап қосымша тамақ беруге болады?

— Сәби 6 айға толмайынша қосымша ботқа, печенье, пюрелерді бермеген дұрыс. Өйткені сәби жарты жыл тек ана сүтімен ғана қоректенуі керек. 6 айдан кейін ғана жоғарыда атап өткен қосымша тамақты беруге болады. Ескеретін жайт, баланың қосымша тамаққа қызығушылығын ескеру керек. Бала тек ана сүтімен ғана тоюы мүмкін. Өсе келе тамаққа деген қызығушылығы пайда болса, қосымша ас беруге болады. 6 ай толды екен деп қосымша тамақты қолдануға болмайды.

 Маржан, Павлодар қаласы:

— Үлкендеріміз кішкентай балаға қойдың майын сорғызған пайдалы дейді. Бұл медициналық тұрғыда қаншалықты дұрыс?

— Ата-әжелеріміз кезінде балаға қойдың майын сорғызған. Бірақ қазіргі уақытта мұндай әдісті қолдану қажет емес. Өйткені қойдың майы ауыр болады. Оның құнарлығы жоғары болғандықтан баланың асқазанын бұзып, астың қорытылуына кері әсерін тигізеді. Салдарынан баланың іші ауыруы мүмкін.

 

Тілші:

— Ал сәби ауырғанда денесін қойдың майымен сылайтын ата-аналар бар. Оған не дейсіз?

— Менің жауабымды оқыған оқырмандардың көпшілігі маған қарсы шығатын шығар. Бала денесіне қолданылатын арнайы жақпа майлар бар. Дәріханалардан сатып алуға болады. Бала денесінде демалып тұратын фолликулалар бар. Біздің тек өкпеміз емес, денеміз де демалады. Ал қойдың майы денедегі демалатын клеткаларды бітеп тастайды. Бұдан бала денесінің демалуы нашарлайды. Кейбірінде бөртпе, қызарулар пайда болады. Сол себепті арнайы жақпа майларын қолданған дұрыс дер едім.

 

Әйгерім, Аққулы ауданы:

Сәби неше айында мойнын өзі көтере алуы керек?

— Мойын көтеру әр баланың жеке дамуына байланысты. Нәрестелер 2-5 ай аралығында мойнын көтере алуы керек. Бұл жағдай баланың салмағына тікелей қатысты. Жалпы, 6 айға дейін әр бала мойнын өздігінен көтере алуы тиіс.

 

Жазира, Тереңкөл ауданы:

— Менің балама 9 ай толды. Бірақ әлі еңбектемейді. Не істесем болады?

— Сәбилердің еңбектеуі 7 айдан басталады. 9 айда бала еңбектеп, жүріп кетуі керек деген қағида жоқ. 10 айға дейін бала еңбектемесе, жергілікті учаскелік дәрігерге барып, денсаулығын тексертуге болады.

Ақбота, Май ауданы:

— Менің сәбиім 8 айдан асты. Әлі тісі шықпады. Неліктен?

— Балалардың тісінің шығуы да жеке дамуына байланысты. Аналардың көпшілігі өз сәбилерін басқа балалармен салыстыруға құмар. Яғни, «біреудің баласының тісі 5 айында шығыпты, менің баламдікі шықпады» деген пікірде болу дұрыс емес. Сәбидің алғашқы тісі 9 ай мен 1,5 жас аралығында шығуы тиіс. Бірақ қазіргі заманда кейбір балалардың тісі 2, 3 немесе 4 айында да шығып жатады. Бұл жағдай әр баланың жеке дамуына байланысты. Ескеретін жайт, баланың дамуы ананың жүктілік кезеңге қалай дайындалғаны, қандай дәрумен қолданғаны, қалай тамақтанғанына байланысты. Сондықтан сізге әзірге уайымдауға негіз жоқ.

 

Майгүл, Павлодар қаласы:

— Балаға қара зере майын беруге бола ма?

— Балаға қандай да бір дәруменді беруде учаскелік дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Маман сәбиді толық тексеріп, қажет деп тапқан жағдайда ғана дәрумен тағайындайды. Дәрігердің рұқсатынсыз балаға өз қалауыңызбен қара зере майын беруге болмайды. Бұл жағдай гипервитаминозға әкеледі. Яғни, дәруменді артық мөлшерде қабылдау балаға зиян.

Жансая, Ақсу қаласы:

— Менің бауырым 3 жаста. Әлі күнге дейін емізік қолданады. Одан қалай құтылуға болады?

— Бала ең көп дегенде 2 жасқа дейін сосканы қолдану керек. Сосканы көп пайдалану баланың жақ сүйектерінің дұрыс жетілуіне, тісінің тез шығуына кері әсер етеді. Сондықтан, бала кеудеден шығарылған болса, соскадан да бас тартуы тиіс.

 

Айдана, Успен ауданы:

— Балаға «Агуша», «Фруто няня» сынды фирмалардың тәтті пюрелерін беруге бола ма?

— 6 айға толған балаға қосымша тамақ ретінде сіз атаған пюрелерді беруге болады. Бірақ, бұл тағамдар химиялық жолмен дайындалатынын есте ұстау керек. Мейлінше, жемістерден үй жағдайында осы асты әзірлеген дұрыс.

 

Тілші:

— Жаңа туған баланы 40 күнге толмай далаға шығаруға бола ма?

— Перзентханадан шыққан сәбиді далаға шығару өте дұрыс. Сәбиді 40 күн үйден шығармау деген — қате. Себебі үйде төрт қабырғаға қамалып отырғаннан гөрі, нәрестені далада күннің көзіне шығару әлдеқайда пайдалы. Таза ауа баланың дамуына әсер етеді. Даладан келген бала түнде тыныш ұйықтайды. Сондықтан аналар сәбиін күніне 5-10 минут сыртқа шығаруы керек. Таза ауада жүрген бала қоршаған ортаға тез бейімделеді. Осыны есте ұстаған дұрыс.

 

Тілші:

— Баланың миының дамуы, қоршаған ортаны қабылдауы қай уақытта жүреді?

— Бала дүниеге келгеннен бастап ағзадағы барлық органдар қалыптаса бастайды. Нақты осындай айында миы тез жұмыс істейді деп айта алмаймыз. Әр ана сәби өмірге келген сәттен бастап онымен тығыз қарым-қатынаста болып, көп көңіл бөлуі қажет. Осы жағдай баланың тез дамуына, қоршаған ортаны қабылдауына мүмкіндік береді.

Мейрамгүл, Май ауданы:

— Кейбір таныстарым нәрестеге жасанды сүт (смесь) берген дұрыс дейді. Өйткені оның құрамындағы дәрумен ана сүтінде жоқ дейді. Бұл пікір қаншалықты рас?

Балаға ең пайдалысы – ана сүті. Жасанды сүт дәруменге толы деген пікір — қате. Оның бала денсаулығына зияны жоқ. Дегенмен, табиғи ана сүтіне ештеңе жетпейді. Қызметте қабылдауға келген аналардың бәріне осы кеңесті айтамыз. Егер ананың сүті аз болса жасанды сүтті қолдануға болады. Оны берудің де өз мөлшері бар. Әуелі сәби ана сүтін еміп, тоймай қалған жағдайда ғана жасанды сүтті берген жөн.

 

Тілші:

— Жасанды сүттен сәби тез салмақ жинайды деген пікір дұрыс па?

— Бұл жағдай жасанды сүттің қалай берілуіне байланысты. Ана сүтіне тойып алған балаға жасанды сүт берсе, ол салмақты көп жинайтыны рас. Бұдан бөлек, бір немесе екі айлық балаларға берілетін жасанды сүттің өз мөлшері бар. Сол мөлшерден тыс көп сүт берген аналардың балалары да салмақты тез жинайды. Жасанды сүттің дәмі ана сүтіне қарағанда тәтті болуы мүмкін. Бұл жағдай баланың тойып тұрса да, жасанды сүтті іше беруіне әкелуі мүмкін. Бұған жол бермеген абзал.

 

Айжан, Железин ауданы:

— Бала неше айында массаж алуы керек? Оның пайдасы қандай?

— Баланың массаж алғаны дұрыс. Сәбидің аяқ-қолдарының тез дамуы да массажға байланысты. Осы іспен айналысатын арнайы мамандар бар. Сәбилер курс бойынша массаж алған жөн. Яғни, 3, 6, 9 және 12 айында массажға баруы керек. Кейбір балалардың қолы немесе аяғы сіресіп тұруы мүмкін. Массаж арқылы оны қалыпты деңгейге келтіруге болады. Бұл сәбидің мойнын, басын көтеруге, тез еңбектеуіне, жүруіне әсер етеді. Сондықтан массаж өте пайдалы.

 

Зәуреш, Баянауыл ауданы:

— Балама бір ай толды. Бір апта көлемінде іші ауырып, ұйықтамайды. Жедел жәрдем қызметі «Эспумизан», аскөктің суын (укроп) бер, ішін жылы ұста деп кеңес айтты. Тағы не істеуге болады? Бұл құбылыс неше айына дейін жалғасады?

— Нәрестенің ішінің ауруы — қалыпты жағдай. Себебі олардың асқазанындағы қорыту жүйесі толық дамымаған. Бұл құбылыс көбінесе 3 айға дейін жалғасады. Баланың іші ауырмау үшін ішіне сағат тілімен массаж жасау керек. Сәбиді кеудемен емізу ережесін дұрыс ұстану керек. Бала көп ауа жұтып қоймауы керек. Баланың ішін жылы ұстаған абзал. Сүт еміп болған баланы тік қалпында ұстап, кекіруіне мүмкіндік туғызу керек.

 

Тілші:

— Сәбиге неше айға дейін жөргек кигізген дұрыс?

— Бала жөргекті ең көп дегенде 1 жасқа дейін киюі керек. Бұл жағдай әр ананың өзіне байланысты. Десе де, мейлінше аз қолдануға кеңес беремін. Күні-түні демалыссыз жөргек пайдалану балаға кері әсер ететінін білген жөн.

 

Айым, Павлодар қаласы:

— Баланың иммунитетін қалай көтеруге болады?

— Сәбилердің иммунитеті ана сүті арқылы көтеріледі. Ал ересек балалар далаға көп шығып, таза ауада серуендеуі керек. Әр бала дұрыс тамақтануы тиіс. Жеміс-жидек, көкөністерді көп қолдану керек. Осы қағиданы сақтаған бала ауырмайды.

 

Әдемі, Аққулы ауданы:

— Баланы неше айынан бастап отыруға үйретуге болады?

— Сәбиді ерте отырғызу омыртқасына артық күш түсіреді. Көп жағдайда жатқан бала басын көтереді, ары–бері аунайды, қолын тірейді. Кейін өзі отыруға бейімделеді. Бұл қабілеттер қалыптаспай, жан-жағына жастық қойып күштеп отырғызуға болмайды.

 

Сәндігүл, Екібастұз қаласы:

— 1 жасқа толмаған балаға қандай дәрумен беруге болады?

— 1 жасқа толмаған балаға өздігінен дәрумен беруге болмайды. Біздің облысқа күн аз түсетіндіктен сәбилерге «Д» дәруменін тағайындап жатамыз. Оны учаскелік дәрігер профилактика үшін тағайындайды. Оның рұқсатынсыз беруге болмайды.

 

Әсем, Ақсу қаласы:

— Балаға салынатын екпелердің ішінде АКДС екпесі өте ауыр өтеді. 4 мәрте салынатын екпеден ауырып қалған балалар да бар. Осы вакцинадан кейін сөйлей алмай, жүре алмай қалған жағдайларды әлеуметтік желіден жиі көреміз. Вакцинаның балаға кері әсері болуы мүмкін бе?

— АКДС екпесі баланың сөйлеуін, жүруін тежемейді. Біз де сіз айтқан жағдайларды әлеуметтік желіден көреміз. Бірақ вакцинадан қандай да бір ауру пайда болады деген пікір — қате. АКДС көкжөтел, дифтерия және сіреспе ауруларына қарсы салынады.

 

Жанбота, Ақтоғай ауданы:

Перзентханада балаға екі вакцина салынады. Жуырда босанамын. Екпеден бас тартуға бола ма?

— Бала өмірге келгенде бірінші және төртінші күн аралығында БЦЖ мен ВГВ деген екі екпе салынады. Бұлардың бірі туберкулез, екіншісі В гепатитіне қарсы егіледі. Препараттардан балаға зиян келмейді. Бірақ кейбір ата-аналар вакцинаға қарсылық білдіріп, бас тартып жатады. Әр ата-ана вакцинаны салдыру не салдырмауын өздері шешеді. Медициналық тұрғыдан екпе баланы аурудан қорғайды деп қана айта аламын.

 

Тілші:

— Ауырып қалған бала кезекті екпені қанша уақыттан кейін ала алады?

— Бұл жерде баланың қандай сырқат түрімен ауырғанын ескеру керек. Учаскелік дәрігер баланың денсаулығын тексеріп, екпені қабылдау уақытын белгілейді. Шешімді тек сол қабылдайды.

 

Айым, Павлодар қаласы:

Балада аутизм екенін қанша айлығынан білуге болады? 1 жастағы нәрестемнің кейбір қылықтары уайым туғызады.

— Бұл дертті тек 3 жаста ғана анықтауға болады. Оған дейін ешбір сәбиге аутизм диагнозын қоя алмаймыз. Кейбір ата-аналар балалардың әрекетіне байланысты аутизм дертіне балап жатады. Бірақ әр ана сәбиімен кішкентайынан тығыз қарым-қатынаста болып, ойнатып, жиі сөйлесіп, уақытты көп бөлгені жөн.

 

Жанерке, Екібастұз қаласы:

— Бір жасқа толмаған балаға тәтті беруге бола ма?

— Бір жасқа толмаған балаға тәттіні мүлдем бермеген жөн. Тәттіні көп мөлшерде пайдалану баланың денесінің бөртуіне, қызаруына әкеледі.

 

Қарлығаш, Павлодар қаласы:

— Жаңа туған нәрестемнің бетіне секпіл (акне) пайда болды. Не істеу керек?

— Жаңа босанған ананың ағзасында босанғаннан кейін гормоналды өзгерістер болады. Осы жағдай балаға сүт арқылы беріледі. Сол кезде сәби бетінде секпіл пайда болады. Оған ештеңе жасаудың қажеті жоқ. Екі аптаның ішінде секпіл өздігінен кетеді.

 

Назым, Ақсу қаласы:

Жаңа туған баланың сүтке тойғанын не тоймағанын қалай білуге болады?

— Сүтке тоймаған бала жылайды. Ал сүтке тойған бала кеудеде жатып, ұйықтап қалады. Сәби әр жарты сағат сайын сүт сұрай берсе, тоймағанын білдіреді. Сол кезде мазасызданады. Осы жағдайларды қадағалау керек.

 

Лаура, Май ауданы:

— Баламның жөтеліп жүргеніне 1 ай болды. Учаскелік дәрігерге қаралып, қажетті емді қабылдадық. Бірақ жөтел әлі басылар емес. Не істеуге болады?

— Жөтел ЖРВИ ауруларының қатарына жатады. Күз мезгілінде адам иммунитеті әлсірейді. Егер баланың дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болса, учаскелік дәрігердің қабылдауына бару керек. Әр сырқатты дер уақытында емдеу керек. Өкінішке қарай, ата-аналардың көпшілігі сәбиді бір апта үй жағдайында емдеп, ауруын асқындырып алады. Бұл қателік дәрігердің баланы ұзақ емдеуіне әкеледі. Сондықтан дәрігердің кеңесіне жүгініп, тағайындаған емді қабылдау қажет.

 

Тілші:

— Қазір балалар арасында ЖРВИ көбейіп тұр. Бұл індетпен ауыратындар ұзақ емделуде. Оған не себеп?

— ЖРВИ инфекциясының бірнеше түрі бар. Жөтел уақытылы емделмесе, пневмонияға ұласады. Ауруды тез емдеу үшін уақытылы дәрігерге қаралу керек. Емді өз уақытында жүргізу тез айығуға мүмкіндік береді.

 

Мерей, Баянауыл ауданы:

— Қызыма әлі 40 күн толмады. Әжесі екеуіміз тұзды және шөп қосылған суға жуындырып жүрміз. Балаға зияны тимей ме?

— Жоқ, керісінше дұрыс. Бір күн тұзды суға, келесі күні түймедақ, итошаған (череда) шөптері қосылған суға кезекпен жуындыруға болады.

 

Ақгүл, Павлодар қаласы:

— Қызымның жасы 5-ке толды. Өкінішке қарай, шашы аз әрі ақырын өседі. Не істеуге болады?

— Сіз жергілікті учаскелік дәрігердің қабылдауына жазылып, қажетті сараптамаларды тапсыру керексіз. Егер бала ағзасында қандай да бір дәрумен жетіспесе, дәрігер тағайындайтын болады. Бұл мәселені жан-жақты қарау қажет. Тұқымқуалаушылықтан да болуы мүмкін екенін ескеру керек. Дәрігер толық диагностикалық зертттеу жүргізгеннен кейін ғана нақты шешім айта алады.

 

Салтанат, Екібастұз қаласы:

— 3 айлық баланы бассейнге апаруға бола ма?

— Баланы бассейнге апару не апармау керектігін учаскелік дәрігер мен невропатолог шешеді. Өздігінен пайдалы екен деп апара беруге болмайды. Бала ағзасында қарсы көрсеткіштер болуы мүмкін. Жалпы, бассейн өте пайдалы, сәбидің моторикасын қалыптастырып, қоршаған ортаға тез бейімдеуге көмектеседі. Иммунитетін жақсартады.

 

Жансая, Павлодар қаласы:

— Өткен аптада тұңғышымды өмірге әкелдім. Баламды перзентханада жаялықпен орап қойып едім, медбике рұқсат етпей, нәресте бос жатсын деп жаялықты шешкізіп тастады. Керісінше, жаялықпен оралған баланың ұйқысы тыныш болмай ма?

— Баланы жаялықпен орау қауіпті жағдай туғызады. Сәби қалыпты жағдайда жата алмайды. Орап қойған кезде ағзадағы қан айналымы дұрыс жүрмейді. Ыстық бөлмеде қалың жаялықпен оранған баланың мазасы кетеді. Бұлшық етінің дамуы бәсеңдеп, дұрыс демала алмайды. Орағыңыз келсе, бос орауға болады. Сәбидің терісі өте нәзік болғандықтан ұқыппен қараған жөн.

                  Түйін:

«Тікелей желі» шарасына ата-аналардан 50-ден астам сауал түсті. Кейбірінің мазмұны ұқсас болғандықтан ықшамдалып берілді. Аналар қауымы дәрігердің жауабынан толық мағлұмат алды деген ойдамыз.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.