Мал қыстан қысылмай шыға ма?

Ақп 13, 2025

Бір айдан соң көктемнің де «құлағы қылтияды». Дей тұрғанмен, «қой қоздап, қорада шу» болатын шаққа әлі ертелеу. Қазір мал қыстату науқанының нағыз қызған шағы. «Кәрі құда қыс келіп», қаһарына мініп борандатпаса да, қаңтар мен ақпан айларында аязы мен ақ қарын аяған жоқ. Осы орайда мал қыстатып жатқан шаруалардың жайы қалай? Жаздай жиналған қор биылғы қыстан қысылмай шығуға жете ме? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Дощановпен әңгімелескен едік.

— Дархан Тілеуұлы, өткен жылдардағы қуаңшылық шаруаларды қуантпағаны анық. Оның үстіне қардың қалың түсуі әрі мұздақты болуы, әсіресе, жылқы малына жайсыздық әкелді. Биыл мал қыстауы қалай өтіп жатыр? Шаруалар төлдеу науқанына қаншалықты дайын?

— Өткен жылдары еліміздің кей аймақтарында жағдайдың қиындағаны рас, оның бетін аулақ қылсын. Өздеріңіз білесіздер, биыл біздің аймаққа қар кеш түсті. Түскен қар ұзақ уақытқа дейін үлпілдеп жұмсақ болып жатты. Сондықтан да бұл малға ешқандай қиындық түсірген жоқ. Жалпы, ағымдағы жылы облыста 456 мың бас ірі қара, 623 мың бас қой-ешкі, 223,2 мың бас жылқы қыстауға шығып, құс 1159,6 мың басты құрады. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердегі, шаруа қожалықтары мен фермерлік қожалықтардағы мүйізді ірі қараның үлесі — 63,4 пайызды, жеке қосалқы шаруашылығында — 36,6 пайызды, қой мен ешкі — 50,1 пайызды, жылқы – 65,8 пайызды және құс 36,2 пайызды құрайды. Малды толық жеммен қамтамасыз ету үшін 1835,6 мың тонна шөп дайындалды. Бұл — бір жарым жылдық қор. Оның ішінде пішендеме, сүрлем, сабан бар. Облыс бойынша мал азығы толықтай қоймаларға тасымалданған. Мал шаруашылығы нысандары электр қуатымен және сумен қамтамасыз етілген.

Облыста 1018 мал шаруашылығы учаскелері болса, оның 495 учаскесі малдың қыстауына арналған. Қыстау үшін электр қуатымен тұрақты қамтамасыз етілмеген шалғайдағы жайылымдық аймақтар автономды электр станцияларымен қамтамасыз етілді. Қыстайтын жерлерге кесек жем, көмір, отын жеткізілді.

Бұдан бөлек, бүгінгі таңда облыс бойынша тұрақты жем-шөп базасын құру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биылғы маусымда мал азығы дақылдарының алқаптарын 18,8 мың гектарға ұлғайтып, 300 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Мұнда өткен жылдардағы көпжылдық шөптер, сүрлемдік, бір жылдық шөптер, басқа да азықтық шөптер бар. Сондай-ақ, суармалы мал азығы алқаптары жылдан-жылға кеңейіп келеді. Өткен жылмен салыстырғанда мал азығы дақылдарының егіс көлемін екі мың гектарға ұлғайтып, 31,9 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.

— Сүт өндірісіне қарай ойыссақ. Заманауи фермаларды жаңғырту және салу бойынша қандай жоспарлар бар?

— Өткен жылы облысымызда 236,9 мың тонна сүт өндірілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға артық. Бұдан бөлек, облыста 16 ірі тауарлы сүт фермасы бар, олардың құрамында 18 695 бас сиыр тіркеулі.

Жалпы, облыста ірі тауарлы сүт фермалары шетелдік өндірушілердің заманауи технологиялық жабдықтарын пайдаланады, бұл сүт өндірудің көптеген технологиялық процестерін автоматтандыруға мүмкіндік берді. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңейту аясында Павлодар облысына 6 тауарлы сүт фермасын салу және кеңейту үшін 10 млрд теңге бөлінді. Инвестициялық жобаларды іске асырудың жоспарланған мерзімі – 2024-2025 жылдар. Бұл сүт өндіруді 37,4 мың тоннаға, асыл тұқымды малды 4,7 мың басқа арттыруға мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, облысымыздағы төрт тауарлы сүт фермасы өнімділік пен жалпы сүт өндіру бойынша республиканың алдыңғы қатарлы фермаларының қатарына кіреді. Атап айтсақ, олар — «Агро-Трейд ПВ» ЖШС, «Киров» ЖШС, «Астық-ПВ» ЖШС және «Галицкое» ЖШС.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы шикізатын жергілікті өңдеуді ұйымдастыру және нарықтарды жергілікті кәсіпорындардың өнімдерімен толтыру үшін облыста 108 сүт дайындау пункті мен 250-ден астам қайта өңдеу нысандары жұмыс істейді. Сүт өңдейтін ең ірі кәсіпорын – «Сүт» АҚ. Өткен жылы мұнда «UHT» цехы (Lactel ұзақ мерзімді сүт сақтау өнімдері) іске қосылып, дайын өнімдер қоймасы салынды. Компания ең ірі француздық «Lactalis» компаниясының бөлігі болып табылады. Оның қуаттылығы тәулігіне 200 тонна өнім, яғни жылына 73 000 тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. Кәсіпорынның шикізат базасы «Киров» ЖШС-не тиесілі.

— Өңірдегі ет өндірісінің әлеуеті қандай? Етті мал шаруашылығымен айналысатын қанша шаруашылық бар?

— Облыста ірі қара мал өсіруге арналған 13 бордақылау алаңы бар, оның бесеуі мың бастан артық мал бордақылауға мүмкіндік береді. Нақтырақ айтсақ, бұл бағытта «Абай» ЖШС, «МТС Жайма» ЖШС, «АгроЭкспортПавлодар» ЖШС, «Ардақ» ШҚ және «Сергей» ШҚ-ның әлеуеті зор.

Өткен жылы ет саласында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруға субсидиялау аясында үш миллиард теңге бөлініп, игерілді.

Облыста ет шаруашылығындағы ірі кәсіпорындардың бірі – «Рубиком» ЖШС. Бұл ет комбинатының өнімділігі жылына 30 мың тонна етті құрайды. Кәсіпорын қызметінің негізгі бағыттары — егістік алқаптарын өсіру, мал азығын сақтау және өндіру, мал шаруашылығы, жартылай фабрикаттар мен дайын өнімдерді өндіруді қамтиды. Кәсіпорында тәулігіне 850-ге дейін мал өңдейтін қасапхана бар. Ай сайын аталмыш кәсіпорын  5-6 тоннадай дайын өнім экспорттайды.

Айта кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024-2028 жылдарға арналған «Жол картасына» сәйкес тұқымдық конверсиямен қамтылған асыл тұқымды мал үлесі бойынша 2024 жылғы көрсеткішті қажетті деңгейге жеткізді. Мұнда асыл тұқымды мал басының саны кемінде 72 мың бас немесе жалпы малдың 41 пайызын құрауы тиіс. Павлодар облысында асыл тұқымды мал басын трансформациялауға 75,7 мың бас аналық мал немесе жалпы мал басының 46 пайызы қатысты. Қазіргі уақытта қосымша мал бордақылау алаңдарын салу мүмкіндігін зерттеп жатырмыз. Мұндай алаңдарды салуға негізінен мал шаруашылығымен айналысатын Май және Баянауыл аудандары қарастырылуда.

— Ал, құс етінің өндірісі қалай дамуда?

— Өткен жылы жұмыртқа өндірісі 0,4 пайызға өсіп, 203,6 млн дананы құрады. Бүгінгі күні облыста үш құс фабрикасы тұрақты түрде жұмыс істейді, оның ішінде тауарлық жұмыртқа өндіру бойынша Павлодар қаласындағы «Павлодар-Құс» ЖШС және Шарбақты ауданындағы «Шарбақты-Құс» ЖШС бар. Олардың жалпы өнімділігі жылына 215 миллион дана жұмыртқаны құрайды. Бұдан басқа, облыста құс етін өндіретін «Тurkey» ЖШС жұмыс істейді, оның қуаттылығы жылына 3500 тонна күркетауық етін өндіруге мүмкіндік береді. Құс фабрикаларының жемге деген сұранысын қанағаттандыратын жеке жем зауыттары бар.

Бірақ соңғы жылдары Ақсу қаласының ауылдық аймағындағы «Қызылжар құс» ЖШС-нің жұмысы тоқтап тұр. Қазір оны жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл кәсіпке құйылған инвестиция көлемі бес миллиард теңгені құрайды. Компания бройлер өндірісін екі кезеңде қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Оның біріншісі 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында орындалмақ. Тарқатып айтсақ, инкубациялық жұмыртқалардың бірінші партиясы салынып, оның қуаттылығы жылына 4500 тонна құс етін өндіруге жол ашады. Екінші кезеңде жылына 10 000 тонна ет өндіру үшін өндіріс қуатын жаңғырту және арттыру көзделген. Қазір фабрика толықтай қайта жаңғыртылып, жылу жүйесін іске қосты. Инкубациялық жұмыртқалардың бірінші партиясы ағымдағы айда басылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, кәсіпорын Германиядан құс қораларын жылытуға арналған жаңа құрал-жабдықтар сатып алды.

— Соңғы сұрағымыз болсын, қаржыландыру әдістері мен мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктеріне қатысты шаруалар нені білуі керек?

— Тұрақты реформалар мен фермерлерді мемлекеттік қолдау құралдарының өзгеруі жағдайында шаруалар үшін қолда бар қаржыландыру тетіктері мен мемлекет ұсынып отырған жаңа мүмкіндіктерден хабардар болуы маңызды. Субсидиялаудың барлық түрлері қолданылып жатқанда, инвестициялық жобаларды жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы іске қосылғанына көп уақыт болған жоқ. Көктемгі егіс жұмыстарын тікелей қаржы институты арқылы несиелендіру бағдарламасы мемлекеттік субсидиялардың қатысуынсыз, бірақ қазірдің өзінде төмендетілген жылдық бес пайыздық мөлшерлемемен жалғасуда.

Үкімет алдағы уақытта өнімге арналған субсидияларды жою туралы алдын ала ескертуде, бұл өзгерістер 2028 жылдың соңына жоспарланған. Дегенмен, қаржы құралдарын субсидиялау жалғасады. Бұл ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарды сатып алуды субсидиялауға, жаңа өндірістерді іске қосуға немесе жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын кеңейтуге қатысты болмақ. Бұл ретте шаруалардың назарын сақтандыру бағдарламаларына аударғым келеді. Аталған бағдар-лама фермерлерді тәуекел-
дерден қорғаудың маңызды құралына айналып, қаржылық шығындарды азайтуға және бизнес тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.

— Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан – Алтынбек ЕЛЕМЕСҰЛЫ.