Ұлт тарихын жазған тұлға

Нау 13, 2025
{"origin":"gallery","uid":"8BE31B49-0B2A-4D5F-958C-ED6344B7AA6B_1618507923138","source":"other"}

Ермұхан Бекмаханов – Қазақстанның көрнекті тарихшысы, ұлттық тарих ғылымының негізін қалаушылардың бірі. Ғалым өз еңбектері арқылы қазақ халқының тарихын зерттеуге, оның ұлттық бірегейлігі мен мәдени ерекшеліктерін анықтауға зор үлес қосты.

Ғалымның ғылыми мұрасы Қазақстан тарихының ұлттық біре-гейлік аспектісін қалыптастыруда жан-жақты әсер етті. Ол қазақ халқының өткенін зерттеуде ұлттық сананың қалыптасуы мен нығаюында зор рөл атқарды. Оның еңбектері ұлттық бірегейліктің бірнеше маңызды тұсын айқындап берді.

Ермұхан Бекмахановтың танымал еңбегі – «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан». Бұл зерт-
теу Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстардың маңыздылығын көрсетіп қана қоймай, ұлттың өзін-өзі сақтауға деген ұмтылысын дәлелдеді. Бекмаханов Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалысты тек отаршылдыққа қарсылық емес, ұлттың өз мемлекеттілігі мен болмысын сақтауға деген күрес деп сипаттады.

Кенесары Қасымұлының хандығы қазақ халқының бірлігін нығайтуға бағытталған шаралардың бірі болды. Ғалым бұл оқиғаны зерттей отырып, қазақ қоғамының бірегейлігін сипаттайтын бірнеше белгіні ашты. Біріншіден, қазақ хандығының қалпына келтірілуінде ұлттық маңыздылық бар екендігін айқындады. Екіншіден, ұлт-азаттық қозғалыстар тек бір рудың немесе тайпаның емес, жалпы қазақ халқының мүддесін қорғау мақсатында жүргізілгенін және отарлық саясатқа қарсы күрес қазақ халқының бостандығын сақтап қалуға деген ұмтылысын көрсетті. Бұл зерттеулер ұлттық бірегейліктің негізгі идеяларының бірі – тәуелсіздік үшін күрестің тарихи сабақтастығын жаңғыртуға ықпал етті.

Қазақ қоғамындағы билер институты, хандар жүйесі, рулық бірліктердің рөлі қазақ халқының ұлттық бірегейлігінің ажырамас бөлігі болды. Қазақ халқының ауыз әдебиеті, эпостық шығармалары (мысалы, «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын») ұлттық рухты сақтаудағы негізгі элементтер ретінде қарастырылды. Көшпелі мәдениетті зерттеу арқылы Бекмаханов қазақ халқының табиғатпен үйлесімді өмір сүрген ерекше өркениетін сипаттап, оның ұлттық бірегейлікке әсерін атап өтті. Ол Ресей империясының Қазақстанға қатысты саясатының қазақ халқының әлеуметтік және мәдени дамуына теріс әсер еткенін ашып көрсетті. Бұл уақытта отарлық басқару жүйесі қазақ қоғамының дәстүрлі құрылымын әлсіретіп, халықтың бірлігіне кері әсер етті. Ресей империясы мен кейінгі кеңестік саясат ұлттық бірегейлікті жоюға бағытталған идеологиялық
қысымды күшейтті. Сондай-ақ, жердің тартып алынуы, қазақтардың экономикалық дербестігін шектеу және отарлық басқарудың қысымшыл әдістері ұлттың даму жолына кедергі келтірді.

Ермұхан Бекмаханов Қазақстан тарихын ғылыми негізде зерттеудің бастаушысы болды. Ол отандық тарихты зерттеуде бірқатар маңызды қадамды жасады. Мәселен, ол Ресей империясының архивтеріндегі, отаршылдық әкімшіліктің құжаттарындағы мәліметтерді пайдалана отырып, қазақ халқының өткенін дәлелді түрде зерттеді. Қазақстан тарихын хронологиялық және жүйелі түрде қарастырып, тарихи процестердің ұлттық бірегейлікке әсерін көрсетті. Одан бөлек, ғалымның еңбектері қазақ халқының ұмытылған немесе бұрмаланған тарихи оқиғаларын қайта жаңғыртып, оларды қазіргі ұрпаққа жеткізді. Ермұхан Бекмахановтың зерттеулері тек ғылыми жаңалық емес, сонымен қатар саяси батылдықтың үлгісі болды. Кеңестік дәуірде ұлтшылдық немесе антикеңестік деп танылу қаупіне қарамастан, ол қазақ халқының тәуелсіздікке ұмтылысын көрсетуге тырысты. 1952 жылы «буржуазиялық-ұлт-шылдық идеяларды насихаттады» деген айыппен сотталып, 25 жылға еңбек лагеріне жіберілді. Бұл саяси қуғын оның идеяларын уақытша тұншықтырғанымен 1954 жылы ақталып, еңбектері қайта бағаланды.

Ермұхан Бекмаханов Қазақстан тарихының ұлттық бірегейлік аспектісін айқындауда шешуші рөл атқарды. Оның еңбектері қазақ халқының мемлекеттілік дәстүрін, тәуелсіздікке ұмтылысын, рухани және мәдени құндылықтарын жаңғыртып, ұлттық сана мен бірегейліктің негізін қалады. Оның ғылыми мұрасы бүгінгі Қазақстанның тәуелсіздік идеяларын насихаттауда және ұлттық сананы нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді.

Ж.КАТКЕНОВА,

Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің

экспозициялық–көрмелік қамтамасыз ету бөлімінің маманы.