Әділханмен әңгімелесуді біраздан бері жоспарлап жүрген едім. Әлеуметтік желілерде қайсар жігіт жайлы ақпарат шықса, оқимын да, тамсанамын. Жуырда жеке суреттер көрмесі өткенін естігенде, тіпті қуандым. «Шексіз әлем» деп аталыпты көрмесі. Шынымен, талантты жігіт бұл әлемнің, мүмкіндіктердің шексіз екенін дәлелдеп жүр. Ерік-жігеріне, өмірге деген құштарлығына тәнті болмасқа уәж жоқ. Кездесуге барсам, өзі оқитын университеттің кіреберісінде бір топ жігітпен әңгімелесіп тұр екен. Амандасқан соң «достарым ғой» деп таныстырды…
Содан әңгімешіл жігітпен өмір жайлы, өзі жайлы тілдестік… Әділхан Рауанұлы өмірге қол-аяқсыз келді. Өмірдің сынағы болар. Оған кейіпкеріміз еш мойыған жоқ. Керісінше, мүмкіндіктердің шексіз екенін көрсетіп жүр. Арбамен жүріп-ақ, он екі мүшесі сау адам жасай алмаған тірлікті тындырып жүр. Ол — болашақ әріптесіміз. Журналистика мамандығын меңгеріп жатыр. Бала кезде ғарышкер болуды армандапты. Аспан әлемін көп зерделеген екен. Бірақ, оның мүмкін еместігін түсініп, жанына жайлы, қолынан келетін бағытқа бет бұрса керек. Адамдармен әңгімелесіп, араласып жүргенді жақсы көреді. Сондықтан да таңдауы журналистикаға түсіпті.
— Тереңкөл ауданының Песчан ауылында балалық шағым өтті. Сонда білім алдым. Мектеп директоры Назигүл Әліпова менің оқуыма жайлы жағдай жасау үшін аянып қалмады. Қолайлы орта құрып берді. Көмекші мұғалім де қасыма ертті. Түрлі байқауларға қатысуыма мұрындық болды. Қанатымның қатаюына үлес қосты. 2017 жылы аяқ-қолы жоқ болса да, әлемге танылған австриялық меценат, жазушы Ник Вуйчичпен Астанада кездесіп, мотивация алып келдім. Осы кездесуге де директор демеуші болып, көлік тауып, арнайы апарған еді. Өте ризамын. Ал үйдегі ата-анамның қолдауы – ол бір төбе. Менің қазіргі күні емін-еркін кез келген ортаға кіріп, араласып кетуім, дамуға құлшынып жүргенім — бәрі-бәрі жақындарымның сенімі, қолдауы, — дейді Әділхан Рауанұлы.
Әділханның есімін әкесі қойыпты. Ұлын жігітше тәрбиелейтін көрінеді. Қабағынан ғана айтарын түсінеді екен. Әкесі отбасын асырау үшін тынымсыз еңбекпен айналысады. Бірақ бала тәрбиесінде өзіндік ұстанымы бар.
— Әкем — өте салмақты жан. Сол салмақтылық қанмен бойыма берілген болуы керек. Мені отбасымда қатты өбектеп, еркелетпейді. Ата-анам әпкелерім мен қарындасым, ініме қалай қараса, мені де солай қабылдайды. Бірдей деңгейде үй шаруасына араласамын. Тұрмыста ешкімнің көмегіне зәру емеспін. Бәрін өзім істеп, ебін тауып алғанмын. Кейде түймелеу, сырт киімді кигенде қиындықтар болады. Әйтпесе, бәрі қолымнан келеді. Отбасым меннен барынша жауапкершілікті болуымды талап етеді. Бала кезімнен қолғанат болып өстім. Бауырларыммен бірге үйрек-қаз бақтым. Ол да бір қызық кездер еді, — дейді ауылдағы балалық шағын еске түсірген Әділхан.
Иә, шынымен, отбасы Әділханға мүмкіндігі шектеулі жан ретінде қарамайды. Мұны анасы Галина Қыпшақова да алға тартты. Анасы алғаш ұлын қолға алған сәтін еске түсіріп, бүгінде өмірде кез келген сынаққа абыроймен төзіп, жеңуге болатынына көзі жеткен.
— Әділханға аяғым ауыр кезде ешқандай ауыртпалық болмады. Өзге төрт баламдағыдай токсикоз да болған жоқ. Алғашқы екі ультрадыбыстық тексеруде де дәрігерлер «бәрі дұрыс» деді. Үшіншісіне барғанымда бірден шұғыл Кесарь тілігін жасатуға жолдады. Алғашқы екі қызымды өзім босанған едім. Еш жаман ой жоқ, дәрігерлердің айтуымен перзентханаға жатып, ота жасалды. Үш күн балам жайлы еш ақпарат айтылмады. Содан соң күйеуім мен анамыз келіп, үшеуімізге баламды көрсетті. Екі қолы мен аяғы жоқ екен. Есеңгіреп қалдым. Есім шыққаны соншалық, «бала өскенде аяқ-қолы да бірге өседі ғой» деппін. Әрине, оңай болған жоқ. Бірақ сынақты көтере алдық. Қазір баламның аяқ-қолының жоқтығына тіпті мән бермейді екенбіз. Барлық балаларымызбен тең көреміз. Әрине, ерекше күтім қажет. Бірақ, жалқау болып кетпесін деп барлық істі атқаруға жұмсаймыз. Әділхан болашақ ер азамат, бір үйдің иесі болады. Сондықтан бойында ерге тән қасиеттер қалыптасуына мән береміз. Әрдайым ішкі ойын тыңдап, керек кезінде бағдарымызды береміз. Қазір Әділхан — жан-жағына шуағын шашқан менің жарық күнім, — дейді Галина Қыпшақова.
Бүгінде Әділхан үйінде қарындасы мен інісіне ағалық қамқорлық танытатын жағдайда. Қарындасына ақылшы аға атанған.
— Бірінші сыныпта оқитын інімнің сабағын оқытып, тақпағын жаттату – толығымен менің мойнымда. Бауырым ақылды болып өскенін қалаймын. Сондықтан сабақ оқытудан шаршамаймын. Ал қарындасым — жасөспірімдік шақта. Мұндай кезде қарындасыммен сырласып, барлық еркелігін көтеремін. Ішкі сырын тыңдаймын. Бір сөзбен айтқанда қарындасыма психологпын. Қызығушылығын да біліп, бағыт беремін. Ол әлі бала ғой. Ал мен жиырмаға толатын жігітпін. Аға ретінде қамқорлық таныту – міндетім деп білемін, — дейді аға жасына жеткен Әділхан.
Анасы бес баласының тату-тәтті, бауырмал болып өсіп келе жатқанына қуанады. Бір-біріне қолғабыс жасаудан да жалықпайтын көрінеді.
— Бір-бірін іздеп тұрады. Кенжеміз сабақтан келіп, есіктен кіре сала алдымен Әділханды сұрайды. Ағасының да інісіне деген көңілі бөлек. Өйткені, «маған іні керек» деп тілеп алған еді. Әпкелері қолым тимеген кезде Әділханды киноға да, концертке де ертіп апарады. Әкелері қатал. Бәрін қабағымен ұқтырады. Ұлдарының жалқау болмай, еңбекқор болып өсуін қалайды. Бұл ретте, отағасы оларға — үлгі, — дейді Әділханның анасы.
Иә, еңбекке ерте араласқан Әділхан қазір көп нәрсені өзі жасап алады. Таңғы алтыдан тұрып, күнделікті тірлігін тап-тұйнақтай тындырып алады. Төсегін де жинап, жуынып-шайынып, белгіленген уақытта оқуына да сақадай сай тұрады. Университетке білім алуға құлшыныспен барады. Тоғызыншы сыныптан кейін Павлодарда бизнес колледжде веб-сайттар әзірлеуші мамандығын меңгергенін айта кетейік.
Әу баста Әділхан сәулет факультетіне түсуге ниеттенеді. Өйткені, бала кезінен сурет-сызуға жақын. Шынтағынан төмен қолы болмаса да, ебін тауып қылқаламды дос еткен. Әсіресе, соңғы уақытта аниме стилінде салған туындылары көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Тіпті, жуырда Павлодар қаласындағы Н.Нұрмағамбетов атындағы облыстық көркемсурет музейінде облыс басшылығының қолдауымен Әділханның жеке көрмесі өтті. Майталман суретшілердің өзі Әділханның өнеріне тәнті болды.
— Бала кезімде жануарлар әлемін, қоршаған ортаны көп салатынмын. Кейбір туындыны бірнеше күн саламын. Қалағанымдай шықпай жатса, біраз уақытқа қоя тұрамын. Уақыт өте кіріскенде, сәтті шыға келеді. Соңғы уақытта аниме стилі қызықтыра бастады. Замандастарымның көбі білер, жапондық Наруто атты мультсериал шықты. Үзбей көрдім. Кейін осы туындының кейіпкерлерін қағазға түсіре бастадым. Сурет салғанда әрқайсысының ішкі әлеміне, анименің сюжетіне үңілесің. Осы картиналарымның ішінде Какаша Хатаке есімді кейіпкердің бейнесі өзіме қатты ұнайды. Бірнеше рет өшіріп, оны әйтеуір 4-5 күн салып шыққан едім, — дейді Әділхан Рауанұлы.
Қазір суретші Әділхан сурет салуды сәл доғарыпты. Шабытым оянған күні қайта қолыма аламын дейді. Осы ретте, бос уақытында тағы немен айналысатынын сұрадым. Бір күліп алды да:
— Бос уақытта өзімнің қатарластарым сияқты телефонда отыратыным бар. Кейде ойын да ойнаймын. Фильмдер көп көремін. Сурет салғандықтан, өзге авторлардың жұмыстарына қызығып, көп қараймын. Бірақ қазір көп уақытымды оқуға бөліп жүрмін. Бірінші курста оқимын. Бағана айтқанымдай, сәулет өнеріне емес, журналистикаға бет бұрдым. Мамандар кеңес берді. Сәулет саласы мен сияқты баланың төрт қабырғаға қамалып қалуына жетелеуі мүмкін екен. Саралай келсем, мен шынымен көпшілік ортада жүргенді қалайды екем. Адамдармен әңгімелесіп, араласқанды жақсы көремін. Ақыры журналистиканы таңдадым. Негізі, өзімді шоумен ретінде елестетемін. Жалпы, қайнаған ортада жүргім келеді. Келешегімді Алматы қаласымен байланыстырмақ ниеттемін. Тау бөктеріндегі қала шабыт сыйлайды. Тауды сондай жақсы көремін. Бәлкім, әлі де бағытым өзгерер. Әйтеуір, даму, өсу жолында аянбаймын, — дейді кейіпкеріміз.
Көпшіл Әділхан достыққа адал. Әрбір ортадан дос тауып алады. Әсіресе, колледжде достарым көп болды, дейді ол. Әлеуметтік желілер арқылы тілдесіп, араласып тұратын онлайн достары да аз емес көрінеді. Десе де, қоғамдағы көзқарас әлі де өзгерсе деген тілегін де білдірді. Кейде адамдар өзге әлемнен келген бейнеге қарағандай, тесіліп тұрып көз тігеді, дейді.
— Әрине, мұндайға бала кезден үйренгенмін. Күресудің де еш мәні жоқ. Алайда, осы көзқарас өзгерсе деймін. Өздері сияқты қабылдап, қарым-қатынас жасағанын қалаймын. Қолдан келгенше, көмек көрсетсе деймін. Бірақ ақшалай емес. Бала кезімде арбамда жай ғана отырғанда адамдар жүгіріп келіп, ақша тастағанда өзімді жаман сезінетінмін. Қажет болса, қаржыны өзім де табамын. Олай аяушылық көрсеткенді ұнатпаймын. Мүгедектігім үшін кемсітіп тұрғандай көрінеді. Бірақ мен өз бағамды түсірмеймін. Басымды жоғары ұстап, алға басамын. Өзімді жақсы көремін. Өзіңді жақсы көріп, қабылдай алсаң, өзгелер де солай құрметін аямайды. Күйзеліске түсе берсең ешкімге керек болмай қаласың. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандарды барынша қоғамға араласуға шақырар едім. Ұялып, қысылудың қажеті жоқ, — дейді өмірге құлшынған Әділхан Қыпшақов.
Кездесу барысында Әділханның аузынан шүкіршілігі түспейтініне тәнті болдым. Сенесіздер ме, өмірге бір өкпе-реніші жоқ.
— Мен бақыттымын. Ата-анама ризамын. Мені мүгедек деп есептеген емес. Барлық бауырларыммен тең көреді. Отбасымда жан-жақты қолдау бар. Анам ары-бері тасып, діттеген жеріме жеткізіп жүреді. Қалауымды орындайды. Ешқашан өміріме налып, ата-анамнан «неге осылай тудым» деп сұрап көрмедім. Меннен де ауыр дерті бар жандарды көремін. Сондықтан шүкір деймін. Бастысы, миым, санам бар. Қалғанының ретін келтіруге болады. Он екі мүшесі сау адаммен бірдей тірлік жасауға қауқарлымын. Тіпті, артығымен жасаймын, — дейді Әділхан.
Ол рас, сурет салудан бөлек, Әділханымыз саусақтары болмаса да, шынтағымен-ақ қазақтың қара домбырасын шертіп жүр. Ән де айтады. Керек десеңіз, тамақ та пісіріп бере алады. Қазір Әділханды павлодарлық Ник Вуйчич деп те атап кетті. Тілдесуден кейін одан да биік белестерді біздің Әділхан бағындыратынына сендім. Анасы ұлын аяқтан тұрғызғанша тыным таппайтынын айтып қалды. Әлі де медицинаның мүмкіндіктерін пайдаланып, протез қою жолдарын қарастыруды жалғастыра бермек. Ол баласының қайсарлығына риза. Осындай қолдау, қамқорлықпен Әділхан әлі әлемді мойындататыны анық. Талма, самға, Әділхан!
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.