Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл елімізде халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы қызметтерді лицензиялау жүйесі енгізілуде. Бұл жаңашылдықтың мақсаты не? Халыққа қандай пайдасы бар? Осы уақытқа дейін облыс бойынша неше лицензия алынды? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрсек.
Сапа жақсарады
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, лицензиялау арқылы арнаулы көмекті қажет ететін жандарға көрсетілетін әлеуметтік қызмет сапасын жақсарту, осы саладағы түрлі бұзушылықтардың алдын алу көзделуде. Бүгінгі таңда Павлодар облысы бойынша
22 мемлекеттік және бизнес өкілдері жаңа лицензияға қол жеткізген. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де қызу жалғасуда.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті жүргізген лицензия алдындағы талдау қорытындысы бойынша арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін бір мың ұйымның
70 пайызынан астамының ғана талапқа сай жұмыс істейтіні анықталған. Соның салдарынан бұған дейін арнаулы әлеуметтік қызметтер кейбір жарымжан жандарға өз деңгейінде көрсетілмегені белгілі болды. Бұл жөнінде аталмыш комитет төрағасы Төлеген Оспанқұлов:
— Осы бағытта жұмыс істейтін ұйымдардың меншік нысанына қарамастан, арнаулы әлеуметтік қызметтің тиісті сапасын қамтамасыз ету қажеттігі көптен бері туындап келеді. Бұл орайда өткен жылы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының бірінде мүгедектігі бар балалардың тағамнан уланып, тіпті адам шығыны орын алған қайғылы оқиғаны еске түсірсек жеткілікті. Жүргізілген кешенді тексеру нәтижелері бойынша осы ұйымда мүгедектігі бар балалардың құқықтары өрескел бұзылғаны анықталды. Яғни, тұрмыстық қызметтер толық көлемде көрсетілмеген, төсек-орын, киім және аяқ киім берудің минималды нормалары сақталмаған, скринингтік тексерулер жүргізілмеген, тамақтану нормалары бұзылған. 2024 жылдың 11 айында жүргізілген 167 тексеру нәтижесінде 148 субъектіге анықталған бұзу-шылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, жалпы сомасы 1,75 млн теңгеге 15 айыппұл салынды, — деді.
Міне, бұған қарап-ақ, лицензиялау жүйесін енгізудің маңызы зор екенін аңғаруға болады. Себебі, сөз басында атап өткеніміздей, лицензиялауды енгізу арқылы ғана арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласының жұмысын жандандыруға, қызмет алушылардың қауіпсіздігі мен құқықтарын сақтауға кепілдік берілмек.
Біліктілік артады
Мамандардың айтуынша, аталмыш қызмет түрінің сапасы екі негізгі факторға тікелей байланысты. Атап айтар болсақ, қызметкерлердің кәсіби біліктілік деңгейі және қызмет көрсететін ұйымдардың белгіленген талаптарға сәйкес келуі.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі таңда республика бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласында еңбек ететін 12,7 мың әлеуметтік қызметкер тіркелген. Өкінішке қарай, олардың тек 12 пайызының ғана бейіндік білімі бар екені анықталған. Қалған 88 пайызы медицина, педагогика, экономика және басқа да сала мамандары болып табылады. Осыған орай кадрлардың сапасын арттыру үшін былтыр әлеуметтік қызметкерлерге қойылатын талаптарды белгілейтін кәсіптік стандарт әзірленіп, сол бойынша 8 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер бейіндік оқытудан өткен. Оларға сертификат берілген. Ал ағымдағы жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен меморандум жасасқан мамандандырылған кафедралары бар 14 қазақстандық жоғары оқу орнында әлеуметтік қызметкерлердің қайта даярлау немесе біліктілік арттыру курстарынан өтуіне мүмкіндік берілмек.
Сонымен, алдағы уақытта осы сала мамандары біртіндеп білім-дерін жетілдіре алады.
Шарттар қандай?
Арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялаудың өз талап-тәртібі бар. Министрлік ұсынған лицензия алудың негізгі шарттарына тоқталар болсақ, олар:
— арнаулы қызмет ұсынуға жарамды, санитарлық және өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес келетін ғимараттың болуы;
— көрсетілетін қызметтердің тиісті сапасын қамтамасыз ететін қажетті материалдық-техникалық базаның қалыптасуы;
— қызметкерлер құрамының болуы және халықтың аз қозғалатын топтары үшін ғимараттардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге баса мән берілуі тиіс.
Бүгінгі таңда әр өңірдегі жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік арнаулы қызмет көрсету орталықтарын белгіленген талаптарға сәйкес келтіру бойынша үздіксіз жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, лицензиядаудан өту үшін көмек сұрап келген мекеме мамандарына да тиісті кеңес беріліп, қолдау көрсетілуде, дейді министрлік өкілдері.
Рұқсат берілмейді
Ескерте кететін жайт, бұдан былай елдегі лицензиясы жоқ ұйымдар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсете алмайды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлім етті.
— Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету сапасын арттыру үшін 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы қызметті цифрлық форматта лицензиялау енгізілді. Бүгінгі таңда 384 лицензия берілді, 291 өтініш бойынша бас тарту туралы шешім қабылданды. Оған себеп — қолжетімділіктің болмауы, өрт қауіпсіздігінің сақталмауы, ең төменгі штат бірліктерінің белгіленген нормаларға сәйкес келмеуі және басқа да мәселелер бар. Ал лицензиясы жоқ ұйымдар осы жылдың наурыз айынан бастап арнаулы әлеуметтік қызмет ұсына алмайды, – деді министр.
Атап өтерлігі, бүгінде 82 мыңнан астам адам 558 орталықта арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Осы айдан бастап олардың қатарындағы лицензиялаудан өтпеген мекемелердің ары қарай қызмет көрсетуіне рұқсат берілмейді.
Нұржайна ШОДЫР.