«Тіл үшін күресті отбасынан бастау керек»

Қаз 9, 2025

Әр елде, әрбір аймақта өзінің ақылшысы, арқа сүйер азаматы болады. Осындай елге тұтқа, жерге пана бола алған азаматтар, ел ағалары Екібастұз қаласында да бар. Соларды бірі һәм бірегейі ретінде қоғам белсендісі, өнер мен мәдениет жанашыры Серік Заңовты атасақ, қателеспеген болармыз. Кейіпкеріміз бүгінде Екібастұз қаласының МАЭС-2 ауысым басшысы қызметін атқарса да аймақтың рухани түлеуіне өзінің үлесін қосып келеді. Ағамызды әңгімеге тартып, өзінің өскен ортасы, кеншілер шаһарының мәдени ахуалы, тіліміздің келешегі және басқа да тақырыпта кең ауқымды сұхбат жүргіздік. 

– Серік Амантайұлы, алдымен өзіңіздің туып-өскен жеріңіз, өскен ортаңыз, тәлім-тәрбие алған адамдар туралы айтсаңыз…

– Туып-өскен елді айтпас бұрын, алдымен ата-бабам жайында бірер сөз айтайын. Әкем мен арғы аталарымның мекені –  Ерейменнің ең шұрайлы қонысы, Қоянды Қойтас деп аталатын жерлер. Кешегі өткен арысымыз Иманжүсіп Құтпанұлы:

«Есіл-Нұра, Ереймен қара  Қойтас,

Көзімнен бұл-бұл ұшты дүние жалған», — деп жырлаған екен. Осы өлкенің бір пұшпағы Шат деген ауыл – біздің алтын бесігіміз. Кеңес өкіметінің адамдары еріксіз жерімізді алып, дүние-мүлкімізді тәркілеп көшіргесін бұрын төлеңгіттер тұрған Айтмағанбет ауылына колхоз құрып, сол жерде әкем Амантай дүниеге келіпті. Ол 1936 жылдың қараша айы екен. Жалпы мені «Заңның Серігі» деп атайды көпшілік. Енді сізде:  «Бұл Заң деген кім?» деген сұрақ тууы мүмкін. Жоғарыда айттым, әкемнің аты –
Амантай, атамның аты – Төлеу, мен неге Заңның баласымын? Бұл Заң – Төлеудің әкесі. Жасынан домбыра тартқан, қолынан дүние құрар іскерлігі бар, ақын болып шаршы топта айтысқа түскен кісі. Отыздан асып үйленіпті, ұлы әжеміз — Жексекейқызы Ханафия. Міне, осы Заң атам баласы Төлеудің жасаған қияңқылықтарына ашуланып, ұрмақшы болған, сонда әкесі Матыш қажы: «Бұған қолыңды көтерме, бағың қайтады, осының ұрпағы сенің атыңда қалады. Қасиетің осының ұпағына дариды» —
деп айтқан екен жарықтық. Сол бабам айтқандай, менің баламның баласы немерелеріме дейін Заңның атында. Әкем Амантай Төлеуұлы 1964 жылдың қараша айында Екібастұз ауданының бұрынғы Екібастұз кеңшары – Төртүй ауылына көшіп келген. Ал мен 1967 жылдың наурыз айында дүниеге келіппін. Туғаннан аурушаң, әлжуаз болсам керек. Әкем секем алып қайта көшіпті еліне, барар жолда бір жол тосқан жолаушыны отырғызады. Әлгі адам әкеме: «Ұлым өліп қалады деп қорқып отырсың ба? Жоқ, аман болады» дейді де, қолына қағаз алып, жазу жазып береді. Содан: «Мынаны мойнына тұмар қылып тақ, атын жеңіл қой, өскесін елі қойып береді» – деген екен. Мен әлжуаз болғандықтан, барлық ауыртпалықты әжем Әнти Ыбырайқызы мойнына көтерді, сол себепті туғаннан әжемнің баласы атандым. Одан бөлек дәрігеріміз Аршакиян Гариб Гарапетович деген кісіге, ішірткі оқитын емшіміз – Ахмет шалдың бәйбішесіне қарыздармын. Міне, мені адам қатарына қосқан осы үш адам десем, артық айтқандық болмас.

– Сіздің қазақтың өнерін сіңіріп, өлең сөзін жаттап өсуіңізге мектептегі ұстаздарыңыз әсер еткен болар…

— 1974 жылы алғаш Екібастұз орта мектебіне 1-сыныпқа бардым. Міне, осы жерде менің өміріме үлкен өзгеріс беріп, болашағыма жол сілтеген жандар алдымнан көптеп кездесе бастады. Бір қызығы, осы мектепте алғашқы қоңырауды да, соңғы қоңырауды да мен соғыппын. Менің өміріме өшпес із қалдырған ұстаздарымның ішіндегі шоқтығы биігі – Қайыржан  Құспекұлы. Мектепте жүргенде басымнан сипап, «Адам бол» деп айтатын ақылы бүгінге дейін жадымда. Жаз айында ауыл баласының не тындыратыны белгілі ғой. Мен апамның баласы болғасын үнемі велосипедпен жүремін. Сонда ұстазым көріп, қолын бұлғап шақырады жарықтық. Жанында кілең жалпақ галстук таққан, бұйра шаштарын артына қайырған нұрлы жүзді адамдар, соларға сәлем бергізеді. Ол кезде жай тоқтай салу жоқ, ызғытып келіп, тежегішті басып, жата қаласың. Қолыңның сыртымен мұрныңды бір сүртіп қойып «Ассалаумағалейкум» — деп сәлем бересің. Қайыржан аға ана кісілерге: «Бағанағы айтқан осы бала» – деп таныстырып жатады. Бірде маған Мағжан деген керемет ақын болғанын, ол жайында күндердің күнінде еститінімізді айтып бергені бар. Мен ол туралы әжемнен сұраймын. Ол кісінің екі көзі шарасынан шығып: «Оны кім айтты?» — деді. Содан кешке Қайыржан мұғалімді тосып алып: «Қайыржан қарағым, баланың басын қатырма. Мағжан – бүгін айтатын адам емес» – дегені бала жүрегімде жатталып қалып қойыпты.

Ауылда жүргенде елдің дуалы ауыз ақсақалдары – Жылқыбай Мұқатұлымен (палуан), Дүкен Ағалиұлымен (алғаш кеңшарды құрған) дос болғаным бар. Бір қызығы, Жықаң меннен 70 жас үлендігі бар болса, Дүкен атаның 72 жасында туыппын. Бірақ, дана қариялар мені баласынбай, жассынбай жанына тартып, көрген-білгенін айтып кетті. Жарықтықтар өмірінің өтіп бара жатқанын түсініп, талай әңгімені құлағыма құйып кетті. Менің әжемнің де ескі сөзге ұста болғанын қоса айтқым келіп отыр. Міне, осы жағдайлар менің ұлт руханиятына жақын, тарих пен шежіреге жүйрік болып өсуіме көп әсер етті.

– Бір әңгімеңізден студент жүргенде «ұлтшыл-экстремист» деген жала жабылғанын естіп едік…

– Иә, мен мектеп бітірген соң әскерге аттанып, азаматтық борышымды Польша халық республикасындағы Варшава келісімімен шоғырланған совет әскері қатарында атқардым. Одан келген соң Целиноград ауылшаруашылық институтына түскем. Сонда оқып жүрген кездегі жеке көзқарасымызды, өзіміздің ой-пікірімізді бүкпесіз ашық жеткізгеніміз үшін және басқа да қоғамдық жұмыстардағы белсенділігіміз үшін қудалауға ұшырадық. Атап айтқанда, бірнеше студентке «ұлтшыл-экстремист» деген жала жауылып, ақыры қашуға мәжбүр болдық. Содан Солтүстіктегі Булаев ауданының Майбалық ауылында біраз жасырынып жүруге тура келді. Кейін қазақ жастарына жапқан пан-тюркист жаласы алынған соң туған ауылыма келіп қызмет ете бастадым.

— Жоғарыда ауыл шаруа-шылығы институтында оқыдым дедіңіз. Ал энергетика саласына қалай келдіңіз?

— Ауылға келген соң спорт жөніндегі әдіскер болып еңбек жолымды бастадым. Одан кейін комсомол комитетінің хатшысы болдым. Ал совхоз директорының жастар жөніндегі орынбасар кеңесшісі қызметін Кеңес одағы ыдырағанша атқардым. Совхоз тарап, бала-шағаны асырау қиындаған жылдары Екібастұз қаласына көшіп келдік. Алдымен атамнан жалғасқан кәсіп – ағаш жону ұстасы болып орналастым. Кейін қарап отырсам, екі қолға бір күрек табу үшін, балалар аш қалмас үшін қандай жұмыс болса да істей берген көрінеміз. Жылдар жылжып, жасымыз отыз беске келгенде, әр жұмыстың басын бір қайырып жүру дұрыс болмас деп ойлап, МАЭС-2-ге қатардағы электро-слесарь болып бардым. Содан еңбегімді бағалап, бүгінгі күні ауысым басшысына дейін көтерді. Қызмет бабында сапалы электр энергиясын өндіріп, оны сату жүйесіне дейін басқарып отырған жайымыз бар. Жалпы бұл мамандық — мидың, ойдың тазалығын, білімді және білгірлікті қажет ететін мамандық. Осы мамандықты болашағыммен байланыстыру – өзіме Алланың берген үлкен сыйы деп түсінемін.

– Рахмет. Жас кезіңізде ел аралап, серілік құрдыңыз, той басқардыңыз. Бұл енді кішігірім болса да, табыс көзі екені анық. Ал сіз елге не бере алдыңыз?

– Еліміз егемендік алып, бөркімізді көкке атқанымызбен, шырағымыз өшіп, өткеніміз сағымға айналған кез еді. Сонымен, ескінің естияр сөздерін халыққа қалай жеткіземіз, бұрынғы бабаларымыздың даналық сөздерін қайда барып айтамыз деген сұрақ туындай бастады. Міне, осы ойдың жетегінде жүріп, той саласына түсіп кеттік. Қазақтың көп баратын жері – той. Осылайша, ана тіліміздің байлығын, бұрынғы жақсылардан қалған шежіре-дастандарды осы той арқылы елдің құлағына құя бастадық. Жалғыз мен емес, елім деген азаматтар әр жерден, әр өңірден шыға бастады. Сөз саптау өнерін паш еттік, батырлар мен билердің айтқан сөздері мен ерлігін насихаттадық. 13 жасымнан беташар айтып, туфли ұрлау, келін ұрлау, ыдыс-аяқ сындыру секілді және басқа да абыройсыз билер мен санасыз ойындарды тоқтаттық. Аталы сөзге арсыз да таласа алмайтын халге жеткіздік. Сөйтіп бірте-бірте елді аузымызға қаратып, бұрын тойға келмейтін қарттарымыз төрден қайта орын алғанын көзіміз көрді. Соңымыздан шәкірт ерттік. Халықтың жүрегіне қазақылықты сіңірдік десем, артық болмас. Қазақтың тойын барынша тәрбиелі өткізу үшін іздендік, кітап оқыдық, айтар сөзімізді байқап, бағалап сөйледік. Төрдегі абыз-ақсақалдардың ризашылығын көзінен таныдық, берген батасынан сезіндік…

– Әрине, бұл түсінген жанға өте маңызды құрал. Керек кезінде қолданылған ұтымды тәсіл екен. Ал бүгінгі тойларға, бүгінгі тойларды басқаратын өзіңіздің ізбасарларыңыз туралы не дер едіңіз?

– Бұрынғы той мен бүгінгі тойды салыстыруға келмейді. Басынан соңына дейін дабыра, даңғырлақ, ащы айқай, бірінің аузына бірі түкіргендей қайталанған сценарий. Көргенсіз ойын, жабайы би. Мұны ата-анамен, бала-шағамен бірге отырып көру мүмкін емес. Ашығын айтқанда, ақшаның құлы болып кетті. Тойға амалсыздан баратын күйге түстік. Екі жасқа өміріне азық болар ақыл айтатын адам азайды. Қариялар тойдан қашып, құдалық тойды төңіректеуде. Ал бара қалса, тойдан емес, ауыр жұмыстан қалжырап келгендей құр сүлдері қалады. Бұндай жабайы тойдан қайтарып едік, енді сол жабайылыққа қайта қайтқанына ішім қынжылады. Біреудің кемшілігін жалпақ жұртқа айтып күлдіру – нағыз қылмыс. Осындай жағдайға душар болғанымызға таңдана қараймын. Әттең, біздің кездегі ақсақалдар болса таяғымен тартып жіберер еді. Бәріне топырақ шашпаймын, жақсы асабалар бар, бірақ солар азайып, шоумен дегендер көбейіп кетті. Бір грузин досымның айтқаны бар: «Грузияға бұрын барғанда сендер той басқаруды қазақтардан үйреніңдер. Бір адам бес жүз адамды бір кісідей басқарады деп айтатын едім. Енді мына тойларға барғым келмейді. Бос даңғыр, қызыл-жасыл киінген адамдардың әйел-еркегін ажырата алмайсың» — дейді. Бұған қосарым жоқ. Біз қатарлы есті асабалар бір кезде қазақтың тойын дәстүр мен тәрбие алаңына айналдырған еді, міне сол еңбегіміздің еш болғанына өкінеміз.

– Еліміздің бүгінгі тұрмысы мен мәдени-рухани ахуалына көңіліңіз тола ма?  Сізді не алаңдатады?

– Мені алаңдататын ең үлкен мәселе — ол ана тіліміздің жағдайы. Өзі қазақ бола тұрып, қазақша сөйлемеген адам бойында ақауы бар ауру адам деп есептеймін. Кейбір жастардың аузына бірнеше тіл сыйғанда өз ана тілі сыймағаны қалай?! Расында, бұл отыз жылдан бері айтылып келеді, жауыр болуға айналды. Бірақ, егер халық оянбаса, әлі отыз жыл айтылады. Отан отбасынан басталады. Кеше қылышынан қан тамған кеңес үкіметі тұсында бізді ана тілімізде оқытты ата-анамыз. ертең жағдайы қалай болар деп қорыққан жоқ. Қайта біздің мектепте қазақ тілінде оқығандардың алды академик болды, біразы ғылым жолымен Америка, Еуропаны таңқалдырып жүр. Жалпы тіл үшін күрес отбасынан бастау алғаны дұрыс. Керегі жоқ кеңес жасай бергеннің түкке керегі жоқ. Үлкен қызметтегі басшылар, ел билеген шонжарлар тек қазақ тілінде сұхбат берсе. Дүкендерде, басқа халық көп баратын жерлерде тек қазақ тілінде болған болса, мұқтаждық туар еді. Амалсыздан мәжбүрліктен туындап отырған жағдайда тіл мәселесі шешімін табар еді. Тіл майданында жүрміз деген кейбірінің баласы қандай мектепте оқып жатыр?! Міне гәп қайда жатыр? Түбінде тіл үшін күрескендермен күресіп кетпесек болды. Жоғарыда айттым, ана тілі отбасынан басталады. Ешкімге құпия емес, көрші елдің пропагандасы тіл мәселесіне келгенде өршіп тұр. Мысалы,  Маша мен Аю, машина мен ойындар. Бұларды көріп өскен ұрпақ соны бойына сіңіруде. Тілі сол тілде шығуда. Менің де немерелерім соны көріп өсті және келіннің өскен ортасы орысшаға жақын болды. Алайда немеремді қазақ сыныбына бердік. Алғашқыда қиын болды, мектептен жылап келетін, енді міне қазір оқу озаты, домбыра тартады. Келіннің өзі қазақша мақал-мәтелмен сөйлейтін халге жетті. Осылай әрбір шаңырақ, әрбір отбасы өзінің үлесін қосқан болса, басқа ұлттар амалсыздан сөйлер еді. Ақша шашып, ана жиналыс, мына жиылыс дейтін уақыт өтті. Қазақ мемлекетінің басын қосып, нағыз мемлекет қылушы — ол тілі.

– Сізді әлеуметтік желіден көріп жүреміз. Әр түрлі мәселе бойынша өзіңіздің пікіріңізді білдіріп отырасыз. Жалпы, Тәуелсіздіктен бері Екібастұз өңірінің әдебиеті, мәдени-рухани ахуалы қалай өзгеруде?

– Екібастұз қаласы – менің өмірімнің бір бөлшегіне айналған қала. Өзімнің шексіз махаббатымды осы кеншілер шаһарына арнағым келеді. Бұл кеше көптеген жақсылар мен жайсаңдар, ғалымдар мен ғұламалар шыққан Баянауыл мен ишандар мекені атанған Ақкөл-Жайылманың ортасында тұр. Бұл қаланың әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуі жолында осы екі киелі елдің рухани сән-салтанаты өте зор ықпал етіп отыр. Бұл жерде сөз бастар қариясы, ақыл айтар дариясы — бәрі бар. Жалпы, Екібастұзда тұрып өнер мен мәдениеттен құнар алмау мүмкін емес. Себебі, бір жақ қапталында Баянауыл, екінші жағында шоқтығы биік Ақкөл тұрса, қалай рухтанбайсың?!  Қазір Екібастұз өнер мен мәдениеттің шоғырланған ортасына айналды, дарынды да талантты жастар өсіп келеді. Мен осыған қарап қуанамын, қуаттанамын.

– Жақында Екібастұзға театр ашылу мүмкін деген хабар естідік. Бұл жайлы не дейсіз…

– Жалпы, шетелдік нормамен есептейтін болсақ 140 мың адам тұратын қалада 14 театр болу керек екен. Сондықтан бізге екеу-үшеу болмаса да, бір театрдың қажеттілігі айдан анық. Жоғарыда айттым, бізде өнерге құштар жастар шоғыры қалыптасқан деп. Өз басым сол көркемөнерпаздар ұжымының қойы-лымдарына, шығармашылық кештеріне барып жүремін. Сонда бір түйгенім, екібастұздықтардың театр өнеріне деген сүйіспеншілігі өте жоғары екен. Сондықтан бізге бір театр керек деген сөзді тағы айтамын. Себебі, театр – адам өмірінің айнасы. Мен жоғарыда айттым, қазақ тойының мәні мен сәні кетіп барады деп. Енді осындай жағдайда біз отбасымызбен театрға барып, есті сөз тыңдап, өнегелі өнерді тамашаласақ жақсы емес пе?! Жас ұрпаққа шын өнердің қандай екенін осы жерде көрсетуіміз керек.

— Жергілікті билік өкілдерімен байланыс бар ма? Осындай елге, ұрпаққа қажет дүниелерді билікке қалай жеткізіп жүрсіздер?

— Қазіргі әкіммен тығыз байланыс жоқ. Ал бұрынғы басшылар жергілікті зиялы қауым өкілдерін әкімшілікке шақырып, өздерінің ойларын айтып, біздің пікірмізді тыңдап тұратын еді. Кез келген жоспарды іске асырар кезде осылай елдің үлкендерімен ақылдасар еді. Қазір ол үрдіс үзіліп қалды. Сондықтан шенеуніктер елдің ішінде жүрген адамдармен жиі байланыс жасап, сұхбаттасып отырса, елге де, өзіне де үлкен абырой болар еді.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан  — Тілеуберді САХАБА.