Қазақстанға өзге елдерден көшіп келіп, қоныстанып жатқан қандастардың қатары аз емес. Павлодар облысы ішкі және сыртқы көші-қон бойынша Үкімет белгілеген аймақтардың бірі болғандықтан, жылына мыңдаған адам келіп орналасуда. Әйткенмен, шеттен келген ағайындардың алдынан түрлі кедергілер кездесіп жататыны жасырын емес. Соның бірі – автокөлік құралдарын рәсімдеу мәселесі.
Заң бойынша, қандастарға бір отбасына бір көлікті жеңілдікпен рәсімдеуге рұқсат бар. Яғни, үш түрлі төлемнің бірі – кедендік төлем бойынша жеңілдік берілген. Бұл туралы «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңы 23-бабының 4-1 тармағында көрсетілген. Онда «Этникалық қазақтар және олардың отбасы мүшелері (қандас) Қазақстан Республикасының аумағына келген кезде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және (немесе) кеден заңнамасына сәйкес, көлік құралдарын қоса алғанда жеке пайдалануға арналған мүлкіне кедендік төлемдерді төлеуден босатылады» деп жазылып тұр.
Бірақ, Павлодар облысына келген қандастар бұл заңды пайдалана алмай отыр. Мысалы ретінде айтар болсақ, өткен жылы жазда көшіп келген Аязбай Тухпи есімді азамат өткен жылдан бері өзінің отбасының игілігі үшін алып келген автокөлігіне мемлекеттік нөмір ала алмай жүр.
– Құжаттарым барлық талаптарға сай келіп тұр. Тұрақты тіркеуге тұрдым, қандас мәртебесі мен ықтиярхатты алдым. Мемлекет тарапынан берілетін жолақы, тұрғын үй сертификатына өтініштер берілді. Яғни, Қазақстанда тұрақты тұрамын деген ниетпен түбегейлі орналастық. Негізі тәртіп бойынша көлікті сатып алған уақыт пен қандас мәртебесінің арасы алты ай болуы керек. Бұл талапты да орындадық. Бірақ, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері түрлі сылтау айтып, құжатымызды қабылдаудан бас тартуда, — деді ол.
Қандастың жанайқайын тыңдаған соң мәселенің мән-жайын білмекке Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бекет басшысы Төлеш Жүнісовпен жолығып, осы сұрақты қойдық. Ол барлық мәселе ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің нұсқаулығында екенін айтады. Айтуынша, аталған Комитет әдістемелік нұсқаулықты дайындағанда оған қажетті құжаттар тізіміне қандас мәртебесі туралы куәлікті қоспаған. Нақтырақ көрсетер болсақ, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты жекелеген мәселелер туралы» Шешімінің №3 тармақшасында мерзімдерді есептеу тәртібі түсіндірілген. Ол жерде «Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, қандастарға, этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне Заңның 23-бабында көзделген мемлекеттік қолдау шараларын көрсету мақсатында №107 Шешімде белгіленген кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып, жеке пайдалану үшін көлік құралын әкелу мерзімін қолдануды шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхат берілген күннен бастап қарау қажет» деп жазған.
– Мәселенің бәрі осы шешімге тіреліп тұр. Егер, бұл жерде ықтиярхатпен қоса қандас куәлігі қосымша жазылған болса, ешқандай мәселе болмас еді. Себебі, біз комитттің нұсқауымен ғана қабылдаймыз. Сондықтан, комитет бұл шешімді әлі де қарауы қажет деп санаймын. Себебі, қазір елге келіп жатқан қандастар көп, олардың барлығы көлік құралын тіркеу бойынша бізге келіп жүгінеді. Ал біз өз бетімізбен шешім қабылдай алмаймыз, — деді Мемлекеттік кірістер департаментінің бекет басшысы Төлеш Жүнісов.
Жалпы, ықтиярхат дегеніңіз Қазақстанға уақытша тұруға келген адамның бәріне, яғни, ұлты мен нәсіліне, келген жеріне қарамай берілетін құжат. Бұл уақытша берілетін құжат болғандықтан ол адам кез-келген уақытта келген еліне қайтып кете беруіне болады деген сөз. Ал «Қандас мәртебесі», ол – тек Атамекенге біржола көшіп келген, ұлты тек қазақ адамға ғана берілетін айрықша мәртебе. Соған қарағанда бізге жүгінген азаматтар осы мәртебені қажет кезінде пайдалана алмай отырған көрінеді. Осы мақаланы әзірлеу барысында осы мәселемен тұрақты түрде айналысып жүрген азаматтардың бірі, заңгер Досымбек Мұратпен хабарластық.
— ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сәйкес көшіп келген қандастардың қандай да бір мүлігінен кедендік салық алын-бауы тиіс. Атап айтар болсақ, автокөлік, киіз үй, кір жуу машина және басқа да ірі тауарлар кедендік салықтан босатылады. Егер, қандастар құжаттарын уақытылы рәсімдеп, талапқа сай әзірлеген болса ешқандай қиындық болмауы керек. Аталған азаматтың мәселесімен жете танысып, қолымнан келген заңгерлік көмегімді көрсетуге әзірмін, – деді ол.
Мәселенің мәнісін жан-жақты зерделеп, себебі мен салдарын анықтауға тырыстық, әлі де назарда ұстайтын боламыз. Жауапты мекемелер азаматтардың өтінішіне құлақ асып, мәселені бұдан әрі ушықтырмай шешіп береді деп сенеміз.
Тілеуберді САХАБА.