Бүгінде еңбек ететін әрбір азамат елімізде ай сайын айлығының 10 пайызы көлемінде зейнетақы жинақтау қорына міндетті жарна аударады. Соңғы жылдары мұндай жарна болашақ зейнеткерлер кірісінің жеткілікті деңгейін қамтамасыз етуге жетпейтіні туралы жиі айтылуда. Бұл жайында Бірыңғай зейнетақы жинақ қорының 2024 жылға жасалған жылдық есебінде де көрсетілген. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының есебіне сәйкес зейнетке шыққанда азаматтардың кірісін тым болмағанда 30 пайызы деңгейінде алмастыру үшін 40 жыл бойы 13 немесе 30 жыл бойы 18 пайыздан кем емес мөлшерде зейнетақы жарнасы белгіленуі тиіс екен. Ал 20 жылдық еңбек өтілі үшін, тіпті, 29,2 пайыз мөлшерінде жарнау аудару қажет деген пікір білді—рілген. Еліміздің сала сарапшылары зейнетақы жүйесін жаңғырту бағытында ұсыныстар топтамасын әзірлеуде. «4+1» моделін қолға алу ұсынылуда. Яғни, қазіргі қолданыстағы жұмыс берушілердің шартты—жинақтау тетігін аралас жүйеге алмастыруды көздейді. Жалпы, мұндай жаңашылдық жүйеге қандай өзгеріс әкелуі мүмкін? Нені ескеру қажет? Жарнаны көбейту кімге салмақ түсіруі ықтимал? Осы және өзге де сұрақтарға «Алаңда» жауап іздеп көрдік.
Галина ДМИТРИЕВА, әлеуметтік сала ардагері:
– Көп жыл зейнетақы жүйесінде жұмыс істедім. Қазіргі таңда сарапшылар ұсынып отырған модель жаман емес. Мұнда зейнетақы жарналарының көлемін жұмыс беру-шілер есебінен көтеру көзделген. Яғни, 10 пайыз, әдеттегідей жұмысшылардың айлығынан, 5 пайызы жұмыс беруші есебінен аударылмақ. Бұл дегеніңіз азаматтардың қалтасына еш салмақ түспейді. Керісінше, зейнетке шыққанда айтарлықтай жақсы зейнетақы алады. Мұның бәрі жұмыс істейтін азаматтарға қатысты, Бірыңғай зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысушыларға байланысты. Ал бізде жинақтаушы жүйеден басқа қазір ынтымақты және базалық зейнетақы бар ғой. Ол мемлекеттік бюджеттен төленеді. Алғашқысы 1998 жылға дейін еңбек өтілі барларға есептелген. Демек, 2048 жылға қарай бұл ынтымақты зейнетақы деген мүлдем болмайды, базалық зейнетақы қалады. Сондықтан, БЗЖҚ бөлек, базалық зейнетақы мөлшерін ұлғайтуға мән беру қажет дер едім. Бүгінде базалық зейнетақының максималды көлемі — 50 мың теңге. Үкіметте базалық зейнетақы көлемін күнкөріс деңгейінің 120 пайызына дейін көтеру жоспары барын білемін. Ол да аздық етеді. Менің ойымша, алдағы уақытта базалық зейнетақы мөлшерін қайта қарау қажет. Үкімет зейнетақының үш түрін де жыл сайын инфляциядан 2 пайызға асыра индекстейді. Бұл тұрғыдан өте орынды қадам жасалады. Алайда, қызмет, тауар бағаларының қарқынды өсуінен зейнетақының артқанын көпшілік сезбей қалуда. Себебі, инфляция жұтып қояды. Міне, осыны ескеріп, биліктегілер инфляция деңгейін ұстап тұруға назар аударса деймін. Ал жинақтау қорына жарнаны ұлғайту болашақ зейнеткерлер үшін тек жақсы нәтиже берері сөзсіз.
Нұргүл АЙҒОЖИНА, жеке кәсіпкер, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты:
– Әлемдік тәжірибелерге сүйеніп, елдегі жағдайды саралап, кез келген саланы жетілдіру, кез келген жүйені өзгерту заман талабы екені сөзсіз. Осы ретте, зейнетақы жүйесіне қатысты да жылда әрдайым түрлі ұсыныстар айтылуда. Қоғам зейнет жасын төмендетуді жиі көтеріп жүр. Жалпы, өз басым зейнет жасын төмендетуді құптаймын. Қазіргі таңда көпшіліктің денсаулығы зейнеткерлікке дейін жұмыс істеуге жарамай жататыны жасырын емес. Ал зейнетақы жарнасын жұмыс берушілер тарапынан ұлғайтуды қолдамаймын. Жеке кәсіпкер ретінде мұндай өзгеріс кәсібін әупірімдеп жүргізіп келе жатқандар үшін соққы болады. 2026 жылы Салық кодексі аясында да өзгерістер бар. Мәселен, көптеген кәсіпкер жылдық кіріс мөлшерінің шегінің төмендетілуіне байланысты қосымша құн салығына өтуі мүмкін. Енді оған қоса қызметкерлеріне аударатын зейнетақы жарнасын өсірсе, біразының тұралап қалуына әкелуі әбден мүмкін. Зейнетақы жүйесін жаңғыртуда салмақты кәсіпкерлерге салмай, мемлекет өз мойнына алғаны абзал деген ойдамын.
Батырхан САБЫРОВ, Павлодар қаласының тұрғыны:
– Әркім зейнеткерлікке шыққанда лайықты зейнетақы алып, алаңсыз өмір кешкенді қалайды. Бірақ, қазіргі кезде айлығы шайлығына жетпей жүргендер аз емес. Жұмыс істеп, отбасын асырауды, бала-шағасына жақсы жағдай жасау үшін еңбектенеді. Жаңа жүйеде зейнетақы жарналарын жұмыс беруші есебінен арттыру ұсынылуда. Меніңше, көп азаматтар дәл бүгінгі күні жақсы жалақы алып, жайлы өмір кешуді қалайды. Сондықтан жұмыс берушілер есебінен зейнетақы жарналарын өсіргеннің орнына нақты табысымызды арттыруға күш салынса деймін. Табыс өссе, қорға аударылатын жарна да өздігінен ұлғаяды. Демек, азаматтар қазіргі жұмыс істеп жүрген шағында да, зейнеткерлікке шыққанда да қиналыссыз өмір кешеді. Шыны керек, бүгінде көпшілігіміз қазіргі жағдайымызға алаңдаумен күш кешеміз. Тапқанымызды керек-жарағымызға жеткізуге бас қатырамыз. Ертеңгі күнімізді ойлауға шамамыз келмей қалады. Сарапшылар әлемдік тәжірибені назарға алғанда еліміздегі еңбек нарығындағы жағдайды, айлық мөлшерін де ескерсе деймін. Сонымен қатар, зейнетақы қорындағы ақшамыздың инфляцияға ұшырамай, инвестиция әкелетіндей деңгейге көтеруге құзырлы мекемелер жұмыс істегені жөн болар.
«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.