2026 жылдан бастап өзге елде ғұмыр кешіп жатқан этникалық қазақтардың тарихи Отаны – Қазақстанға оралуына жан-жақты қолдау көрсетіліп, келген қандастардың елге бейімделуіне барынша назар аударылуы мүмкін. Себебі, жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Turkistan» газетіне берген сұхбатында Қазақстанға қоныс аударып келген қандастардың қазақ қоғамына үйренуіне, қысылмай кәсіп істеуіне кедергі болатын кейбір мәселелерді шешу керектігін тілге тиек етті.
Еліміз үшін көші-қон саясатының өзектілігі қашан да жоғары әрі күн тәртібінде. Әсіресе, еліміздің солтүстік және шығыс бөлігінде орналасқан облыстар үшін маңыздылығы жоғары. Павлодар облысы ішкі және сыртқы көші-қонмен келгендерді мемлекеттік бағдарлама бойынша қабылдайтын аймақтардың қатарында тұрғанын ескерсек, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар одан ары жандана түседі деп санаймыз.
Жақында ғана республикалық «Turkistan» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» деп аталатын көлемді сұхбаты шыққан болатын. Онда мемлекеттің дамуына қатысты өзге мәселелермен қатар көші-қон саясатына да назар аударып, қандастардың елге бейімделіп, үйренуіне тосқауыл болатын мәселелерді шешу керектігін атап өтті.
«Қандастар мәселесіне келсек. Әрине, мен сырттағы ағайынның тарихи Отанына оралғанын құптаймын. Бірақ олардың қоғамымызға дұрыс кірігуіне қатысты мәселелерді шешу қажет. Былтыр Қазақстанға 16 мыңнан астам қандас көшіп келген. Соның ішінде еңбекке жарамды азаматтардың он бес пайызының ғана жоғары білімі бар. Сол себепті көбі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделу барысында қиындықтарға тап болады» деп мәселені турасынан қойды. Сонымен қоса, олардың қоныстану аймағын халық санының тығыздығын ескере отырып, ретке келтіруді атап өтті.
Осы ретте, шеттен келген қандастардың біздің қоғамға кірігуіне кедергі болатын қандай мәселе бар деген заңды сауал туындайды.Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Болат Зауытұлының айтуынша, бұл салада шешімін таппаған мәселе әлі де шаш-етектен. Сондықтан, Атамекенге көшіп келгендерді қабылдау рәсімін барынша жеңілдетіп, қолдау шараларын бір жүйеге енгізу керек деген ұсынысын да айтты.
— Қандастардың шекарадан алғаш кіріп келуінен бастап олардың азаматтық алуына дейінгі аралықта қаншама проблема бар. Алдымен құжат жинау, рәсімдеу кезінде қиындыққа тап болады. Себебі, бұрынғы ереже өзгерген. Бұрынғыдай емес барлық құжат рәсімдеу жұмыстарын цифрландырып, онлайн жүйеге өзгертіп жіберді. Яғни, барлық өтініштерді жеке портал арқылы онлайн режимде қабылдайды. Бұны барлығы бірдей түсіне бермейді. Жаңа көшіп келген адамдарды қойып, кейбір ережені өзіміз түсінбей қаламыз. Содан кейін өтінімдер беру үшін әрбір адамда жеке-жеке электронды пошта, телефон номері болу керек деген талап қояды. Бір елден екіні елге келіп жатқан адамдар үшін оның бәрін орындау — өте үлкен мәселе. Себебі, қандастардың арасында жасы келген қарт адамдар көп, қазақ тілін білгенімен, криллица жазуын оқи алмайтын адамдар да бар. Сол себепті, барлығына ортақ әрі қолжетімді жүйе қалыптастыру керек, — дейді Болат Зауытұлы.
«Павлодар облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығы» мекемесінің маманы Елік Бердімұраттың хабарлауынша, қандастарды қоғамға бейімдеу, құжат рәсімдеуге көмектесу, оларды жұмысқа орналастыру жұмыстары рет-ретімен жүзеге асырылып келеді. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Қандастарды бейімдеу орталығы» қандастарды уақытша тіркеу бойынша көмек көрсетеді.
— 2025 жылы Павлодар облысына 240 отбасы, яғни, 1016 адам көшіп келіп, тұрақты қоныстанды. Қоныс аударушылардың ішінде еңбекке жарамды адамдар саны 500-ден асады. Олардың ішінде 150-ге жуығында орта және жоғары білімі бар. Бүгінгі таңда 200-ге жуық адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, ай сайын бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған қандастар да қатысып тұрады. Одан бөлек, қысқа мерзімді оқу курстары да бар. Яғни, азаматтардың бейімі мен қызығушылығына байланысты сол курстарға жіберіледі, — дейді ол.
2026 жылы аталған салада айтулы өзгерістердің орын алатыны аңғарылады. Естеріңізде болса, 2025 жылғы желтоқсанда Үкімет 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының тұжырымдамасын қабылдады. Бұл құжатта экономиканың қажеттілігі, азаматтардың мүддесі мен ұлттық қауіпсіздік мәселелері жан-жақты қарастырылған. Бірер күн бұрын Премьер-Министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында 2030 жылға дейінгі Көші-қон саясаты тұжырымдамасының негізгі ережелерін түсіндірді. Оның айтуынша, қазіргі заманда көші-қон саясаты қоғамдағы, экономикадағы және әлемдегі өзгерістердің айқын көрсеткішіне айналып отыр. Сондықтан көптеген ел өз көші-қон саясатын қайта қарап жатыр. Қазақстан да бұл бағытта нақты қадамдар жасап, көші-қон жүйесін заман талабына сай жаңартып келеді дейді.
— Біз отандастарымызды мемлекеттік стратегияны ұстануға шақырамыз. Өңірлік квотаға кірген қандастар көшіп келген кезде 5 жылға әлеуметтік келісімшарт жасайды. Мемлекет оларға көшуге, баспанаға және жұмысқа орналасуға көмектеседі. Ал егер отбасы бес жыл өтпей басқа өңірге көшсе, алған көмекті қайтаруға тиіс болады, — деп түсіндірді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, жаңа көші-қон саясаты кезең-кезеңімен енгізіледі. Қоғамның, бизнестің және өңірлердің пікірі ескеріледі. Заңды құрметтейтін, адал азаматтарға әрдайым басымдық беріледі. Цифрлық құралдар заңсыз әрекеттер мен жалған құжаттарды жоюға мүмкіндік береді.
Тілеуберді САХАБА.
