Монако елінде әр жыл сайын өтетін Монте-Карло фестивалі цирк әлемінде «олимпиада» әрі «әлем чемпионаты» деп аталады. Мұнда өнер көрсететін әр әртіс үшін бұл – тек жеңіс емес, өмірлік арманның шындыққа айналуы. Павлодарлық Котенёвтер отбасы да дәл сол арманға қол жеткізіп, әлемдік аренаны бағындырды. Әулет Монако ханшайымы Стефанияның жеке шақыруымен сахнаға шығып, Күміс клоун мүсінін жеңіп алды.
Котенёвтер отбасының цирк өнеріндегі танымалдылыққа жету жолы ұзақ болды. Әулеттің отағасы Илья Котенёвтің айтуынша, ол жасөспірім кезінде «Cirque du Soleil» шоуын кассетадан көріп, бір күні дәл сол сахнада өнер көрсетуді армандайды.
Илья – акробатикалық жолақта секіруден спорт шебері, ал жары Регина – спорттық акробатикадан Азия чемпионы, спорт шебері. Екеуі де бала кезінен бірге акробатикамен айналысқан. Илья Лас-Вегаста Cirque du Soleil құрамында жұмыс істеп, Швейцария, Қытай және Азияның басқа елдеріндегі цирктерде өнер көрсетті. Регина да цирк актрисасы болуды армандаған. Үш баланы дүниеге әкелген соң спорттық дағдысын қалпына келтіріп, арманына қол жеткізді.
– Бір уақытта Ильяның әріптесі жарақат алды. Біз дуэт құрып, әуе жанрында – мачта мен сақинада жаттыға бастадық. Сол уақытта балаларды тәрбиелеп, әлеуметтік желілерді жүргізе бастадық. Алғашқы ірі келісімшарт Қытайда болды. Dinner show форматында көрермендер кешкі ас ішіп отырып, шоуды тамашалады. Би нөмірлерінің арасында цирк әртістері шықты, ал біз әуе сақинасы мен мачтадағы трюктерді көрсеттік. Бұл Шаньси провинциясындағы Тайюань қаласында өтті, – деп еске алады Регина.
2024 жылдың тамызында отбасы халықаралық фестивальден арнайы шақырту хатын алады. Алдымен олар мұны байқау хатшысы жазған шығар деп ойлайды, бірақ хаттың авторы фестиваль директорының өзі болып шығады. Кейін олар отбасылық нөмірдің видеосын сұрайды.
– Ол кезде біз Қытай елінде жұмыс істеп жүрдік. Сол елдің заңы бойынша балаларды сахнаға шығаруға тыйым салынатын. Сондықтан балалармен бірге түсірілім жасай алмайтынымызды айттық, – дейді Регина.
Кейін отбасы бірнеше айға елге оралып, екінші келісімшартпен Швейцарияға аттанады. Олар елдің неміс тілінде сөйлейтін бөлігіндегі Шапито циркінде жұмыс істеп, жаңа нөмір дайындайды.
Бір кезде халықаралық фестивальден байланыс мүлде үзілгендей көрінді. Алайда дәл неке тойының мерейтойын атап өтіп отырған күні Котенёвтер отбасына күтпеген хат келеді.
– Хатта «Ертең сіздерге мистер Урс Пильц келеді, нөмірлеріңізді көреді» деп жазылған. Біз оның кім екенін білмедік. Кейін анықтасақ, ол Монте-Карло халықаралық цирк фестивалінің вице-президенті, цирк әлеміндегі аса беделді тұлға екен. Оның бізге арнайы келетініне сену қиын болды. Келесі күні ол шынымен келді. Шоудың алдында аз-кем әңгімелесіп, мистер Пильц Монако ханшайымы Стефанияның тапсырмасымен арнайы келгенін жеткізді. Фестиваль президенті әртістердің деңгейін өзі көріп, бағалауды тапсырған екен, – дейді Регина.
Өнер көрсетіліп болған соң, Пильц мырза қысқа ғана: «Жақсы көріндіңіздер, фестивальге лайықсыздар», – деп ризашылығын білдіріп кеткен.
– Кейін Урс Пильц нөмірге өзгеріс енгізуді ұсынды. Ересектерге арналған композицияға Зара тосын сый ретінде шығып, бір трюк орындауы керек болды. Біз келістік. Нөмір сегіз минутқа созылды. Содан кейін екі апта бойы жауап күттік. Қатты уайымдадық. Сол уақытта Швейцарияда кемпингте, автокөліктегі шағын үйде тұрып жатқанбыз. Күн сайын бір қаладан екіншісіне көшіп жүру оңай болмады. Ақыры 2026 жылға ресми шақырту алдық. Келісімшартқа қол қойып, бірден дайындықты бастадық. Сингапурден хореограф шақырдық. Дайындық таңғы алтыда басталатын.
Кейін біздің өнерімізді Стефания ханшайымның өзі тамашалады. Біз онымен таныстық, бірақ оның шынымен ханшайым екеніне бірден сене алмадық. Кездесу ресми емес болды. Ол бізді екі-үш жылдан бері бақылап келеді екен. Ол ешкімге сыйламаған естелік сыйлықтарын да тапсырды. Біз лайықты болатынымызға сендік, – дейді Регина.
Котенёвтер отбасы балаларын да сол әйгілі сахнадан көргісі келеді. Ұлдары спортшы болуды армандайды, ал қыздары Зара мен Илиана болашақтарын цирк өнерімен байланыстыруды қалайды. Егер лайықты нөмір дайындалса, отбасы үш жылдан кейін Монте-Карлоға
қайта баруды жоспарлап отыр.
Олар цирк өнерін жай кәсіп емес, өмір салты ретінде қабылдайды. Өзара әзілдескенде цирк әртісі болуды бақытпен теңейді. Алда Финляндия циркіндегі жаңа келісімшарт және балаларды үлкен сахнаға дайындау жоспары тұр. Бәлкім, алдағы жылдары Монте-Карло манежінде Котенёвтер әулетінің жас буыны жарқырап шығып, көрермен қошеметіне бөленер.
Айдана БОРАНБАЕВА.
