«Наурызнама» онкүндігі қалай өтеді?

Нау 12, 2026

Екі жыл бұрын ел Президенті ұлттық мереке – Наурыздың мән-маңызын арттырып, жаңаша бағытта атап өту туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай республикалық деңгейде «Наурызнама» тұжырымдамасы жасалып, сол бойынша он күн бойы түрлі тақырыптағы іс-шаралар өткізілген еді. Ал ағымдағы жылы Ұлыс күні қалай мерекеленеді? Павлодарлықтардың Әз Наурызға әзірлігі қалай? Онкүндік аясында қандай шаралар ұйымдастырылады деп жоспарлануда?  Осы және өзге де сұрақтарға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Алпысбайұлы Тауасқан жауап береді.

– Медет Алпысбайұлы, елімізде Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы жасалып, бекітілген болатын. Сол бойынша биыл облысымызда қандай іс-шаралар ұйымдастырылады
деп жоспарлануда?

– Ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында биыл өңірімізде де «Наурызнама» онкүндігі 14–23 наурыз аралығында өткізіледі. Облысымызда ұлттық мейрамды мерекелеу мақсатында 2000-нан астам іс-шара ұйымдастырылады деп жоспарланған. Негізі, аймағымызда көктемнің алғашқы күнінде, яғни 1 наурызда «Ең әдемі киім – Ұлттық киім» акциясы басталып кетті. «ERTIS» арнасы 2023, 2025 жылғы «Өнер додасы» сайысының жеңімпаздарының қатысуымен «Наурыз-думан» концерттік телебағдарламасының түсірілімін өткізді. Ары қарай онкүндік басталады. Сол бойынша 14 наурыз күні С.Баязитов атындағы балалар-оқу орталығында «Көрісу — мейірім мерекесі» танымдық сағаты, 15 наурыз күні «Ардагерлер» үйінде «Жақсылық жаса!» қайырымдылық акциясы мен концерт, 16 наурыз күні облыстық «Шаңырақ» орталығында «Ұлттық рух – салт-дәстүрде» атты қазақ дәстүріне негізделген жасанды интеллекттің көмегімен сахналық көрініс ұсынылады. Осы күні «Ертіс» музейінде қазақтың көрнекті шебері Қамар Қасымовқа арналған қазақ музыкалық аспаптарын жасаушылардың «Ұлттық үннің сазы» атты облыстық байқау өтеді.

17 наурыз күні Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Дәстүр – ұлттың тамыры» атты оқушылар арасында қалалық сайыс, 18 наурыз күні «Шаңырақ» орталығында «Ұлылардан ұлағат!» деген тақырыпта оқушылар арасында ақындар айтысы және «Ертіс» музейінде «Ұлттық киім – мәдениеттің көрінісі» атты этно дефиле ұйымдастырылады. 19 наурыз күні С.Баязитов атындағы  балалар оқу орталығында «Табиғат – баға жетпес сый» интерактив форматында эко-сабақ болады.

Ал 21–22 наурыз күндері аймағымызға қарасты барлық ауылда, қала-аудандарда Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтіледі. Нақтырақ айтқанда, 21 наурыз күні Павлодар қаласының шағын аудандарында 16 киіз үй, ауылдық жерлерде 5 киіз үй тігіліп, тұрғындар думанды шараларды тамашалайды. 22 наурыз күні облыс орталығында 35 киіз үй, Екібастұз қаласында 25, ал Ақсу қаласында 20 киіз үй құрылады.

Биыл, сондай-ақ, қала мен аудандар облыстық деңгейдегі Наурыз мейрамын атап өтуге ат салысады. Орталық алаңда 4 киіз үйден тұратын «Бәйшешек», «Қызғалдақ», «Раушан», «Лалалгүл», «Сәл-дегүл», «Сарғалдақ» атты
6 ауыл құрылып, көрмеге арналған 10 киіз үй тігіледі. Оларда цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану бойынша көрмелер көрсетіледі. Мәселен, «Жаңғырған тарихи мұра» цифрландырылған экспонаттар, «Цифрлық археология», «TOU DIGITAL ҮURT», «Ұлы дала – ұлы цифрлық болашақ», «Этно-fashion» және басқа да тақырыптарда көрме ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, бұл күні Ж.Аймауытов атындағы қазақ-музыка драма театрында «Шәмші» спектакль-концерті мен А.П.Чехов атындағы драма театрында «Завещание потомкам» қойылымы жоспарланған.

– Бұған дейін осы тұжырымдама аясында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі қалай? Жалпы, не ұттық? Не өзгерте алдық?

– Екі жыл бұрын қабылданған Наурыз мейрамын атап өтудің жаңа тұжырымдамасы мерекені тек бір күндік думан ретінде емес, ұлттық құндылықтарды кеңінен дәріптейтін мазмұнды мәдени-рухани шаралар кешеніне айналдыруға мүмкіндік берді. 2024 жылдан бастап енгізілген «Наурызнама» онкүндігі аясында мереке 14–23 наурыз аралығында жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.

Бұл бастаманың негізгі нәтижесі Наурыздың мазмұнын байытып, оның тәрбиелік және қоғамдық маңызын арттыру болды. Бұрын мерекелік шаралар 21–22 наурыз күндерімен шектелсе, қазір он күн бойы түрлі бағыттағы мәдени, танымдық, қайырымдылық және экологиялық іс-шаралар өткізілуде. Сонымен қатар, бірнеше маңызды өзгерістерге қол жетті. Атап айтар болсақ, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау күшейді. Көрісу күні, қайырымдылық акциялары, ұлттық өнер мен мәдениетке арналған байқаулар мен кездесулер ұйымдастырылып, халықтың тарихи-мәдени мұраға қызығушылығы артты. Жастар белсенділік танытуда. Оқушылар мен студенттер арасында айтыс, шығармашылық байқаулар, этно дефиле, интерактив сабақтар өткізіліп, ұлттық құндылықтарды жаңа буынға жеткізудің заманауи тәсілдері қолданылуда. Қайырымдылық пен бірлік идеясы күшейді. Ардагерлерге, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қолдау көрсетуге бағытталған акциялар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Заманауи технологиялар енгізілуде. Биылғы жылдан бастап мерекелік бағдарламаларда цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы тарихи мұраларды таныстыру, көрмелер мен интерактивті жобалар ұсыну жоспарлануда.

Жалпы алғанда, жаңа тұжырымдама Наурыз мерекесінің мазмұнын жаңартып, оны ұлттық бірегейлікті нығайтатын, қоғамды біріктіретін және дәстүр мен заманауи үрдістерді ұштастыратын маңызды мәдени оқиға деңгейіне көтеруге мүмкіндік берді.

– «Наурызнама» онкүндігінің мән-маңызы мен мазмұнын халық толық түсінуі үшін не істеу керек? Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуі тиіс? Жалпы, болашақта нені ескеру керек деп ойлайсыз?

– «Наурызнама» онкүндігінің мән-маңызын халыққа толық жеткізу үшін ең алдымен оның мазмұнын кеңінен түсіндіру және әр күннің мағынасын нақты іс-шаралар арқылы көрсету керек. Бұл бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажет.

Біріншіден, бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және білім беру мекемелері арқылы онкүндіктің әр күні қандай құндылықтарға арналатынын түсіндіру керек. Бұл жағы халыққа қарапайым әрі түсінікті түрде жеткізілсе, адамдар мерекені тамашалап қана қоймай, оның мәнін түсінетін белсенді қатысушы ретінде араласады.

Екіншіден, мәдениет және білім беру ұйымдарының рөлін күшейту маңызды. Мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында ұлттық дәстүрлерге арналған танымдық сабақтар, кездесулер, шығармашылық байқаулар мен этношаралар ұйымдастыру арқылы жастардың қызығушылығы артады.

Үшіншіден, жергілікті қауымдастықтар мен қоғамдық ұйымдардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету қажет. Әрбір елді мекенде тұрғындардың өз бастамасымен ұйымдастырылатын мәдени және қайырымдылық іс-шаралар көбейсе, «Наурызнама» халықтық сипатқа ие болады. Сонымен қатар, болашақта Наурыз мерекесін ұйымдастыру кезінде дәстүр мен заманауи үрдістердің үйлесімін сақтау маңызды. Ұлттық мәдениетті насихаттай отырып, цифрлық технологиялар мен жаңа форматтарды енгізу арқылы мерекенің мазмұнын байытқан жөн.

Жалпы алғанда, «Наурызнама» онкүндігі – қоғамды біріктіретін, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды бастама. Сондықтан оның мазмұнын халыққа кеңінен түсіндіру, жастарды белсенді тарту және дәстүрді жаңғырта отырып дамыту алдағы уақытта да басты назарда болуы тиіс.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.