Мемлекеттік қызметтің басым бөлігін бүгінде көпшілік қашықтықтан алып, цифрландырудың қызығын көріп жатқанымен, оның арғы жағында барлық мәліметті тексеріп, ретін келтіріп отырған мамандар бар. Солардың бірі – Динара Құсайынова. Ол Екібастұз қаласындағы азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне басшылық етеді.
Естеріңізге сала кетейік, ел арасында АХАЖ аталып кеткен бөлім қызметі 2023 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына берілді. Яғни, Екібас-тұздық АХАЖ бөлімі аталмыш корпорацияның облыстық филиалына қарасты.
Кейіпкеріміз бұл бөлімге жетекшілік еткенге дейін мемле-кеттік қызмет көрсету саласында ұзақ жыл еңбек еткен. Нақтысы, аймағымызда халыққа қызмет көрсету орталықтары 2008 жылы құрылған сәттен бері қызмет етеді. 2016 жылы Екібастұз қала-сының халыққа қызмет көрсету орталығы департаменті бөлімінде құжаттарды қабылдау маманы болса, 2018 жылы бас маман қызметіне ауысты. Өзіне жүктел-
ген міндетті жауапкершілікпен атқаратын маманның еңбегі ескеріліп, келесі жылында Екібастұз қаласының халыққа қызмет көрсету филиалында бөлім басшысының орынбасары лауа-зымына тағайындалған. 2020-2021 жылдары аталмыш бөлімге басшылық етті. Ал 2021 жылдан 2023 жылға дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық фили-алының Павлодар қаласы құжат-тамамен қамтамасыз ету және талдау басқармасының басшысы лауазымын атқарған. 2023 жылдан бері мемлекеттік корпорацияға қарасты Екібастұз қаласындағы азаматтардың хал актілерін тіркеу бөліміне басшылық етуде.
– Бұл бөлімге басшылық ету үлкен жауапкершілікті жүктейді. Мұндағы әрбір мәліметтің дұрыстығы, дәлдігі, нақтылығы әрбір азаматтың өміріндегі маңызды сәттермен байланысты. Яғни, баланың тууы, заңды некенің қиылуы сынды жағдайлар тіркеледі. Сондықтан талап та жоғары. Ең бастысы, заңды терең білуіміз қажет. Мұқияттылық талап етіледі. Құжаттардың үтір-нүктесіне дейін тексеруіміз керек. Қателіктерге жол берілмеуі тиіс. Ресми актілермен жұмыс істеуде тәртіп те, жауапкершілік те бойыңнан табылғаны абзал, – дейді Динара Жұмажанқызы.
Кейіпкеріміз заманауи тәсіл-дердің мемлекеттік қызмет саласына көптеп енгізілуіне байланысты көштен қалмай, жылдам меңгеріп кету де маңызды екенін айтады. Бұл ретте, тіркеудің электронды жүйелерімен жұмыс істей білу де аса қажет. Жаңа форматта қызмет көрсетуге де әрдайым әзірлік талап етіледі. Динара Жұмажанқызы бүгінде барлық қызмет өзге органдардың базасымен кіріктірілгенін, кез келген мәліметті олар тексеріп, бірден анық-қанығын аңғара алатынын айтады. Мысалы, нотариус некенің тіркелгенін немесе бұзылғанын қашықтықтан анықтай алады.
Қазіргі таңда бұл бөлімде неке қиюды, баланың тууын тіркеу үшін өтініштер онлайн беріледі. Мәселен, некеге тұру үшін жас жұбайлар өтініш берген соң 15 күнтізбелік күннен кейін бөлімге келеді. Өтініштерді мобильді қосымшалар арқылы жолдайды. Ал шетел азаматымен отау құратын тұрғындар өтінішті онлайн бере алмайды. База өткізбейді. Сондықтан бөлімге келіп, өтінішті қолмен жазады. Биыл бірінші тоқсанда Екібастұз өңірінде 178 неке қию, 395 баланың тууы тіркелген. Өкінішке қарай, 29 жұп ажырасқан. 2025 жылдың баламалы кезеңімен салыстырғанда ажырасу азайған көрінеді. Өткен жылдың алғашқы үш айында 43 неке бұзылған. Есесіне былтыр алғашқы тоқсанда бала туу көрсеткіші жоғары болыпты, 495 бала тууы тіркелген.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл ақпанда екібастұздық жас жұбайлардың некесін салтанатты түрде қиюға арналған жаңа зал ашылған. Сондай-ақ, жастар «әдемі» даталарға неке қию күнін сәйкестендіруді сәнге айналдырған.
– Бұрындары неке қию, шаңырақ көтеру көрсеткіштері жаз мезгілінде басым болатын. Қазіргі таңда отау құру, неке қию жыл бойы бірқалыпты жүретіні бай-
қалады. Сонымен қатар, жастар «әдемі» даталарды жиі таңдайды. Әдетте, жай күндері 1-6 некеден тіркелсе, мұндай ерекше сандар жиынтығынан тұратын күндері 15-тен асып кетеді. Мәселен, жуырда 26.03.2026 күніне 18 жұп некесін қиды, – дейді Динара Құсайынова.
Мұнда ұнатпаған есімін өзге-ртуге келетіндер де баршылық. Былтыр мұндай үрдіс басым болған көрінеді. Негізі, заң бойынша ауыстыруға ешқандай тыйым жоқ. Сондай-ақ, Екібастұзда құжаттарды жеткізу постаматы да қойылыпты. Мәселен, куәлігін жоғалтып, қайта тапсырыс берген азаматтар оны постамат арқылы жеткізу қызметіне жүгіне алады.
Динара Жұмажанқызы АХАЖ басшысы үшін заң мен адам-гершілік үйлесім табуы керек деген пікірде. Яғни, құжаттарға келгенде қатал болуды, ал адамдармен қатынаста барынша сыпайылықты жөн санайды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
