Астаналық «Астана Опера» театры ұжымы ұсынған әуен мен образдар павлодарлық көрерменді бір сәтте күнделікті өмірден алыстатып, музыка мен өнердің сиқырлы әлеміне жетеледі. Әр нотада – сезім, әр қимылда – әсемдік, ал әр дауыс жүректі тербеп, жанға жылы шырай сыйлады. Сахна мен зал арасындағы шекара жойылып, көрермен өз-өзін әуеннің құшағында, көңіл-күйдің биік тербелісінде тапты. Бұл кеш – тек спектакль емес, көктемнің өзі сияқты жұмсақ, нәзік және әсерлі, жүректе мәңгілік сақталатын рухани естелікке айналды.
Астаналық опера театры Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Eurasian Resources Group қолдауымен осы жылдың алғашқы гаст-рольдік сапарын Павлодар қаласынан бастады. Ұжым Павлодар қаласын бекерден таңдамаған. Театр басшы-лығының атап өтуінше, бұл өңірде «Астана Операның» тұрақты көрермендері қалыптасқан. Ұжым бұған дейін де жергілікті жұртшылықпен кездесіп, әр жолы жоғары деңгейдегі өнерін паш етіп келеді.
— Естай атындағы мәдениет сарайының сахнасы ұжымымыздың шығармашылық сапарларының географиясында айрықша орын алады. Павлодарда «Астана Операның» тұрақты аудиториясының қалыптасқанын жоғары бағалаймыз. Мұндағы көрер-мендермен алғаш рет 2022 жылы жүздескен едік, енді міне біздің кездесулеріміз игі дәстүрге айналды. Осынау мәдени миссиямызға қолдау көрсеткені үшін ERG компаниясына алғысымызды білдіреміз. Бұл — әртістер үшін тыңдармандарға өз шеберліктерін қайта ұсынуға және өңір тұрғындарын әлемдік классика жауһарларымен таныстыруды жалғастыруға керемет мүмкіндік, — деп атап өтті «Астана Опера» директоры Александр Севостьянов.
Кеш барысында көрермен назарына Гаэтано Доницеттиннің әлемдік репертуардағы танымал комедиялық туындыларының бірі – «Дон Паскуале» опера-буффасы ұсынылды. Қойылымның оқиға желісі жеңіл юмор мен махаббат тақырыбына құрылып, сахнадағы әрекет қарқынды өрбіді. Бұл өз кезегінде көрерменнің қызығушылығын спектакль соңына дейін сақтауға мүмкіндік берді.
Спектакльде театрдың жетекші солистері өнер көрсетті. Атап айтқанда, Норина партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова орындады. Эрнесто рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин сомдады. Малатеста бейнесін Ержан Саипов сахнаға шығарса, басты кейіпкер Дон Паскуале партиясын Шыңғыс Расылхан орындады. Карлитоның комедиялық рөлін Рамзат Балакишиев шебер жеткізді. Оркестрге дирижер, «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин жетекшілік етті.
Қойылымның көркемдік шешімі де ерекше назар аудартты. Сахналық безендіру мен костюмдер көрерменге эстетикалық әсер сыйлап, операның мазмұнын толықтыра түсті. Музыкалық сүйе-мелдеу мен вокалдық партиялар үйлесімі спектакльге мерекелік сипат берді.
Гастрольдік бағдарлама аясында балалар аудиториясына да ерекше көңіл бөлінді. «Музыка бейнелейді және әңгімелейді» топтамасы бойынша ұйымдастырылған таным-
дық концерт жас көрермендерге ұсынылды. Концерт барысында әлемдік классикамен қатар қазақстандық композиторлардың шығармалары орындалды.
Балаларға арналған бағдар-ламаға сопрано Елена Ганжа, сондай-ақ театрдың басқа да солистері мен аспапшы музыканттары қатысты. Форте-пиано партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова орындады. Концерт барысын музыкатанушы Мереке Естің мазмұнды әрі қызықты түсіндірмелермен толықтырды. Бұл жоба жас тыңдарманды музыка әлемімен таныстырып, олардың эстетикалық талғамын қалыптастыруға бағытталды.
Сонымен қатар, мәдениет сарайының фойесінде фото-көрме ұйымдастырылды. Экспозицияда өнеркәсіп тақырыбы театр әртістерінің көркем бейнелері арқылы көрсетіліп, ерекше атмосфера қалыптастырды.
— Біз үшін бұл дәстүр ғана емес, сонымен қатар бұл «Астана Опера» мен ERG арасындағы ізгі достықтың көрінісі. Біздің қызметкерлеріміз бен олардың отбасы мүшелері жаңа театрлық қойылымдарды күтеді. Біз олардың көңілдерін қалдырмауға және еуразиялықтарымыздың мәдени қызығушылығын арттыруға тырысамыз. Балаларға арнап жеке көрсетілімдер өтетіні көңілге ерекше қуаныш ұялатады. Компания өңірлердің және жалпы елдің дамуына үлес қоса отырып, мәдениет пен білім салаларындағы жобаларды әрдайым қолдайды, – деп қорытындылады Қазақстандағы Eurasian Resources Group бас директоры Серік Шахажанов.
Айта кету керек, аталған гастрольдік сапар өңірлердегі мәдени кеңістікті дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді бағдарламаның бір бөлігі болып есептеледі. Бұл бастама өндіріс саласы қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін өнермен жақындастыруға мүмкіндік береді.
Гастрольдік тур Павлодар қаласымен шектелмейді. Театр ұжымы алдағы уақытта Хромтау және Ақтөбе қалаларында өнер көрсетуді жоспарлап отыр.
Айдана БОРАНБАЕВА.
