Бір мезетте 500 адамның қатысуымен ұлттық шапан кию рәсімі мен 5 метрлік «Алып Қыдыр ата» инсталляциясын тамашалап көрдіңіз бе? Павлодар қаласында өткен «Қыдыр ата – береке мен бірліктің нышаны» атты ауқымды шара осындай ерекше сәттерімен көпшілікті тәнті етті. Ұлттық дәстүр мен заманауи бастаманы үйлестірген бұл жоба қазақ халқының рухани құндылықтарын кеңінен дәріптеуге жол ашты.
Павлодар қаласында Наурыз мейрамының жалғасы ретінде «Қыдыр ата – береке мен бірліктің нышаны» атты республикалық деңгейдегі рухани-этномәдени шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шараның басты ерекшеліктерінің бірі биіктігі 5 метрлік «Алып Қыдыр ата» инсталляциясының көпшілікке таныстырылуы болды. Бұл ерекше композиция береке мен молшылықтың, бірлік пен ізгіліктің белгісі ретінде жиналған жұртшылықтың назарын өзіне аударды. Инсталляцияны таныстыру рәсіміне Қазақстан рекордтар кітабының өкілі Қуандық Құдайбергенов қатысып, алып нысанның әлемдік «World Book of Records» рекордтар кітабына енгенін мәлімдеді. Ал «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Жүгінісова сөзінде биылғы Қыдыр ата бейнесін заманауи нұсқада дәріптеу арқылы жас ұрпаққа ұлттық дүниетанымды сіңіру және халықты бірлік пен берекеге шақыру сияқты міндеттер атқарылып отырғанын, сондай-ақ мұндай жобалардың маңыздылығы тереңде екендігін жеткізді.
– Соңғы жылдары елімізде ұлттық құндылықтарды жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаларды ерекше мақтанышпен атап өткім келеді. Мәселен, өткен жылы Павлодар өңірінде жүзеге асқан алып кимешек инсталляциясы халқымыздың анаға деген құрметін, салт-дәстүрге деген ілтипатын айқын көрсеткен маңызды бастама болды. Ал биылғы Қыдыр ата бейнесіне арналған инсталляция – осы игі үрдістің заңды жалғасы. Қыдыр ата – береке мен бірліктің, ырыс пен жақсылықтың белгісі. Осындай композицияны заманауи нұсқада дәріптеу арқылы біз жас ұрпақтың санасына ұлттық дүниетанымды жаңа деңгейде сіңіріп жатырмыз, – деді А.Жүгінісова.
Шара аясындағы маңызды әрі әсерлі сәттердің бірі – әке мен балаға арналған ұлттық ерлер шапандарын бір мезетте кигізу рәсімі болды. Қазақтың ұлттық қолөнер дәстүрін жалғастырып жүрген шебер аналардың қолынан шыққан шапандар 500 қатысушыға арнайы дайындалған. Бұл рәсім әке мен бала арасындағы рухани байланысты, отбасылық тәрбиенің маңызын және ұрпақтар сабақтастығын терең бейнеледі. Одан кейін ақсақалдар ақ батасын беріп, көпшілікке ізгі тілектерін арнады. Тағылымды шара концерттік бағдарламамен түйінделді.
Айдана БОРАНБАЕВА.
