Бүгінде бұқаралық спорт қарқынды дамып, шеберліктің нағыз бәсекесіне айналып келеді. Соның жарқын дәлелі – әуесқойлар арасында футзалдан Қазақстан чемпионатының өтуі. Биыл 10-ыншы рет ұйымдастырылған турнирдің алтын кубогы алғаш рет павлодарлық спортшыларға бұйырды.
Астана төрінде өткен ҚР футзалдан әуесқойлар лигасының 10-шы мерейтойлық чемпионаты өтті. Игі дәстүрге айналған бұл байрақты бәсекеге биыл еліміздің түкпір-түкпірінен 80 команда қатысты. Оларыдң қатарында облыс намысын қорғаған «RB ARMAN» командасы да бар.
Кіл мықтылардан құралған бұл команда турнирдің топтық кезеңінде-ақ ерекше көзге түсті. Алғашқы кездесулерде 7:0, 12:0 есебімен айқын жеңіске жетіп, қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады. Ал плей-офф кезеңі нағыз сын сағаттың уақыты болды. Бұл кезеңде павлодарлық топ «QASYMQALA» командасымен кездесіп, 1:1 есебімен тең түсті. Жеңімпазды тек пенальти сериясы анықтады. Біздің жігіттер қарсыластың қақпасына 5 рет дөп түсіп, 5:4 есебімен алға шықты.
Ал ақтық сында «RB ARMAN» командасы қостанайлық «SALAVAT» ойыншыларына қарсы матч өткізді. Бұл кездесу екі тарапқа да оңайға соққан жоқ. Дегенмен, павлодарлық аяқдопшылар басым тұстарын оңтайлы пайдаланып, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, тоғыз кездесудің барлығында жеңіп, әуесқойлар арасындағы бәсекенің абсолютті чемпионы атанды. Бұл — темірдей тәртіптің, мұқалмас жігердің және нағыз командалық рухтың жемісі. Павлодарлық ұжым алаңның әр метрінде аянып қалмай, чемпиондық атқа лайық екенін дәлелдеді.
Клуб басшысы Ренат Жұмабеков команда мұндай жетістікке тыңғылықты дайындық пен жеңіске деген жігердің нәтижесінде жеткенін алға тартты.
— Біз былтыр да осы чемпионатқа қатысып, 84 команданың ішінен екінші орын алған едік. Биыл өткен жылғы ойыннан ой түйіп, қорытынды жасап, бағытымызды белгілеп, үздіксіз дайындалдық. Нәтижесі – жарқын жеңіс. Бұл тек командамыздың емес, Павлодар футболының мерейі деп білеміз. Тарихи сәтке қол жеткізіп, алғаш рет өңірімізге чемпионат кубогын әкелгенімізге қуаныштымыз. Бұл белес жеткіншектерді жігерлендіреді деген үмітіміз де бар. Ал команда ойыншыларына маусым бойы төккен тер, қажырлы еңбек пен тартысты ойындар үшін, жанкүйерлерге ыстық ықыластары үшін алғыс айтамыз, — деді Р.Жұмабеков.
Жалпы, командада барлығы 40-қа жуық әуесқой футболшы жаттығады. Ал бұл турнирде 15 спортшы алаңға шығып, барын салды. Енді павлодарлық команда абсолютті чемпион ретінде ел намысын Еуропа чемпионатында қорғайды. Испанияның Барселона қаласында өтетін турнирде де жергілікті жігіттердің жеңіске жетуін тілейміз.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
