Алғашқы жеңіс!

Сәу 9, 2026

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының төртінші туры аясында жергілікті «Ертіс» командасы Орталық стадионда өскемендік «Алтай» ойыншыларын қабылдады. Тартысты өткен кездесуде павлодарлық клуб биылғы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, қоржынға бірден үш ұпайды салды.

Өскеменнің намысын қорғап келген «Алтай» командасы – оңай шағылатын жаңғақ емес. Қорғанысқа көп көңіл бөліп, қарсы шабуылды сәтті ұйымдастыра білетін командаға қарсы айла табу «Ертіс» ойыншыларына да айтарлықтай ауыртпалық салды. Сондықтан болар, бірінші таймның алғашқы жартысында екі клуб өкілдері де сақ ойнады. Ал соңына қарай біздің жігіттер қарсыласты қақпасына қарай тықсыра бастады. Сөйтіп, стандартты жағдайдан соң Юши Шимамура қарбалас жағдайын сәтті пайдаланып, допты қақпаға дөп бағыттап, 38-минутта есеп ашты.

Екінші таймда «Ертістің» есепті еселейтін мүмкіндігі туды. Алайда Вячеслав Швырев ойынның 60-минутында қарсылас қақпасына белгіленген пенальтиді голға айналдыра алмады. Ал кездесудің 82-минутында «Алтайдың» 11 метрлік айып добын соғатын мүмкіндігі туып еді. Бірақ бейнеқайталауды көрген соң бас төреші ойын ережесі айып алаңының сыртында орын алғанын байқап, пенальтиді алып тастады. Матчтың 92-минутында өскемендік Дмитрий Шмидт «қызыл» қағаз алып, алаңнан қуылды. Ойынның соңына дейін есеп өзгеріссіз қалып, «Ертіс» минималды есеппен жеңіске жетті.

— Біз бұдан да жақсы ойнай аламыз және соны көрсетуге міндеттіміз. Алаңда мұны дәлелдеу үшін бар күшімізді саламыз. Алдымен павлодарлық жанкүйерлерді көптен күткен жеңіспен құттықтаймын. Бұл — ең маңыздысы. Жеңіс командаға сенімділік беріп, келесі ойындарға дайындалу әлдеқайда жеңіл болады деген үміттемін, — деді ойыннан соң «Ертіс» футбол клубының бас бапкері Кирилл Альшевский.

Команда келесі ойынын 12 сәуір күні Көкшетауға жергілікті «Оқжетпес» командасына қарсы өткізеді. Ал 18 сәуірде өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуын» қабылдайды.

Еске сала кетейік, «Ертіс» ойынын тамашалау үшін Орталық алаңға кіру билетінің бағасы – 1000 теңге. Билеттерді Ticketon сайтынан немесе ойын күні сағат 12.00-ден бастап стадионның кассасынан сатып алуға болады. 14 жасқа дейігі балалар, зейнеткерлер мен әлеуметтік осал топ өкілдері тиісті куәлігін көрсеткен жағдайда тегін кіре алады. Сонымен қатар, бүкіл маусымға 5000 теңгеге абонент сатып алатын мүмкіндік бар.

Сол сияқты таяу уақытта жасыл алаңда «Ертіс» қыздар командасының да ойынын тамашалай аламыз. Бүгінде жастар алдағы маусымға тыңғылықты дайындалып жатыр. Оқу-жаттығу жиыны аясында талдықорғандық «Жетісу» командасымен өткен матчта 6:1 есебімен сенімді түрде жеңіске жетті. Ал 27 сәуір күні Қазақстан әйелдер лигасының бірінші турындағы алғашқы ойынын өткізеді. Бұл күні «Ертіс» өз алаңында астаналық «Жеңіс» қыздарымен шеберлік байқасады. Еске сала кетейік, қыздар құрамасы жоғары лигада биыл бірінші рет доп теуіп, бақ сынамақ.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.