Жеңіс үшін жанталас

Сәу 9, 2026

Павлодар қаласында ұлттық спорт – көкпардан облыс біріншілігі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Дода «Құлагер» ипподромында  өтті.

Додаға өңірдің әр аудан-қалаларынан жиналған 12 команда қатысты. Атап айтқанда, Аққулы, Баянауыл, Ертіс, Ақтоғай аудандарының, Ақтоғай ауданы Қожамжар ауылының, Ақсу ауданы Еңбек және М.Омаров ауылдарының, Май және Павлодар аудандарының, Екібастұз қаласының екі командасы мен Кенжекөл ауылының құрамалары бақ сынады. Жалпы жарысқа 100-ден астам адам қатысты. Сайыс үш күнге созылды. Алғашқы күні командалар келіп, мандаттық комиссия мен төрешілер алқасының отырысы ұйымдастырылды.

Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова сөз сөйлеп, қатысушыларды құттықтады. Ол өз сөзінде көкпардың тек спорт емес, ұлттық құндылықтардың айқын көрінісі екенін атап өтті.

– Көкпар – батылдық пен ептілікті, төзімділік пен командалық рухты талап ететін ерекше спорт. Бүгін аламан бәйгеде бақ сынап жатқан әрбір спортшы – өз өңірінің мақтанышы. Сіздер қазірдің өзінде жеңімпазсыздар, өйткені ұлттық мұраны дәріптеп жүрсіздер, – деді ол.

Біріншілік төрт топқа бөлінген командалар арасында өтті. Іріктеу кезеңінде үздік шыққан төрт командаға финалға іріктеліп алынады. Бас төреші Аманай Солтановтың айтуынша, турнирге 18 жастан асқан тәжірибелі шабандоздар қатысып, ойын деңгейі жыл сайын артып келеді.

— Биылғы көкпар бәсекесіне 18 жастан жоғары спортшылар қатысуда. Кеше жеребе нәтижесінде командалар төрт топқа бөлінді. Қазіргі таңда әр топта іріктеу ойындары өтіп, командалар өзара мықтыларды анықтауда. Бүгінгі ойын қорытындысы бойынша үздік төрт команда финалға жолдама алады. Жүлде қоры да қомақты: бірінші орынға – 1,5 миллион теңге, екінші орынға – 1 мил-
лион теңге, үшінші орынға – 650 мың теңге. Сонымен қатар, төртінші және бесінші орын алған командаларға да ақшалай сыйлықтар қарастырылған. Бұл дода Павлодар облыстық көкпар федерациясының қолдауымен жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Федерация президенті Серік Талдыбаевтың бастамасы мен демеушілігінің арқасында ұлттық спорттың дамуына ерекше серпін беріліп отыр. Біз бұл спортқа 25 жылдан бері араласып келеміз. Серік Жапарұлының қолдауының арқасында көкпар бүгінгі таңда жаңа деңгейге көтерілді, – деді Аманай Солтанов.

Тартысқа толы кездесулер нәтижесінде жартылай финалға Баянауыл ауданы, Екібастұз қаласы, Аққулы ауданы және Павлодар ауданының командалары жолдама алды.

Ал чемпимонат қорытындысына келер болсақ, Павлодар ауданының командасы бас жүлдені жеңіп алды. Күміс жүлде Екібастұз құрамасына бұйырса, Баянауыл ауданы қола жүлдеге қол жеткізді. Ал Аққулы ауданы төртінші орынға ие болды. Май ауданы бесінші, Павлодар қаласының командасы алтыншы орыннан көрінді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен қатар, кубок, медальмен марапатталды. Сондай-ақ, жеңімпаздарға демеушілер тарапынан арнайы сыйлықтар берілді.

Айта кетейік, аталған жарыс қоры-тындысы бойынша Павлодар облысының құрама командасы жасақ-талып, алдағы мамыр айында Жетісу облысында өтетін республикалық чемпионатта өңір намысын қорғайтын болады.

Нұрайым Қалыбек.