Павлодар қаласында көктемгі абаттандыру жұмыстары аясында субұрқақтарды жөндеу және іске қосу шаралары қарқын алды. Бүгінде шаһарда барлығы 23 субұрқақ болса, соның 8-інде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, жаңғырту жұмыстары субұрқақтардың жиектеріндегі тас тақтайшалар, тостағандары мен техникалық жабдықтары ішінара зақымданған нысандарда қолға алынған. Қазіргі уақытта демонтаж жұмыстары толық аяқталып, қабырғаларды тегістеу және нығайту шаралары жүргізілген. Алдағы күндері қаптама плиталарын төсеу кезеңі басталмақ.
— Жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Мердігер компанияларға барлық нысандарды мамыр айының соңына дейін толық аяқтау міндеті қойылды, — деді қала әкімдігі баспасөз қызметінің басшысы Мақпал Қаржаубай.
Сонымен қатар, қаладағы жұмыс істеп тұрған 14 субұрқақ қыстан кейін тазаланып, іске қосуға дайындалған. Коммуналдық қызметтер оларды кезең-кезеңімен сәуір айының ортасына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, жөндеу жұмыстары Жүсіпбек Аймауытов атындағы театр маңындағы субұрқақта да жүргізілуде. Бұл нысан салынғаннан бері, яғни 20 жылдан астам уақыт ішінде күрделі жөндеу көрмеген.
Қазіргі таңда мұнда да ескі құрылымдар алынып, қабырғалары тегістеліп, негізі нығайтылған. Жақын арада сыртқы қаптама плиталарын төсеу басталады. Бұдан бөлек, Сәтбаев көшесінде, Оқушылар сарайы аумағында, «Руслан мен Людмила» субұрқағында, «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының, Мәшһүр Жүсіп орталық мешіті маңында, сондай-ақ «Салон красоты» және «Баянмолл» аумағындағы субұрқақтарда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысандарда плиталардың, тостағандардың және жабдықтардың ішінара бұзылуы анықталған.
Жөндеу жұмыстарына 20-ға жуық маман жұмылдырылған. Қала басшылығы барлық субұрқақты уақытылы іске қосып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау міндетін қойып отыр.
Н.ҚАЛЫБЕК.
