Май ауданының елді мекендерінде кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Ауқымды тазалық шарасы қоршаған ортаны қорғау, ауылдардың көркін арттыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.
Сенбілікке жалпы 81 ұйымнан 800 ден аса қызметкер қатысып, 25 техника жұмылдырылды. Аудан бойынша 2500 аула 16 парк пен обелиск жиналып, тазартылды. Елді мекендер бойынша көшелердегі бағаналар ақталып, ауылдардағы ойын аландары ретке келтірілді. Жалпы 200 тоннадан аса қоқыс шығарылды.
Сонымен қатар, жол жиектері ретке келтіріліп, арықтар тазаланып, жасыл аймақтарды күтіп-баптау, ағаштарды әктеу және санитарлық кесу жұмыстары қолға алынды. Жиналған қоқыстар арнайы белгіленген орындарға шығарылып, аумақтардың тазалығы қамтамасыз етілді. Нәтижесінде елді мекендердің санитарлық жағдайы жақсарып, тұрғындар үшін қолайлы әрі таза орта қалыптасты.
Әрбір қатысушы туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосып, жоғары азаматтық жауапкершілік танытты. Осындай игі бастамалар аудан көлемінде алдағы уақытта да жалғасын табады.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ,
Май ауданы.
