Қазіргі таңда қазақстандық түлектердің он бір жыл бойы орта мектепте оқыған білімін таразылайтын негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу шарасы, яғни грант иегерлерін анықтауға арналған сынақ басталып кетті. Оған облысымыздан неше талапкер қатысуда? Олардың білім деңгейі қалай? Жалпы, ағымдағы жылы ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі қалай өткізілмек? Болашақта қандай өзгерістер болуы мүмкін? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін «Ұлттық тестілеу орталығы» ШЖҚ республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Павлодар қаласындағы филиал басшысының міндетін атқарушы Елтінов Нұрқанат Асқарұлымен сұхбаттасқан едік.
– Нұрқанат Асқарұлы, биыл білім грантына үміткерлер үшін ұйымдастырылатын негізгі ҰБТ қалай өткізілуде және неше павлодарлық талапкер қатысуда?
– 2026 жылдың түлектеріне арналған негізгі ҰБТ басталды. Тестілеу шарасы 10 шілдеге дейін жалғасатын болады. Жалпы, ел бойынша биыл 240 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 446 мыңнан астам өтініш берген. Ал өткен жылы 216 мыңға жуық талапкерден екі рет тест тапсыру үшін 399 мың өтініш түскен. Яғни, жыл сайын тест тапсырушылар қатарының артқаны байқалады. Сондай-ақ, осы жылы талапкерлердің 74 пайызы қазақ тілінде, 26 пайызға жуығы орыс тілінде және 851 жас ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.
Атап өтерлігі, мектеп бітірушілер ҰБТ-ға қатысу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Ағымдағы жылы білім сынағы 45 тестілеу пунктінде ұйымдастырылмақ.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге Павлодар облысы бойынша 7 046 талапкер қатысады деп жоспарлануда. Олар екі мүмкіндікті есепке алғанда 12 775 өтініш берген.
– Бұған дейін болған, яғни қаңтар-наурыз айларында өткен ҰБТ-дағы облыс түлектерінің нәтижесі қалай? Сондай-ақ, балалар қандай пәндерді көбірек таңдады?
– Осы жылдың қаңтар айында өткен ҰБТ-ға облыс бойынша 5 213 оқушы қатысты. Талапкерлердің 50 пайызы тестілеуді қазақ тілінде, 50 пайызы орыс тілінде және 6 адам ағылшын тілінде тапсырды. Қорытындысына келер болсақ, тест тапсырушылардың 71 пайызы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш 64 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 133 балл. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 7 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, тестілеу барысында 9 ереже бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, 6 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 3 адам тестілеу кезінде ере-желерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды және олардың нәтижелері жойылды. Талапкердің орнына бөтен адамдардың кіру деректері анықталған жоқ.
Ал 2026 жылғы наурыз айында өткен ҰБТ-ға 4 820 павлодарлық мектеп бітіруші қатысты. Бұл жолы да олардың 50 пайызы қазақ тілін, 50 пайызы орыс тілін және 11 адам ағылшын тілін таңдады. Қорытынды бойынша талапкерлердің 71 пайызы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш – 66 балл. Ең жоғары нәтиже – 137 балл. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 7 талапкердің тест тапсыруына қолайлы жағдай жасалды. ҰБТ-ны өткізу барысында 5 ереже бұзушылық анықталды және оны жасағандар аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды.
Айта кетерлігі, бірнеше жыл қатарынан түлектер ең көп таңдаған бейіндік пәндер комбинациясы «Математика-физика» болып қалып отыр. Талапкерлердің 17,9 пайызы осы пәндерді таңдаған. Бұл мектеп бітірушілердің инженер, мұғалім, энергетик, құрылысшы және басқа да техникалық мамандықтарға деген ұмтылысын көрсетеді.
Екінші кезекте талапкер көп таңдаған пәндер қатарына болашақ медиктердің білімін көрсететін «Биология-химия» комбинациясы жатады. Мектеп бітірушілердің 14,5 пайызы осы бағытқа қызығушылық танытқан. Бұдан кейінгі орында «Шығармашылық емтихан» комбинациясы тұр. Балалардың 12,4 пайызы шығармашылық мамандықтарды таңдаған.
– Осы жылы тестілеу фор-матына қатысты өзгерістер бар ма?
– 2026 жылы ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны 120 сұрақтан тұрады. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырма, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ-дағы ең жоғары ұпай – 140 балл. Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
Емтихан кезінде тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Сонымен қатар, талапкерлерге ыңғайлы болу үшін кестелердің қағаз нұсқалары да беріледі.
Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Мұндай жағдайда өтініш берген талапкерлердің сертификаты апелляциялық комиссияның шешімінен кейін ғана жеке кабинетінде қолжетімді болады. Олардың жеке кабинетінде республикалық апелляциялық комиссия отырысының мерзімі көрсетіледі. Сондай-ақ, комиссия отырысы басталғанға дейін апелляция өтінішін жеке кабинетінде қайтарып алу мүмкіндігі бар. Апелляция өтінішін қайтарып алғаннан кейін сертификат талапкердің жеке кабинетінде бір жұмыс күнінің ішінде шығады.
Минималды шекті балдар да өзгеріссіз қалды. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына 50 балдан жоғары жинау керек. Ал педагогика және құқық саласы мамандықтары бойынша 75 балл, денсаулық сақтау жүйесі мамандықтарын оқу үшін ұпай саны 70 балдан төмен болмауы тиіс. Осы орайда «Қазақстан тарихы» мен ҰБТ-ның екі бейіндік пәні және шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл, ал «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндері бойынша кемінде 3 балдан жинау қажет екенін ескерте кету керек.
Жалпы, жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша өздерінің шекті балдарын белгілей алатынын да айта кеткен жөн.
– Талапкерлер нені білуі тиіс?
– Негізгі ҰБТ-ға дайындық деңгейін арттыру үшін қаңтар және наурыз ҰБТ-ларын тапсырған талапкерлерге әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау ұсынылған. Яғни, әрбір ҰБТ-дан кейін түлектер өздерінің әлсіз тұстарын анықтап, сол бағытта дайындалып, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, бірінші мүмкіндікті тапсырғаннан кейін олардың екінші тестілеуге дайындықтарын жақсартуы үшін уақыттары болады.
Әзірлік деңгейін бағалау және емтихан форматына бейімделу үшін байқау сынағынан өту мүм-кіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, Ұлттық тестілеу орталығының сайтында тест тапсырмалары құрастырылған әдебиеттер тізімі мен тест спецификациясы, «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата, «Информатика» пәнінен терминдер, «Қазақ әдебиеті» мен «Орыс әдебиеті» пәндері бойынша әдеби шығармалар тізімдері орналастырылған.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және түрлі бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тестілеуге кіре берісте тыйым салынған заттарды, мысалы, телефондарды, шпаргалкаларды және басқа да дүниелерді алып кіруге жол бермеу үшін қол және рамалық металл іздегіштер қолданылады.
Тестілеу аудиторияларында рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде мобильді және радиоэлектронды байланыс сигналдарын басатын құрылғылар пайдаланылады. Барлық аудиторияда бейнебақылау жүргізіледі.
2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбалар тексеріледі. Тыйым салынған заттарды пайда-
лану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда оқуға түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады, яғни ұтып алған білім гранттарынан айырылады.
Міне, талапкерлер осы ескертулерді естерінен шығармаса екен деймін. Сол үшін әркім әділ әрекет етуі тиіс.
– Болашақта тестілеуді бір рет қана тапсыру туралы ұсыныс айтылуда. Бұл жөнінде не дейсіз?
– Иә, 2027 жылдан бастап грант конкурсына қатысу үшін ҰБТ бір рет қана өтеді. Сонымен қатар, ақылы негізде оқуға түсу үшін тестілеуден өту мүмкіндігі сақталады. Талапкерлерге ҰБТ-ның байқау сынақтарына қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Егер мерзімдеріне қатысты қандайда бір өзгерістер болып жатса, келесі оқу жылының басында талапкерлерге ақпарат беретін боламыз.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Сандар сөйлейді
- ҰБТ 10 шілдеге дейін жалғасады;
* * *
- Павлодар облысы бойынша 7046 түлек ҰБТ-ға қатысады;
* * *
- Тестілеуге қатысуға рес-публика бойынша 240 мыңға жуық түлек өтініш берген;
* * *
- Талапкерлердің 74 пайызы тестті қазақ тілінде тап-сырмақ.
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.
