Биыл Құрбан айт мейрамын ұлттық нақыштағы киіммен қарсы алып, халық арасында тек ұлттық ойындар ғана ұйымдастыру керек. Бұл туралы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде берген сұхбатында айтты.
Жолдас қажының айтуынша, бұл бастаманы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы көтеріп, барша жамағатқа ұсыныс ретінде жолдап отыр.
— Құрбан айт биыл 27 мамыр күні басталып, сол күні таңғы сағат 6.00-де облыстың барлық мешіттерінде Айт намазы оқылады. Айт намазы аяқталғаннан кейін құрбандықты шала беруге болады. Содан кейін 29 мамыр күні Ақшам намазының кіруімен аяқталады. Жақында діни басқарманың төрағасы, бас мүфти арнайы үндеу жасап, биыл шараларды «Құрбан айт – ұлық мереке» тақырыбында ұйымдастыруды тапсырды. Осы шаралар барысында қазақтың ұлттық ойындарын, ұмытылып бара жатқан ұлттық спорт түрлерін қайта жаңғыртуды көздеп отырмыз, — деді Жолдас Қоспақұлы.
Бас имамның айтуынша, Құрбан айттың бірінші күні сағат 14.00-де Мәшһүр Жүсіп мешітінің ауласында Айт мерекесінің құрметіне арналған мәдени-рухани іс-шара ұйымдастырылады. Онда ересектер мен жасөспірімдер арасында түрлі бағытта жарыстар өткізілмек. Сонымен қатар, әрбір аудандық орталық мешіттер де Айт мерекесін тойлайтын болады.
Облыстық дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Байбәкіровтің айтуынша, Құрбан айт күндері облыс бойынша 14 мал сою пункті жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсетіледі. Павлодар облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев барлық мал соятын орындарда санитарлық талаптар мен нормалар қатаң сақталатынын атап өтті.
Тілеуберді САХАБА.
