Алғашқы зауыт

Мам 21, 2026
Photo Valeriy BUGAYEV

Екібастұз өңірінде іргелі өндіріс орындарының қатары көбейіп келеді. Соның есебінен бұған дейін моноқала саналып келген кеншілер шаһары енді индустриялық орталықтардың біріне айналуда. Бұған дейін көмір кеніші, электр энергетикасы кәсіпорындарының қатарына теміржол кластері, ферроқорытпа зауыттары қосылса, таяуда катодты мыс өндіретін кәсіпорын іске қосылды.

Бұл бағытта жұмыс істейтін өңірімізде алғашқы зауыт Павлодар және Қарағанды облыстарының шекарасында орналасқан көрнекті ғалым, академик Әлкей Марғұлан атындағы ауылдың маңында ашылды. «Fonet Er-Tai Mining» ЖШС жобасы – аймақтағы ең жоғары технологиялы индустриялық бастамалардың бірі әрі отандық металлургия саласы үшін аса маңызды. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Асайын Байханов өндіріс орнының салтанатты ашылу рәсіміне арнайы қатысып, жаңа зауыт өңірде жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзге-рістердің символына айналғанын атап өтті.

— Биыл Екібастұз моноқалалар тізімінен шығып, дамудың жаңа кезеңіне сенімді түрде қадам басты. «Fonet Er-Tai Mining» гидрометаллургиялық зауытының іске қосылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған стратегиялық міндеттерге толық сәйкес келеді. Құны 11 млрд теңгеден асатын жоба өңірдің өңдеу өнеркәсібін дамытудағы қуатты қозғаушы күшке айналады. Кәсіпорын жергілікті мыс кенін өңдеп, жылына 5 мың тонна жоғары сапалы катодты мыс өндіреді. Бұл — энергетика, инфрақұрылым және жоғары технологиялық салалар үшін стратегиялық маңызы бар металл. 300-ден астам жұмыс орны ашылып, жүздеген отбасының тұрақты жұмыспен қамтылуына және әл-ауқатының артуына мүмкіндік береді, — деді Асайын Байханов.

Салтанатты рәсім барысында LED-экраннан кәсіпорынның құрылысы мен іске қосылуы туралы баяндалған бейнеролик көрсетілді. Әсерлі кадрлардың ар жағында инженерлердің, құрылысшылардың, металлургтердің, жалпы көптеген маманның ерен еңбегі жатыр. Олар бұл ауқымды жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асырды.

Кәсіпорында заманауи технологияларға ерекше көңіл бөлінген. Қолданылып отырған гидрометаллургиялық әдіс металды өндіру тиімділігін едәуір арттырып, өндірістің экологиялық қауіпсіз әрі технологиялық тұрғыдан озық болуына мүмкіндік береді.

Асайын Байханов инвестор-ларға өңірге сенім білдіріп, жобаны жауапкершілікпен жүзеге асырғандары үшін алғыс айтып, кәсіпорын ұжымына тұрақты жұмыс, кәсіби табыс пен жаңа өндірістік жетістіктер тіледі.

Өз тілшіміз.