Ұлт басына төнген ең қанды нәубеттердің бірі – Кеңес үкіметінің саяси-тоталитарлық жүйесі ұйымдастырған қазақ зиялылары мен ұлт көшбасшыларын жаппай жоюға бағытталған саяси қуғын-сүргін науқаны. Қазақта осы саяси репрессияның жалыны шарпымаған әулет аз. Мысалы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, жерлесіміз Жамбыл Артықбаевтың әкесі Омар Артықбайұлы да «Халық жауы» атанып, бірнеше мәрте сотталған, ауыр жаза өтеген. Жақында профессормен хабарласып, әкесінің тауқыметті тағдыры және қазақ даласында орын алған саяси ойран жайлы әңгімелестік.
– Жамбыл Омарұлы, әкеңіз Омар Артықбаев туралы айтпас бұрын аштық пен саяси репрессияның зардабы жайлы өзіңіздің деректеріңізбен бөліссеңіз…
– Кеңес үкіметі мемлекетті репрессия арқылы басқарған. Яғни, мемлекеттің әуелгі басқару құралы – үркіту, қорқыту, оған көнбегендерді қыру болды. Бұл – ауыр ақиқат. Мұны кеңес тарихы да бүркемеледі, қазіргі Ресей тарихшылары да жасырып айтпайды. Анығын айтар болсақ, КСРО тек респрессиялық тәсілдерге ғана сүйеніп, мемлекет болған. Кезінде Лениннің өзінің әскер басыларына жіберген хаттарын қарасаңыз, соған көзіңіз жетеді. Мұжықтардың, казактардың қатысуымен қандай да бір наразылық, көтерілістер бола қалса, жүз адамды таңдап алып, ішінен бай-ауқаттыларын жұрттың алдында атып отырыңдар дейді. Бізге репрессия Совет өкіметімен бірге келді ғой. Әсіресе, 1921 жылдан кейін соңына әскер ертетін, ел-жұртқа сөзі өтетін бас көтерер азаматтардың бәрін өлтіріп отырды. Содан бастап 1951 жылға дейін жалғасты. Ал 1937-1938 жылдардың көп айтылу себебі, ол кезде ең үлкен террор болды. Ондай жаппай террорлар 1947-51 жылдар аралығында да орын алған. Жалпы, қазіргі тарихшылар 25 мың адам атылды деген дерек айтады ғой. Менің ойымша репрессия құрбандарының саны одан төрт есеге дейін көп, яғни, 100 мыңға жуық адамның көзін құртқан деуге болады. Ал ашаршылыққа оралар болсақ, Кеңестік жүйе қазақтың қақ жартысын қыруға тырысты. Жалпы, бұл қазақтарды азайту мәселесі Қазақ мемлекеті Ресейге қосылмас бұрын солардың идеологтарының аузымен айтылып жүрді. Бұл сонымен қатар, татар, башқұрт, ноғай сынды мұсылман түркі тектес халықтарына қатысты саясат болатын. Бұл сонау 1730 жылдары Астрахань генерал-губернаторының император Анна Иоанновнаға жазған хатында айтылады. Сондықтан аштықтан біздің халықтың жартысы қырылды. Содан кейін барып олар тоқтатты.
– Сіздің әкеңіз де осы саяси репрессия құрығына ілініп, бірнеше рет сотталған екен. Көп деректерді өз аузынан жазып алған боларсыз?
– Біздің әкелеріміздің қалыпты өмірінің астан-кестеңін шығарған Қазан төңкерісі туралы аз жазылған жоқ, бірақ менің әкемінің өмір тіршілігі ХХ ғасыр тарихын саралауға құнды дерек сияқты болды. Cондықтан осындай қарапайым адамдардың тағдыры тарихтың өзегі болуы тиіс деп ойладым. Мен өзімнің шығармашылық өмірімде ғылыми және ғылыми көпшілік тақырыптарда бірталай кітап жаздым. Әкем туралы жаза қоямын деген ой болған жоқ. Себебі, ол кісі қазақтың қарапайым азаматы болатын. Бала кезімде әкемнен «біздің аталарымыз кедей болды ма, бай болды ма?» деп сұраушы едім, сол кезде әкем «байға белін бастырмаған орташа болды» дейтін. Сол сияқты әкем де орташа тіршілік кешті, үлкен қызмет те атқарған жоқ, атағы шыққан бай да болған жоқ. Менің әкем Алаш қайраткері болған жоқ, бірақ ұлтын сүйетін адам еді. Әкейдің адам сияқты өмір сүруге, тексіз жүйеге құл болмауға тырысып жанталасқаны 1937, 1947 жылдардағы іс қағаздарынан көрінеді. Иә, көп деректерді әкемнің өзінің аузынан жазып алдым.
– Ендеше, сіздің ата-бабаларыңыз қай өңірді мекен еткен, әкеңіз Омар Артықбаев қай өңірде туып-өскен? Сол туралы айтсаңыз…
– Әкеміз Омар 1908 жылы туыпты, өзі Мешін жылғымын дейтін. Артықбай атамыздың кенжесі болады. Әкесі қайтыс болғанда он төрт жаста екен. Әуел баста біздің аталарымыз Сыр бойында, одан арғы Жиделібайсында қыстап, жазда Сарыарқаға келеді екен. «Ақтабан шұбырындыдан» кейін, ХVІІІ ғасырдың 30 жылдарында Ұлытауда біраз уақыт қыстаған болса керек, одан Баян маңына біржолата келіп тұрақтапты, содан бастап жазда Қызылжарға дейін барады екен. Біздің әкелеріміздің бала кезінде өріс азайып Ақжар маңындағы Топай деген жерде қыстап, Шідертінің бойын жайлап жүріпті. Боранбай бабамыз қайтыс болғаннан кейін ұлдары Шідерті өзенінің оң жағалауындағы Қандыадырға қоныстаныпты. Қандыадыр екіге бөлінеді, бір – Жақсы Қандыадыр, бірі – Жаман Қандыадыр. Біздің ескі қыстауымыз – Жаман Қандыадырда. Қандыадыр талай қиян-кескі соғысты көрген жер-ау деймін, себебі, сол жерге жақын атақты Шүршітқырған атты төбе бар. Бұл — 1756 жылғы қазақ-қытай соғысының куәсі. Ал Қазіргі Қарағанды аумағындағы Жаңақалаға 1930 жылдары колхоз құрылысы кезінде қоныстана бастаған. Әкей өзінің анкеталарында ылғи да туған ауылым деп Жаңақаланы көрсетеді. Өзінің бір жазбасында: «1930 жылы біздің №7 ауылда «Жаңақала» колхозы ұйымдастырылып, мен сол колхозға мүше болып кірдім» деген мәлімет бар. Шын мәнінде нағыз туған жері — Шідерті өзенінің жоғары жағына қарай орналасқан Қандыадыр деген төбе. Әкейдің №7 ауыл деп отырған ауылы патша заманында Павлодар уезі Ақкелін болысына қараған, оған Қандыадыр да, Сұрқақтаған да кірген. Совет үкіметі тұсында Ақкелін болысының біздің ауыл жақ шеті Қарағандыға қарап қалды.
– Сіздердің әулеттеріңіз аштықтан қалай аман қалды?
– 1928 жылы кәмпеске басталады. Қазақ шаруашылығын тас-талқан қылған Совет үкіметінің бұл шарасын сол кездегі даңғаза идеология «ұлы кәмпеске» деп те атайды. Біздің әкей «үкімет осы жылы орнады» дейтін, яғни оған дейін қазақ ауылы Советтік тексіз жүйенің қыспағын онша сезе қоймай, өз бетімен өмір сүрсе керек. Колхоз орнаған кезде біздің әулет негізінен Қандыадырда, Сәрсенбай атамыз – Қаракөлде болған. Елдің ашыға бастаған кезі, бүкіл малды тартып алып орталыққа жіберген, аш адамдар ит пен мысыққа дейін жей бастайды. Әкей біздің ауылда өмір сүрген кейбір адамдарды атап, солардың далада үлкен ақ итті сойып жеп отырғанын көрдім дейтін. 1930 жылы күзде болуы керек, біздің әулеттің қысқа соямыз деп семіртіп отырған соғымдарын ұрлап кетіпті. 1931 жыл аштық пен жоқшылық күшейе түсті. Бірақ ел ол кезде орнынан қозғалған жоқ, бұрынғы қорларының арқасында амалдап жүрді. Одан әрі де амалдап жүрер ме еді, осы кезде шолақ белсенділер аса күшейіп кетпесе. Жаңақала колхозының билігін Қаржас ішіндегі Құл деген атадан тарайтын бір топ белсенді, біз құлдардың тұқымымыз деп, алып алады. Осылардыің ішінде Нықыш деген қолдарындағы жарты уыс бидайын тартып алып елге күн көрсетпеді деуші еді үлкендер. 1932 жылы көктемде, аштық тіпті күшейіп, ел тышқан аулап, жуа теріп кеткен соң біздің әулет амалсыз «Севкрайға» көшеді. Әуелі Қандыадырдан Анар станциясына келеді. Сол жерде поезға билет алып, перронның жанында қостарын тігіп, тамақтарын пісіріп, сығандар сияқты жатады. Сөйтіп жүргенде поезд өтіп кетеді. Содан барлығы жылап-сықтап вокзал бастығына барыпты. Ол келесі поезға салып жібереді. Осылайша бұлар қайыршы сияқты, қолдарында боқшаларынан басқа ештеңе жоқ, Омбыға жетеді. Омбыға жеткен соң әкеміз өзгелермен бірге теміржолға кіріп жұртпен бірге еңбек ете бастайды. «Орыстармен көбінесе мен араластым, Қара Иван деген досым болды» дейтін. Барған бетте Омбы-Петропавл темір жолына қатар линия салынып, жұмысқа тұрыпты. Шпал тасу, құм тасу, т.б. жұмыстар істейді. Әуел баста жағдайлары ауыр болыпты. Кейін ақырындап күн көріс жинап, ұсақ-түйек айырбас жасап, жағдайларын жасайды. Сонымен, естерін жинап, тіршіліктерін аздап реттеп алып, аштық басылды деген хабар келген соң 1934 жылдары елге жылжиды.
– Сіздің әкеңіз алғаш қашан «Халық жауы» деп танылды?
– Біздің әулет 1937 жылы шілде айында Жолымбет (қазіргі Шортандының аумағы) руднигіне келіп орнығады. Біздің әкей Жолымбетке келген соң рудниктің құрылыс бөліміне жұмысқа тұрады. Өзінің жазған өмірбаянында «работал в стройотделе возщиком» дейді. Осы қызмет әкейдің 1937 жылы қыркүйек айында бірінші рет сотталуына себеп болған. Мен әкейдің 1937 жылғы сотталуы туралы мұрағаттардан «қылмыстық ісін» таба алмадым, іздеу барысында тек кейбір деректер ғана анықталды. 1937 жылы ұсталуын НКВД-да тергеуде отырып әкейдің өзі былай түсіндіреді: «1937 жылдың қыркүйек айында өз атыммен Ақмола қаласына екі жұмысшыны алып келдім, олардың фамилияларын есіме түсіре алмаймын. Ақмола қаласына келген кезде мені НКВД органдары ұстап, 72 немесе 162-бап
бойынша айып тақты, нақтысын білмеймін. Кейін НКВД-ның үштігі мені 3 жылға бас бостандығымнан айыруға үкім шығарып, жазаны өтеу үшін Қарағанды облысы Долинка ауылындағы НКВД-ның КарЛагына жіберді». Ал шешей «жолда күзет тоқтатқанда әкеңнің қалтасында аздаған ақша мен аттың кісені болыпты сол үшін ұстапты» дейтін. Комитеттің іс қағаздарында әкейдің бірінші рет қамалуына қатысты былай деп жазылған «25.УІІ.37г. Задержан без определенных занятий и неимеющий постоянного места жительства»; 1.ІХ.37 г. Задержан при скупке краденных вещей по статье 164 УК в. г.Акмолинске. Осужден тройкой НКВД КССР, как С.В.Э. на три года». «С.В.Э» деген абревиатура нені білдіреді десем, «социально-вредный элемент» деген сөз екен, яғни қоғамға қауіпті адам. Сонымен үш жыл қамауда болып, 1940 жылы соғыстың алдында босап шықты. Бірақ бұл қуанышы ұзаққа созылған жоқ. 1947 жылы біздің үш әкеміз де ұсталды. Әкемнің іс қағаздарынан НКВД-ның ұйымдасқан антисоветтік топты әшкерелеу мақсаты болғаны және бүкіл істі сол бағытта әдейі ұйымдастырғаны көрінеді. Ал енді Әмір мен Темірғали әкелеріміз ұсақ-түйек саудамен көзге түсіп жүрген де, көре алмастар үстерінен арыз бергенге ұқсайды. 1947 жылы бүкіл КСРО аумағында репрессияның жаңа толқыны басталғаны бәрімізге мәлім. Алысқа бармай-ақ, қазақтың кәсіби тарих ғылымының негізін салған Е.Бекмахановтың тағдыры осыған мысал бола алады. 1947 жылдың 6 шілдесінде әкейді Ақмолаға әкеліп, НКВД-ның Ішкі түрмесіне қайтадан тықты. 1947 жылдың 22 шілдесінде тергеуші, капитан Какижанов жазған «Айыптау қорытындысы» дайын болды. 11 тамызда Ақмола облыстық сотының Сот коллегиясы әкейді 10 жылға халық жауы ретінде соттау және одан кейін 3 жыл құқықтарынан айыру туралы шешім шығарды. Әкей өзіне тағылған айыпты сотта мойындаған жоқ және 1947 жылдың 12 тамызында Қазақстан Жоғарғы сотына шағым арыз береді. Бірақ ол арызы аяқсыз қалды. Осыдан бастап әкей өмірінің лагерьлік кезеңі екінші рет жалғасты, яғни 1937-1940 жылдар Карлагтағы бірінші кезең, одан кейін тағы да Карлаг, ол Иркутлагпен аяқталған. Иркутлагтың Ангара қаласындағы Китой ИТЛ деп аталатын мекемеден (исправительно-трудовой лагерь) Сталин өлген соң, 1953 жылдың 15 тамызында босады. Әкей ресми түрде КСРО Жоғарғы сотының Пленумының шешімімен 1989 жылдың 20 қыркүйегінде ақталды. Бұл хабар бізге жеткен жоқ. Тіпті, ол ақтау қағаздың керегі де жоқ еді. Себебі, әкем 1989 жылы 27 қарашада қайтыс болды.
– Бұл жерде белсенді адамдарды халық жауы етіп жоғары жаққа көрсететіндердің көбі өз араларында жүрген адамдар дейді ғой. Әкеңізге сатқындық жасағандар кім екен?
– Шешеміз әкемізді көрсеткен көрші Тілеубек деген адам дейтін. Ісқағаздарда басты куәлердің бірі Дулатов Тілеубек делінеді. Өзінің 1947 жылы 30 наурызда берген куәліктерінде Артықбаев, Омармен көрші екендіктерін, шық-
қан тектерінің ауқатты екенін жазады: «Артықбаевпен көрші отырып олардың молдамен жақын екенін білдім. 1946 жылы Құрбан айты келгенде Мақанов, Артықбаев тағы басқалар «Дінді бір көтерейік, Құрбан айтына қарсы мал шалайық, бұлар — бізге мұсылманның міндеті» деп жариялады». Міне, біздің құдайы көршіміз осындай куәлік берген ғой. Сол Тілеубектің шешесі, байғұс, әкеміз «халық жауы» болып сотталғанда ұстап берген адамды «лағынет атсын», «бала-шағаңның қызығын көрме» деп қарғайды екен. Енді баласының сатқындық жасап, жоғарыға көрсетіп бергенін қайдан білсін?! Әкейді ұстардың алдында ғана солар біздің үйде болыпты. Куәлердің арасында тағы бірнеше адам бар. Олардың көрсеткенін әкей Ақмоладағы тергеу кезінде мойындамайды. Ал Алматыға барғанда куәлерді де шақыртқан ғой, шешей көрсеткен адамдарды сонда бір-ақ білдік дейтін. Куәлердің арасында «Артықбаев Омардың ешқандай советке қарсы ісін көргем жоқ, сөзін естігем жоқ» деп адалдықтан таймағандары да бар. Қай заманда да арлы адамдар болған ғой. Жалпы, сол қарсы куәлік берген адамдар НКВД-дан қорықты ғой деп те ойлаймын. Себебі, олар солай қорқытып жазғызуы да мүмкін.
– Әкеңіздің басқа ұлы тұлғалармен байланысы болды ма?
– Мен біраз жыл бұрын әкем туралы кітап шығардым. Сол кітап баспадан өткен соң тағы тың деректер жолықты. Енді сонымен бөліссем. 1937 жылдарға дейін Жолымбеттің техникалық директоры Герберт Ким деген кәріс азаматы болыпты. Өзі Колумбияда білім алыпты. Әкем екеуі бірге жұмыс істеген. Алдымен осы кісі, одан кейін менің әкем кеткен. Оны айтып отырғаным, әкелері Корея парламентін ұйымдастырған мемлекет қайраткері екен. Жалпы өндіріс маңайындағы адамдарды ұстау операциясы Мәскеуде басталыпты. Негізі, барлығы — өндіріске қажет болғанда өздері шақырып алған мамандар кезінде. Осылай өндіріс орындарын құртты. Кейін мен сол Герберт Кимнің қызының шақыруымен Кореяға арнайы барып келдім. Екінші бір дерек, Лев Гумилевтің «Маған түрік тілін Омар үйретті» деген сөзі бар. Бірақ мұны кейбір зерттеушілер Олжас Сүлейсеновтің әкесі болуы мүмкін депті. Негізі ол менің әкем сияқты. Неге десеңіз, біздің әкеймен Гумилевтің жастары қатар. Екіншіден, әкей екеуі Карлагта бірге болған екен. Бұл туралы құжаттар бар.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан — Тілеуберді Сахаба.
