Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан мүгедектігі бар азаматтардың өмір сапасын жақсарту және олардың еркін жүріп-тұруына жағдай жасау мақсатында түрлі әлеуметтік қызметтер көрсетілуде. Соның ішінде инватакси қызметінің маңызы зор. Мұндай қолдаудың арқасында жарымжан жандар емхана, жұмыс орны және өзге де қажетті мекенжайларға қауіпсіз әрі тез жете алады. Алайда көпшілік арасында инватакси қызметін кімдер пайдалана алатыны, оның көмегіне жүгіну үшін қандай құжаттар керек екені туралы сұрақтар жиі туындайды. Осыған орай инватакси қызметінің тәртібі мен мүмкіндіктері жөнінде білу үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Зоя Павловна Морозовамен сұхбаттасқан едік.
– Зоя Павловна, облысымызда инватакси қызметін кімдер пайдалана алады және оған қол жеткізу үшін қандай құжаттар талап етіледі?
– Елімізде ерекше күтімді қажет ететін жандарға жайлы жағдай жасауға баса назар аударылуда. Осы мақсатта мүгедектігі бар адамдарды тасымал-
дау үшін инватакси қызметі көрсетіліп келеді. Мұндай көмекке қол жеткізу үшін міндетті түрде дәрігерлік–консультация-
лық комиссияның қорытындысы қажет болады. Сол арқылы ғана азаматтар инватакси қызметін қажет ететіндігін растай алады.
Атап өтерлігі, бұл арнайы көліктермен тасымалдау қызметі ең алдымен жұмыс істейтін, білім беру мекемелерінде оқитын, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілері болып табылатын мүгедектігі бар адамдарға көрсетіледі. Осы орайда олардың жұмыс уақыты, сабақ кестесі ескеріледі, яғни соған сәйкес инватакси жіберіледі. Ал өзге де мүгедектігі бар адамдар бұл көліктің көмегіне жүгіну үшін өтініш беруі тиіс. Сол бойынша қажетті қызмет ұсынылады.
– Жарымжан жандар инватакси қызметін кез келген мақсатқа сұрауға құқылы ма? Әлде белгілі бір шектеу бар ма?
– Әрине, мүгедектігі бар азаматтар арнайы көліктерді нағыз қажеттілігіне ғана пайдалануға құқылы. Нақтырақ айтқанда, бұл бағыттағы қызмет Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің №859 бұйрығы бойынша бекітілген нысандар мен бару пункттерінің тізбесіне сәйкес көрсетіледі. Атап өтер болсақ, мүгедектігі бар адамдар инватаксилерді жұмыс орындарына, білім ордаларына, әкімдіктерге, құқық қорғау органдарына, әлеуметтік қызметтер көрсететін нысандарға, заңгерлік кеңес беру мекемелеріне, нотариустарға, медициналық ұйымдарға, әуежайларға, теміржол мен автовокзалдарға, теңіз және өзен порттарына баруы үшін ғана пайдалана алады. Осы айтылғандардан басқа мақсатқа берілмейді.
– Мұндай көліктер жеткілікті ме және оларға қандай талаптар қойылады?
– Негізі, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру кезінде көлік санына қойылатын талаптар техникалық ерекшелікпен айқындалатынын атап өткім келеді. Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан инватакси қызметін Әлеуметтік қызметтер порталына көшіру жоспарланып отыр. Ал инватакси қызметін жеткізуші ретінде Әлеуметтік қызметтер порталына тіркеу үшін кемінде 10 автокөліктің болуы талап етіледі. Оның ішінде кемінде 1 көлік арнайы жабдықталған болуы тиіс. Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға өтінімдер инватакси қызметінің диспетчері арқылы бір тәулік бұрын қабылданатынын да айта кеткен жөн.
Осылайша, бұл бағыттағы жұмыстар жетілдірілуде.
– Инватакси қызметіне бөлінетін қаржы жеткілікті ме? Бұл мақсатқа қанша қаражат бөлінді?
– Жыл сайын мүгедектігі бар адамдардың инватакси қызметіне қажеттілігін айқындауға арналған жұмыстар жүргізіледі. Олардың сұранысына қарай, яғни дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындылары бойынша азаматтардан түскен өтініштер негізінде қалалардың әкімдіктері қосымша қаражат қарастырады. Мәселен, 2025 жылы инватакси қызметіне 3 қала бойынша 233,1 млн теңге, ал 2026 жылы
235,6 млн теңге бөлінді.
– Инватакси қызметі ауылдық жерлерде қолжетімді ме? Егер жоқ болса, аталған мәселені шешуге бола ма?
– Қазіргі таңда облысқа қарасты аудандарда инватакси қызметі көрсетілмейді. Бірақ аудан әкімдіктері мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметін көрсету үшін әлеуетті жеткізушілерді іздеу және тарту жұмыстарын жүргізуде.
Айта кетерлігі, 2022 жылы Май ауданында инватакси қызметі ұйым-дастырылған болатын. Алайда мүгедектігі бар адамдар арасында ол көлікке сұраныс болған жоқ.
– Павлодарлық студенттер инватаксиді онлайн шақыру жобасын жасап жатқанын естіп едік. Бұл жобаға басқарма тара-пынан қызығушылық болды ма екен?
– Иә, Торайғыров университетінің студенттері инватакси қызметін жеткізушілерге арналған қосымша әзірледі. Жаңа жоба өте қызықты болып шықты. Қазіргі уақытта оны жетілдіру, әрі қарай жұмыс істеуіне қажетті жағдайлар жасау және мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялау бағытында бірлескен іс-шаралар жүргізілуде.
Аталған қосымша Ақсу қаласының инватакси қызметін жеткізуші ұйымында апробациядан өтті. Жобаның тиімді тұстарын байқадық. Сол үшін біздің басқарма тарапынан оны әзірлеушілерге мүмкіндігімізге сай қажетті қолдау көрсетілетін болады.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан — Нұржайна ШОДЫР.
